ДАМУҒА СЕРПІН БЕРГЕН САПАР

98

0

Тарих сахнасынан көшкелі тұрған жыл бедерінде Сыр елінде болған ең елеулі оқиғалардың бірі – Елбасының жұмыс сапары. Сапар «Байқоңыр» кешенімен, жұлдызды қаланың даму жоспарымен танысудан басталды.
Мемлекет басшысына Қазақстан мен Ресей арасында қабылданған «Байқоңыр» кешеніндегі одан әрі ынтымақтастық тұжырымдамасының іске асырылу барысы көрсетілді. «Бәйтерек» жобасының аясында Байқоңыр қаласын жан-жақты дамыту көзделіп отыр. Жұлдызды қаланы дамыту перспективалары мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған іс-шаралар, әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған бірқатар жұмыстар, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету назарға алынып отыр.
Соңғы он шақты жылдың көлемінде мұнда бірде-бір тұрғын үй бой көтермеген еді. Алдағы уақытта көпқабатты үйлер құрылысын жүргізу, қала іргесіндегі газды тұрғындар игілігіне жарату жұмыстары қолға алынады. Елбасы сапары кезінде алғашқы кезектегі 6 нысан көгілдір отынға қосылады делінген еді. Бұл нысандар қазір табиғи газ игілігін көріп отыр.
Мемлекет басшысы «Қорқыт ата» мемориалды кешеніне келіп, қайта жаңғыртылған мемориалдық кешенді көрді. Кешен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізінің бойында орналасқандықтан, туристер ағымының, әсіресе, «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі кезінде шетелдік қонақтар қатарының артуына ықпал жасады. Ұлы жолдың бойындағы мемориалдық кешен мен «Байқоңыр» ғарыш айлағына биылғы жаз бойы 13 мыңнан астам турист арнайы келген. Жалпы, жаңа келбетке енгелі мұнда тоқтайтын, арнайы келетін туристер қатары артып келеді.
Түркі халықтарының барлығына ортақ тұлға – Қорқыт ата мұрасын халық қазынасына айналдырудың да маңызы ерекше. Бүгінде бұл бағытта ауқымды мәдени шаралар жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, өткен жылы бұл киелі мекенде 4-ші мәрте «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» халықаралық музыкалық өнер фестивалі өтті. Оған әлемнің 10 елінен ғалымдар мен өнерпаздар келді. Өнер фестивалінде ұлы ұзан күйлерін әлемнің әр түкпіріндегі түркітілдес елдерден келген ұрпақтары жалғады. Қорқыт бабамыз іздеген мәңгілік әуен, бәлкім, осы болар…
Елбасы Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің сол жағалауындағы шығыстық үлгіде салынатын жаңа қала жобасымен танысты. Елордаға қарап бой түзеп келе жатқан шаһардың болашағына жоғары баға берді.
Мамыр айында Сырдария өзенінің сол жағалауынан көпқабатты 18 тұрғын үй мен 320 орындық балабақшаның іргетасы қаланды. Бұрынғы Қазақ Орталық Атқару комитеті ғимаратының нұсқасы бойынша облыстық музейдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге сол жағалауда «Болашақ» университетінің қалашығы бой көтереді.
Қызылорда қаласында салынып жатқан шыны зауыты туралы Елбасы «Қызылордада бұрын-соңды мұндай жоба болған емес. Шыны шығару – индустрияның алдыңғы қатарлы өндірісі. Зауыт іске қосылған жағдайда бұл жерде бір ғана облыстың емес, бүкіл Қазақстанның сұранысына жауап беретін көлемде өнім өндіріледі» деп баға берді.
Қызылордадағы «Арай» спорттық-сауықтыру кешенінде болған жан жадыратар кездесу сырбойылық жастарға, спорт­шыларға шабыт сыйлады. Нұрсұлтан Жақсыкелдиев болашақта космонавт болғысы келетін, Астананы көргісі келетін арманын тыңдаған Елбасы оны Елордаға шақырды. Көп ұзамай Нұрсұлтан ата-анасымен бірге Астананы көріп, көңілі марқайып қайтты.
Елбасымен кездесуде Мәскеудегі К.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетінің 3-курс студенті, «Атамекен» балалар ауылының түлегі Наргиз Кашапова қамқор пейілге ризашылық білдіріп, Мәскеуде оқитын өзі құралпылас жастардың сәлемін жеткізді.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы спортшылардың да ой-пікірлерін ден қойып тыңдады. Арқаларынан қағып, ақ батасын берді. Алдағы жарыстарда еліміздің Көк Байрағын жоғары көтеріп, жеңіспен оралуларына тілек қосты.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз