ДАРИЯ ДЕҢГЕЙІ БАҚЫЛАУДА

79

0

ДАРИЯ ДЕҢГЕЙІ БАҚЫЛАУДАСейсенбіде облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен 2015-2016 жылдардағы қыскөктем мезгіліндегі облыс бойынша су тасқынының алдын алу жөніндегі комиссия отырысы өтті. Жиында жұмылдыру жұмыстары және дағдарыс жағдайындағы шұғыл талдау орталығының басшысы Серік Сермағамбетов пен облыстық ТЖД басшысы Омар Бержанов Сырдария өзені бойындағы анықталған қауіпті учаскелер мен су тасқынының алдын алу шаралары жайында хабарлама жасады.

 

Облыс аумағында 2015-2016 жылдардың қыс-көктем мезгілдерінде Сырдария өзенінің суын қауіпсіз өткізуге әзірлік жұмыстарын жүргізуге орай облыстық ТЖД-ның күш-құралдары жоғары дайындыққа келтіріліп, мобильдік топтар құрылды. Сонымен қатар, «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің» жеке құрамы да әр аудан аумағында осы мобильді топтармен бірге жұмыс жүргізеді. Бұл топтарды қоса алғанда облыстық ТЖД-ның аумақтық құрылымдарында тасқын суға қарсы іс-шараларды жүргізуге толық жабдықталған күш-құралдар жасақталды. Оның құрамында 145 адам мен 41 техника бар.
Департаменттің басқару бекеті мен жедел тобы – 18 адам, 9 техникамен
жабдықталған. Мұндай күш- құралдар барлық аудандарда жұмыс жасайды.

С.Сермағамбетовтің айтуынша,
Сыр­дариядағы бөгеттер ұзындығы 600 шақырымды құрайды. 2015 жылы облыстық
бюджеттен су тасқынының алдын алу жұмыстарына 264,2 млн теңге бөлінді.
Жаңақорған ауданындағы 2 су қоймасына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Соның
нәтижесінде егіс алқаптарына қажет 500 мың текше метр су қоры бұрынғыдан артық
жиналатын болды. Сондай-ақ, Шиелі ауданындағы «Ботабай» каналына ағымдағы
жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Қазалы ауданында өзен жағасындағы қорғаныс
бөгеттері нығайтылған.

«Нарын-Сырдария» және басқа
да ішкі су қоймаларындағы жағдай туралы «Арал-Сырдария» су ресурстарын қорғау
және реттеу жөніндегі бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Жұмахан
Нұрсейітов, «Қазсушар» республикалық мемлекеттік мекемесі филиалының директоры
Болат Арыстанбаев, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу
басқармасы басшысы Еркебұлан Бекжанов баяндады. Олар қауіптің «Тоқтағұл» су
қоймасында көп мөлшерде су жинақталып қалғаннан орын алып отырғанын мәлімдеді.
Қазір су қоймасында 13,6 млрд текше метр су бар. Сырдарияға түсіп жатқан су
көлемді азайту үшін бірқатар бөлігі «Шардара» су қоймасы және «Көксарай» қарсы
су реттегішіне жіберілуде. Осының нәтижесінде Сырдарияға түсіп жатқан су көлемі
секундына 650-700 текше метрді құрайды. Мамандардың пікірінше, оңтүстік
аудандарда қауіпсіз жағдайды қалыптастыру үшін олардың көлемін 600 текше метрге
дейін түсіру қажет.

Қызылорда су торабынан қазір
секундына 515 текше метр, Әйтектен 430 текше метр, Ақлақтан 340 текше метр су
өтуде. Суды қабылдауға су қоймалары, каналдар, көл жүйелері дайын. Соған
қарамастан «Жиделі» және «Бесарық» су қоймалары өзінің жобалық қуатынан төмен
деңгейде жұмыс істеп жатқаны атап көрсетілді.

Жиынды қорытындылаған аймақ
басшысы аудан әкімдері мен сала басшыларына су тасқынының алдын алу, үлкен суды
өткізу шаралары бойынша нақты тапсырмалар берді.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз