ДАРИЯ БОЙЫ ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАУДА

41

0

ДАРИЯ БОЙЫ ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАУДАКеше ҚР Премьер-министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында  күн тәртібі бойынша үш мәселе қаралды.  Атап айтқанда, 2014 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау, Елбасы тапсырмасына сәйкес 2014-2015 жылдарға арналған көлеңкелі экономикаға қарсы кешенді  іс-қимыл жоспары және өңірлердің су тасқыны кезеңіне әзірлігі талқыланды.
Селекторлық режимде өткен мәжіліске облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.
Алғашқы мәселе бойынша хабарлама жасаған ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевтың сөзіне қарағанда, Мемлекет басшысының тапсырмаларын уақытылы іске асыру мақсатында, макроэкономикалық көрсеткіштердің 2014 жылға арналған болжамын есепке ала отырып, ағымдағы жылғы республикалық бюджеттің параметрлері айқындалды. Нәтижесінде, 2014 жылға арналған республикалық бюджеттің түсімдері 6 206,1 млрд. теңге көлемінде немесе бекітілген бюджетпен ( 5 773,7 млрд. теңге) салыстырғанда 431,7 млрд. теңгеге өсумен белгіленді. Республикалық бюджеттің кірістері (трансферттер түсімдерінсіз) бекітілген жоспардағы 4 029,4 млрд. теңгеге қарағанда, 331,7 млрд. теңгеге ұлғайтыла отырып нақтыланды және 4360,9 млрд. теңгені құрайды.  
Сонымен бірге, министр халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын қолдау мақсатында нақтыланған республикалық бюджет жобасында 121,6 млрд. теңге қосымша қаржы бөлу қарастырылғанын мәлімдеді. Аталған қаржының ішінде ағымдағы жылғы 1 сәуірден бастап азаматтық қызметшілердің лауазымдық жалақысына 10 пайыз мөлшерінде ай сайынғы үстеме ақыға 63,5 млрд. теңгеге, зейнетақылық және мемлекеттік әлеуметтік төлемдердің мөлшерін 53,4 млрд. теңгеге жоғарылату ескерілген. Сондай-ақ, мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында оқитын студенттердің шәкіртақы мөлшерін 10 пайызға өсіру аясында жалпы сомасын 4,7 млрд. теңгеге жоғарылату көзделген. «Балапан» бағдарламасының шеңберінде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыруға 6,7 млрд. теңге мөлшерінде қаражат бөлінбекші. 
Үкімет отырысында Премьер-министр Серік Ахметов 2014-2015 жылдарға арналған көлеңкелі экономикаға қарсы тұру кешенді жоспарын түзетуге қайтарды. Аталған құжатты ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев таныстырған болатын.  Министрдің сөзіне қарағанда, 2012 жылы Қазақстандағы көлеңкелі экономика үлесі ЖІӨ-нің 19,2 пайызын құраған. Көлеңкелі экономика құрылымының басым бөлігін тауар өндіру мен бейресми қызметтер арқылы көрсетілетін қызметтер алады.  Осыған орай бей-берекет сауда жасайтындарға жауапкершілік күшейтілетіні белгілі болды. Министрдің сөзіне қарағанда, көлеңкелі экономикадағы басым үлес сауда-саттық саласына қатысты. Мәселен, бұл саланың 2012 жылғы көлеңкелі экономикадағы үлесі 1335,3 млрд. теңгеге жетіп жығылған. «Ұйымдастырылмаған базарлар санының көп болуынан бөлек, бей-берекет заңсыз сауданың да болуы үлкен проблемаға айналып отыр. Осыған орай коммуналды сауда алаңдарының бір мезетте бей-берекет сауда жасағаны үшін жауапкершілікті қатаңдату болжануда»,– деді Е.Досаев.
Қазақстан бюджеті ҚҚС төлеуден жалтару салдарынан жылына 128 млрд. теңге жоғалтады. Бұл туралы да Е.Досаев мәлімдеді. 
Министрдің алға тартқан деректеріне қарағанда, 2007-2013 жылдар аралығында жалған кәсіпорын ретінде танылған салық төлеушілердің саны 1352 бірлікке жетіп, бюджетке түспей қалған қосылған құн салығы көлемі 193 млрд. теңгені құраған. Бұған қоса, жыл сайын шамамен 6 мың салық төлеуші қосылған құн салығы бойынша еш құжат тапсырмайды, не болмаса нөлдік декларация ұсынады екен. Соның салдарынан жыл сайын қосылған құн салығы бойынша бюджет жоғалтатын қаражат орташа есеппен 128 млрд. теңгені құрайды. «Осыған орай арнайы ҚҚС есепшотын енгізуді қарастыру ұсынылады. Бұл ҚҚС төлеуден жалтару бойынша сызбаны пайдалану мүмкіншілігін жоғалтады»,– деді ол. 
Өз сөзінде көлеңкелі экономикаға қарсы тұру кез келген дамушы мемлекет үшін маңызды екендігін атап өткен Үкімет басшысы: «Сондықтан да жұмыс тобының жұмыс нәтижесінде бүгін Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі енгізген кешенді жоспар жасалды. Біз бұл мәселені жеткілікті талқыладық. ЭБЖМ-ге мемлекеттік органдармен бірлесіп, бүгінгі талқылауды ескере отырып, құжатты түзетуді және 13 наурызға дейін Үкімет қаулысымен келісілген кешенді жоспар жобасын енгізуді тапсырамын», – деп түзетуге қайтарды. 
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе – өңірлердің су тасқыны кезеңіне әзірлігі туралы баяндаған ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко Оңтүстік Қазақстан облысында ауа райының күрт жылынуына байланысты су тасқыны қаупі бар екенін мәлімдеді. 
«Оңтүстік Қазақстан облысының дайындығы жоғары. Дегенмен, 13-14 наурыз күндері Шымкентте 20 градус жылы болатындығын ескеріп, мен осы облыстағы төтенше жағдайлар департаментіне Қаратау тауына таяу аудандарға және басқа да таулы аудандарға ерекше назар аударуға нұсқау бердім»,– деді ол. Министрдің атап өтуінше, жалпы, бұл облыстың су тасқынына қарсы енгізген тәжірибесі оң. Өңірде оқу-жаттығу кезінде ғана емес, ай сайын бюджеттен қаржы бөлу арқылы қауіпті аумақтардың инженерлік жабдықталуын жүргізіп отырады.  Оның айтуынша, әкімдік осы қажеттіліктерге барлығы 1,2 млрд. теңге қаржы бөлген. 
Сондай-ақ ол барлық өңірлерге төтенше жағдайлардың алдын алу әрі оның салдарын жоюға 9,5 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінгенін, алдын ала 4,5 мың адам, 800-ден астам техникадан тұратын күштер мен құралдар тобы жоғары әзірлікке келтірілгенін де айтып өтті. 
Өз кезегінде сөз алған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Сырдария өзенінің Қызылорда қаласындағы қос жағалауының 58 шақырымын таспен бекіту үшін 2 млрд. теңгеден астам қаржы қажет екенін мәлімдеді. 
Аймақ басшысының айтуынша, ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко жақында Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облыстарында жұмыс сапарымен болып, жағдайды бағамдап қайтқан. 
«Қарғын су Жаңақорған ауданындағы біршама тұрғын үйлердің аулаларын шайыпты. Шығын жоқ. Дегенмен, жергілікті билік комиссия құрып, жұмыс істеп жатыр. Егер зардап шеккен үйлер болатын болса, облыс әкімдігі көмек көрсетуге дайын»,– деді министр мырза.   
Жалпы, облыста – 26, ал қалада 8 қауіпті аймақ бар. Осы орайда облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы Үкімет басшысына Қызылорда қаласындағы өзен жағалауын тастармен бекітуге қаржы қажеттігін айтты. Дәл мұндай таспен дария жағалауының 7,5 шақырымы бекітілген. Енді 58 шақырымның жұмыстарын аяқтау қажет. Қазір өңірде жағдай қалыпты. Бірақ мамандар қауіптің бар екендігін жасырмады. Он күннің ішінде сең Қызылорда қаласына жетеді. Қазірде сең Шиелі ауданының Қарғалы елді мекенінің тұсында келе жатыр. Биыл судың көлемі жылдағыдан артық. Оның үстіне Шардара мен Көксарай су қоймалары толып тұр. 
Мәжілісті қорытындылаған Үкімет басшысы Серік Ахметов барлық облыс әкімдеріне су тасқынына дайындық мәселелерін ерекше бақылауға алуды тапсырды. 
Айнұр БАТТАЛОВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз