ДАЛАНЫҢ ДАНА ДИҚАНЫ

128

0

ДАЛАНЫҢ ДАНА ДИҚАНЫЖақсы адам күннің жарығы сияқты бүкіл адамзатқа ортақ қазына, ортақ құндылық. Жақсы адам – ортамызда ағып жатқан дария-өзен. Оның суы дария-өзен бойын мекендеген бүкіл халықтың, жан-жануардың, өсімдік әлемінің қуат көзі, өзегі, нәрі, тіршілігі, өмірі. Ол ешкімді де, ешнәрсені де таңдамайды, талғамайды, алаламайды, құлаламайды, аға береді, аға береді. Жақсы ма, жаман ба, адал ма, арам ба, пайдалы ма, зиянды ма, зұлым ба, жыртқыш па, арамшөп пе, бәрібір емізе береді, емізе береді. Оның парызы, қарызы, табиғи, тарихи міндеті, тағдырдан алған тапсырмасы осындай. Жақаев та сол санаулы, таңбалы, танымал жақсылардың бірі. Еңбек әлемнің әміршісі болса, Ыбекең еңбектің әміршісі болды. Егер Жақаевты жақсы білсеңіз, терең түсінсеңіз, қадіріне жетсеңіз, сыйласаңыз, пір тұтсаңыз, жақсы көрсеңіз, сіздің де «менің Жақаевым» деуіңізге болады. Жақаевтың шапағаты, жақсылығы, қадір-қасиеті, еңбек сүйгіштігі, өмірі, өнегесі, үлгісі, ұлағаты бәрімізге де жетеді.
Ыбырай Жақаев – қазақ халқының, бұрынғы, қазіргі мемлекетіміздің тарихындағы ірі, іргелі тұлғалардың бірі. Еңбек сүйгіштіктің, адамдықтың, адалдықтың, азаматтықтың өлшемі.
Ыбекеңді айтқанда, Шығанақ Бер¬сиевті, Жазылбек Қуанышбаевты, Нұрмолда Алдабергеновті бірге атағанымыз орынды ғой деп ойлаймын. Бұл төртеуі де – еңбектің ерлері, тағдырлас, замандас, жұлдыздас, қазақтың беделі мен берекесін, абыройы мен атағын арттыру үшін жаралған жандар. Халқымызға, елімізге тарихтың, уақыттың, тартқан сыйы. Олар қазақтың атын бүкіл әлемге танытты, мойындатты, мәртебесін өсірді, абыройын асқақтатты. Ыбырай Жақаев пен Шығанақ Берсиев дүниежүзілік рекорд жасап, тағдырлас болды, жұлдыздары бірге жанды. Ыбекең, Жазекең, Нұрекеңдер екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Көздерінің тірісінде туған жерлерінде тас мүсіндері мәңгілікке аманат етілді.
Ыбекең мен Жазекеңнің арасындағы түсіністік, тілектестік, ілтипат, сыйластық, достық бірге туғаннан да артық, елге өнеге, үлгі бо¬лар¬лық екі ұлы адамның ұла¬ғатты, шынайы, жарқын да жарасымды достығы еді.
…Кезінде Жазекең Ыбекеңе інілік жолмен сәлем беріп те, көңілін сұрап та келетін. Ал 1981 жылы Ыбекең тоқсанға таяп қайтыс болғанда, Жазекең ағасын соңғы сапарға шығарып салуға да келді. Ата жолымен алыстан көлігінен түсіп, жаяу «ой, бауырымдап» зор дауысымен езіліп, егіліп, жылап елді елең еткізген-ді.
Сол кезде Жазекеңнің жасы 85-те екен. Ыбекеңнің қазасын есіткенде: «Барамын, бармасам болмайды, өз қолыммен бір уыс топырақ саламын, ол – менің ағамның аруағы алдындағы соңғы парызым. Егер денсаулығым жарамайды десеңдер, азары Ыбекеңнің қасына жатармын. Қазақтың кез келген жері бәріміздің де туған топырағымыз емес пе?» деген екен жарықтық.
Бұдан кейін қандай әңгіме болуы мүмкін, аупарткомның бірінші хатшысы Жазекеңнің көлігін дайындап, жолға шығарып салыпты. Түркістаннан өтіп, Қызылорданың шекарасына кіргені сол-ақ екен, Жазекең көз жасына ие бола алмайды. «Алдымдағы ақылшым еді, ағам еді, данам еді, деп сай сүйегімізді сырқыратар сөзбен жоқтауын үнсіз тың¬дадым да отырдым» дейді жолсерігі болған жігіт.
Міне, Ыбекең мен Жазекеңнің ұлы достығы жөнінде Асқар Тоқмағамбетов:
«Кездесті, міне, солай екі батыр,
Боп қалды қосылғандай екі ғасыр,
Бірі тау, бірі теңіз секілденіп.
Екеуі жұбын жазбай келе жатыр», – деп шабыттана жырлайды.
Ыбекең, Шықаң, Жазекең, Нұрекең – «Диқан ата», «Шопан ата», «Дала академигі» – ХХ ғасырдың нағыз еңбек тарландары. Еліміздің тарихында осы төрт шалдың алар орны ерекше. Бұл шалдар – өмірдің өзінен оқығандар, алындағы қариялардан көргенін, естігенін көкірегіне тоқығандар, осы мол мұраны кейінгілерге кемеңгерлікпен қалдырғандар. Бұл шалдар – өмірі асып-тасуды білмеген, елден асып өмір сүрмеген, дүниенің бар кілті еңбекте ғана екенін өзінен бастап, өзгеге де ұқтырып кеткен ұлы жандар.
Жаратқан иемнің шеберлігіне қалай шек келтірерсің, бір-біріне деген аумайтын ұқсастық тұла бойларында тұнып тұр. Бәрінің де пейілдері даладай, атымтай жомарт, қолдары ашық, сауатсыз, оқымаған, мамандықтары жалшылық, туа талант, құдайдың үйе салған төбелері ғой. Бұлар энциклопедия бетінен мәңгі түспейтін қазақтың мықтылары. Олар халық жүрегіне өшпестей болып жазылып, ұлттың тарихына, ұлттың мақтанышына, ұлттың беткеұстар эталондық үлгісіне, ұлттың туына, ұранына айналған тұлғалар.
Еңбек майданының әйгілі майталманы, талдықорғандық айтулы азамат, ұлты поляк Н.И.Головацкий:
– Біз бес ағайындымыз, – деп марқаяды екен.
– Бауырларыңызды атаңызшы, – дегенге:
– Олар: Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев, Ыбырай Жақаев, Жазылбек Қуанышбаев, Нұрмолда Алдабергенов және мен. Өйткені, біздердің бәріміз де екі мәртеден Социалистік Еңбек Ері атағын алып, омырауымызға қос жұл¬дызды жарқырата таққанбыз, – дейді.
Міне, мақтауды мүлде білмейтін, артық сөзге әсте жоқ, тек ірі, іргелі істің ғана адамының жүрекжарды ілтипаты бұл. Расында, оның айтып тұрғаны айдай ақиқат. Қасиетті қазақ жерінің осынау алып¬тарын өшпес даңққа бөлеген, оларды таныстырған, табыстырған, туыс еткен – жоғары мәртебелі құдіретті, киелі – Еңбек!
Иә, Ыбырай Жақаев – дән патшасы, ақ күріштің атасы, жақаевшылар маршалы, дала академигі, диқандардың пірі. Жа¬қаев өзінің өшпес тарихын кетпенмен, термен жазған, бірнеше ғасырда дүниеге бір-ақ келетін адам.
Ұлы Отан соғысының жеңісінен кейінгі үш жыл қатарынан әлем жұртшы¬лығының еріксіз таңдайларын қаққызды, 1945 жылы күріштің әр гектарынан – 156 центнерден, 1946 жылы – 160, 1947 жылы 171 центнерден өнім жинап, дүниежүзілік рекорд жасады.
Қазақтың қара шалының далалық дана ақыл-ойымен, бойындағы Алланың шапағаты, сыйы – жойқын күш-жігерімен, киелі, күректей қолымен, кәрі бәйтеректің жер бетіне шығып кеткен тамырындай салалы саусақтарымен, қа¬ра кетпенмен қара жерді қарс айырып жасаған бұл рекорды бүкіл әлемді таңдандырды, таңғалдырды. Бұл рекорд өркениетке, озық технологияға, білімге, ғылымға бізден әлдеқайда бұрын жеткен жапондықтардың жағасын ұстатты, кәрістерді қайран қалдырды.
…Олар сенбеді, Кеңес Одағына сенімсіздікпен қарады. Тексеру де тексеру, комиссия да комиссия. Ал Ыбекең: «Басымды қатырып, мені кеңсеге неге шақыра бересіңдер түге, жер әне, су әне, өнім әне, тексере беріңдер» деп Бибажарын (әйелі) аттың артына мінгестіріп алып, Айманкүлдің дауысын, Нартайдың сыңғырлаған әнін сағындым деді де, көрші ауылға кете барды. Нартайы – Нартай, ал Айманкүлі – қазақ поэзиясының айтулы қара нары, ақын Ә.Тәжібаевтың анасы.
1957 жылы 65 жастағы Жақаевты колхозшылар сыртынан құжат толтырып, жоғары жақпен келісіп, колхозға төраға етіп сайлайды. Ыбекең барынша қарсылық білдіреді, бармаған жері, баспаған тауы қалмайды, ақырында Шаяхметовке дейін барып, бастық деген пәледен әрең құтылады.
Ыбекеңнің тарихи тағдыры – диқангершілік, пешенесіне ұлы Диқан ата болу жазылған. Ыбекең рекорд қалай туды де¬гендерге алдымен еңбек, содан соң еңбек,тағы да еңбек деп жауап береді.
Жазмыштан озмыш жоқ, озудың да тіптен қажеті жоқ… Ыбекең сом денелі, әр саусағы қамшының сабындай, қорғасыннан құйылғандай өте қайратты, қарулы кісі болатын. Жастау кезінде бірнеше ас, тойларда күрестерге қатысып, белдескенін жыққан, жауырыны жерге тимеген кісі. «Ыбырай жүгіргенде жер дүрсілдейді» дейді екен әкесі.
Ыбекең сабырлы, салмақты, ұстамды, ашудың емес, ақылдың адамы, даудың емес, мәміленің адамы еді. Сөзге сараң, билік айтуға талпынбайтын, таласпайтын, көп көріп, көңілге түйгені мол болса да, ақылгөйсінбейтін, сыр аша, сыр шаша бермейтін тұйық, жұмбақ тұлға-тын. Сөздің емес, жасампаз істің адамы. Ыбекең жөнінде қалам тартпаған, пікір айтпаған сол заманда қазақ зиялысы жоқ десек, соның бірі, бірегейі Әбділда Тәжібаев:
Ағатай!
Кешегі көшпелі қазақ баласы ең
үстінде туған ырғала басқан түйенің.
Бүкіл дүниеге даңқы тараған
Диқан атамсың,
Сүйенерімсің, сүйерім.
Топырақтың, судың, жарықтың
Сырына қанық киелім.
Мен бүгін сексенге келген тойыңда
Ақ қырау басқан,
Аздап шаршаған басымды
Алдыңа келіп иемін.
Қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқанов өзінің «Сырдария» романын жазу үстінде Ыбырай Жақаевтың үйінде үш айдан астам жатып, атақты шығармасының бас кейіпкері ретінде дала академигінің мінез-құлқын, бітім-болмысын, өмір салтын зерделей зерттеген. Екеуінің арасында айтылмаған сыр, шертілмеген шежіре қалмаған. Ақыр со¬ңында әде¬биет алыбы мен даңғайыр диқан сыйлас, сырлас, қимас дос болып кеткен.
Ыбырай Жақаевтың «дала академигі» атануына бірден-бір күш салған да – осы Сәбит Мұқанов.
Ыбекең үлкен жиындарға жиі қатысып, ұзақ оты¬руға әбден үйренген. Шыдамдылығы соншалықты, жиын президиумдарында күн ұзақ тапжылмай, қимылсыз отыратын-ды. «Тек көзін жыпылықтатқанынан ғана тірі адам дерсің немесе құтты тас мүсін еді ғой», – дейтін білетін кісілер. Өзінің бір басынан асып-төгіліп жатқан атақ-даңқты жеке басына пайдаланған жан емес, қарапайым ел қатарлы тұрмыс құрды. Ол кісінің қарапайымдылығы мен кең пейілділігін замандастары былай сипаттайтын еді: «Халықта: «Пейілі тар адамның ішінен қыл айналмайды деген сөз бар, ал біздің Ыбекеңнің кең пейілділігі сонша ішінен ат ер-тұрманымен айналады», дейтін. Ыбекең ерте көктемде егіс басына көшіп барып, күзде күрішін жиып-теріп, елге бір-ақ қайтатын».
Ыбекең күріштің ішінен шықпайтын. Күріштік – ол үшін бұл дүниенің пейіші. Жерді өзі таңдайды, арық-жап, су жолдарын, атыздарын өзі белгілейді, өзі қазады, қаздырады, өзі соғады, соқтырады. Өзі жер, су инженері, бәрін біледі, оқымай-тоқыған. Жердің тұздылығын тілімен анықтайды. Бір өзі – бір лаборатория. Күрішті қолмен сеуіп, су жіберер кезде бірер қап күрішті құлақтардың сағасына тастайды, атыздағы күрішпен бірге ол да бөртіп, өсіп жатады. Кейін оны күріш көшкен, сирек шыққан жерлерге, атыз жиектеріне қолдап орналастыратын.
Күріш су бетіне шыққан кезде жиі өскен жердің дақылын сирек тұсқа көшеттейтін, ол кісінің күріш атыздарында алақандай жер де бос болмайтын. Төбеден қарасаң жер көрінбейді, жанынан қарасаң оқ өтпейді.
«Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» дегендей, адам қан¬шалықты күшті, құдіретті болға¬нымен, ол өз шыңына шығу үшін оған соншалықты көптеген қолдаушылар, жәрдемшілер, көмекшілер, кеңесшілер, тілеушілер, бапкерлер керек. Ыбекеңе тағдыр осының бәрін оңынан кездестірді, әсіресе, Ыбекеңнің өмірлік бри¬гадирі Қойшыбай Оразымбетов пен білгір, ғалым, жаңашыл агроном Әнес Алтынбековтердің еңбегі ерекше. Күріш жөніндегі ғылымды дамытуда, тәжірибені жетілдіруде, агротехниканы қалыптастыруда Ыбекеңнің, Әнекеңнің, Қойшыкеңнің бірігіп атқарған жұмыстары бір ғылыми институттың қызметіне пара-пар.
Ыбекеңнің шәкірттері көп, күріштен еңбегі жанып, бақытын тапқан азаматтар, бүкіл республика күрішшілері – Ыбекеңнің шәкірттері. Ыбекеңнің құтты жолымен, өркен жайған өнегесімен, тәрбие деген тәңірімен, ақ батасымен облыстағы 91 Социалистік Еңбек Ерінің 35-і Шиелі ауданынан тәрбиеленіп шықты.
Дүние жүзі халықтарының 2/3 бөлігі күріш¬пен тамақтанады. Сыр бойы халқы да күрішті ардақтайды, аялайды, «күміс күріш», «Сыр сұлуы», «Сыр аруы», «Сыр маржаны», «алтын дән», «ақ маржан» деп әнге қосады. Ежелгі Күн¬шығыс елдерінде аса құрмет тұтатын дақыл – күрішті патшаның өзі бастап себеді екен. Сол күрішті қазақ жерінде, Сыр елінде бірінші сеуіп диқангершілікті халқының қанына, жанына сіңірген Ыбырай шынында қай патшадан кем?!.
Етене еңбектес болған, жақын шә¬кірттерінің бірі – марқұм Закира Ержанова бір тәрбиелік мәні бар уақиғаны еске алған еді. «Күріш себіліп жатқан кез, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін мезгілі – көктем, жұрттың бәрі жарты құрсақ. Бір дорба күріш тұқымын, кейін көже қылып ішейік деп үйдегі жаман сандыққа салып, тығып қойғанбыз. Түскі шайдың үстінде Ыбекеңнің көзі сандықтың тесігінен көрініп тұрған күріш дәніне түседі. Сабасынан шығып, ақылды ашуға жеңдіріп қатты ашуланып, бәрімізді жиып алып, тарыдай қуырды. «Бұл бізге аманат етіп тапсы¬рылған бүкіл халықтың несібесі, ырыздығы, ертеңгі азығы, өзегі, өмірі, тұқым ұрла¬ған¬ның тұқымы құриды деген, бұларың не, қарақтарым, апарып орнына салыңдар, ендігәрі аштан өлсеңдер де бұл жаман әдетті қайталамаңдар», деп еді. Бұл салиқалы, салдарлы, салмақты әңгіме бәріміздің де бүкіл өмірімізге жетерлік сабақ болды» – деп еді ол.
Ыбекеңнің тәніне, жанына, қанына адалдық, кіршіксіз пәктік анасының ақ сүтімен, атасының ақ батасымен сіңірілген. Жақай ақсақал өмірінде алғаш рет ауылдан ұзап, үлкен үмітпен Сарыарқаға көппен бірге сапарға шыққан баласы Ыбырайға: «Өзін бір ойлап, өзгені екі ойлаған ер – нағыз ер, кеудеңде жан барда адам атыңа дақ түсірме. Аштан өлсең өл, тек азғындап өлме, былғаныш өмірден – адал ажал артық. Жолың болсын» деп ақ тілек білдіреді. Міне, атаның аманаты, осындай болған.
Жақаевтың екінші «Алтын жұлдыз¬бен» наградталу құрметіне колхозда өткен салтанатты жиынға қатысып шыққанда, ол кісінің ізбасары, даңғайыр диқан Серікбай Бегалиев: «Бұрынғы заманда анандай әулие, мынандай әулие өтіпті деп сыйынып жатамыз. Осы заманның нағыз әулиесі, нағыз аруағы біздің Ыбекең ғой» деген екен. Шынында қара кетпенімен, білегінің қара күшіменен қара жердің қара топырағын қопарып, ақ күріштен алтын тау тұрғызып, Сыр бойын, оның халқын әлемге танытқан адам қай заманның әулиесінен кем? Қалай десең де, Ыбекең тек емес, тегін емес, қыдыр қарап, бақ дарыған әулие, аруақты адам. Бұл ретте Ыбекеңнің зерделі ұрпақтарының бірі, белгілі журналист Зәкім Жайлыбайдың әңгімесі еске түседі: «Табиғаттың әлі де адамзатқа белгісіз жұмбақ сырлары көп қой. Соның бірі – Қыдыр әулие. Халықта қыдыр көрген адам бақ пен дәулетке кенеліп өтеді деген сенім бар. Соның бір дәлелі есебінде диқан әкеміз Жақаевтың аузынан естіген бір әңгімені жаңғыртқым келеді. Ілгеріде ауылда қариялар көп, біз солардың қолына су құйып, кесесін алып беріп, кебісін қойып қызмет жасаймыз, әрі көне, көсегелі әңгімелерге құлағымызды суарып, санамызды сауықтырып, көңілімізге тоқып, көкірегімізге түйеміз, қанығамыз. Суырылып көп сөйлей бермейтін Ыбекеңнің мына әңгімесі өз өмірінің шындығымен астасып жатқасын ба, әлі күнге дейін есімнен кетпейді.
– Өзім жидеден, шеңгелден аршып, атыздап еккен күріштікті суға бастырып болып, жаптың басында дем алып отырғам, – деп бастады әңгімесін. Денем дел-сал. Бірақ көңілім тоқ. Күн кешкіріп бара жатса да, үйге асықпадым, күрішке қарап отыра тұрғым келді. Сәлден кейін батар күннің шапағына тұла бойы тұтас малынған ұзын бойлы, ақ сақалды кісінің маған беттеп келе жатқанын аңғардым. Тұп-тура күріш атызының үстімен кебісі суға тиер-тимес болып жүріп келеді. Алғашында аң-таң болып отыра берсем керек, жақындағанда орнымнан тұрдым.
Ол кісі қарсы алдыма келіп:
– Шырағым, ырысың осы жерден болады, бақытың өрлей берсін! Әумин! – деді ап-анық дауыспен. Сөйтті де ғайып болды. Есімді жисам «Әумин» деп күбірлеп тұр екенмін. Бірақ бұл көргенімді осы кезге дейін ешкімге де айтқаным жоқ. Айтқаны келіп, артының жаман болмағанын көріп жүрсіңдер ғой.
Міне, енді айтудың мезгілі келген, сәті түскен сияқты, – деді Ыбекең жұмсақ, жылы жым¬иып, өзіне де, тағдырына да, Аллаға да ризашылығын білдіргендей.
– Ой жарықтық-ау, сіздің ол көрге¬ніңіз Қыдыр баба ғой, – деп көпшілік Ыбекеңнің етегінен ұстап, тәу еткенін көзім көрді. Кейін «Ыбырай түбегі» атанған сол жер елге ырыс, береке, абырой-атақ әкелді. Қазір енді ол алқапқа диқанның ұлы Сейітбек ие. Қыдыр дарыған жердің әлі де талай ұрпаққа байлық пен береке, абырой мен атақ әкелері сөзсіз.
Енді өзімнің Жақаевыма жақындай түсейін. Мен Шиеліде өсіп-өніп, көктеп-көгеріп, отбасылық, еңбек бақытын тап¬қан адаммын. 1983 жылы күріш орағы басталған кезде Шиелі аудандық партия коми¬тетінің бірінші хатшысы болып сайландым. Содан Ыбекеңнің басына барып, бас иіп, зиярат жасап, ол кісінің рухының рұқсатымен күріштікке кіріп, аудан басқаруға кірісіп кеттім.
Құдайға шүкір, жаман болған жоқпыз, күріш жинауда бірінші онкүндіктің қорытындысы бойынша республикалық туды жеңіп алдық, одан әрі де табыстан табысқа, абыройдан абыройға жалғасып кете берді. 1985 жылы Ыбырай Жақаевтың 90 жылдығына арналған мемориалдық кешеннің құрылысы аяқталды. Алаң түгел қоршалды, жарықтандырылды, онда орналасқан мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізілді, фонтан соғылды. Бұл алаңда Ыбекеңнің ескерткіші, Ұлы Отан соғысында қаза болғандардың ескерткіші, еңбек озаттарының көрнекті тақтасы орнатылған. Бұл кешен еңбек пен ерліктің символы, парыз бен қарыздың, имандылықтың өлшеміндей болып, аудандағы қасиетті орынға айналды. Осы қасиетті жерге әрбір өмірге келген нәресте, әрбір жаңа отбасы, әрбір жұмысқа, оқуға, отан қорғауға алғашқы қадам жасаушы азамат басын иіп, тағзым етеді, қадірлейді, қастерлейді жақсы ой ойлап, жақсы тілек тілейді, осы жердің қасиеті мен шапа¬ғатына сенеді, үміт артады.
Келесі жылы Ыбекеңнің музейін бітіріп, оны да облыстық деңгейде салтанатты түрде аштық. Сонымен біз Ыбекеңнің аруағы алдындағы шексіз борышымыздың бір бөлігін өтегендей болдық.
Мен өз басым осы Ыбекеңдей ұлы адаммен жерлес, замандас болғанымды, ол кісінің күрішінің масағын теріп, еңбектегі, өмірдегі, өнегесін, батасын алып өскеніме, кейінірек Ыбекеңнің рухы алдында атқарылған ірі, тарихи, өмірлік жұмыстардың басында, қасында болуды тағдыр¬дың менің пешенеме жазғандығына дән ризамын.
Сейілбек ШАУХАМАНОВ.
«Егемен Қазақстан» газеті,
22 қыркүйек, 2016 жыл.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз