ДАРИЯДАН МОЛ СУ ӨТКІЗУ ТӘЖІРИБЕДЕ БАР

62

0

 

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтіп, онда бірнеше мәселе қаралды.

Селекторлық режимде өткен мәжіліске аудан әкімдері де қатысты.

Алдымен аймақ басшысы сәуір айының аяғында елді мекендерді  су басу қаупі туындағанын, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші ел болып бірігіп әрекет еткеннің нәтижесінде төтенше жағдайдың алдын алып, қиындықтың артта қалғанын айтып өтті.

Мұнан кейін көктемгі мол су кезеңіндегі қабылданған және су тасқынына қарсы дайындық шаралары туралы облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Серік Сермағанбетов хабарлама жасады.

Хабарламашының айтуынша, ағымдағы жылы жоғарыдағы таулы аймақтарда көп мөлшерде жауын-шашынның түсуі  Сырдария өзені бассейні арқылы Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегішіне мол судың жинақталуына себеп бол­ған. Нәтижесінде өзен арнасымен облыс ау­мағына секундына 1500 текше метрге дейін су босатылған.

– Облыс әкімінің мәселені Үкімет деңгейіне дейін көтеріп, жедел ұйымдастырылған алдын алу шараларының арқасында елді мекендерге, ауылшаруашылық жерлері мен өзге де инфрақұрылымдарға төнген қауіп сейілді. Қалыптасқан жағдайға байланысты барлық аудандар мен Қызылорда қаласында жедел штаб құрылып, азаматтық қорғау қызметтері күшей­тілген режимге көшірілсе, 4 ауданда табиғи си­паттағы төтенше жағдай жарияланды. Қызылорда су торабына дейін өзен арнасындағы су көлемін азайту мақсатында Жаңақорған, Шиелі аудандары аумақтарындағы арналар мен көлдер жүйесіне жіберілетін су көлемі есептеліп, қосымша суды мәжбүрлеп бұру арқылы ой жерлерге жіберу шаралары қарастырылды,– деді С.Сермағанбетов.

Ағымдағы жылы республиканың 7 облысында су тасқынының орын алуына байланысты «Су тасқыны қатерлерінің алдын алу және жою жөніндегі 2017-2020 жылдарға арналған шаралар кешені» жол картасы бекітілген.

– Облыс аумағына мол судың келіп түсуіне байланысты жұмысшы топпен су шаруашылығы нысандарына қайта зерттеу жұмыстары жүргізіліп, алдын ала есептемелер бойынша қажетті қаржысы 531,8 млн теңгені құрайтын жалпы ұзындығы 37,2 шақырым 39 қауіпті учаске анықталды. Бұл жұмыстарды қаржыландыру мәселесі су ресурс­тары комитетімен пысықталып, Жол картасының екінші кезеңіне енгізіліп отыр,– деді басқарма басшысы.

Осы орайда С.Сермағанбетов анықталған 39 қауіпті учаскенің ішінен кезек күттірмейтін аса қауіпті 8 нысанның бар екенін жеткізді. Сондай-ақ, басқарма басшысы Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының мәліметі бойынша бүгінгі таңда «Тоқтағұл» су қоймасында 18,7 млрд текше метр, Қайраққұмда 3,3 млрд текше метр су жиналғанын, шілде айының ортасында «Тоқтағұл» су қоймасы толып, транзиттік режимге көшеді деген болжамның бар екенін айтты. Бұл дегеніміз, алдағы уақытта өзен арнасына көп мөлшердегі суды қабылдауына дайын болуы керек. Осы жағдайға сай қала, аудан әкімдіктері мен тиісті мекемелер қауіпсіздік шараларын қарастыру керек екені ескертілді.

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу бойынша көктемгі залалсыздандыру жұмыстарының қорытындысы жөнінде баяндаған басқарма басшысы Серік Сермағанбетов ағымдағы жылдың эпидмаусымында облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің ресми мәліметіне сәйкес, облыс аумағында аталған аурудың қоздырғышы болып табылатын кенелерден қолайсыз аймақ болып 117 елді мекеннің анықталғанын айтты. Оған қоса жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде қолайсыз аймақ болып қосымша 10 елді мекен анықталған.

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша қалыптасқан жағдайға байланысты, биылғы жылдың алты айында облыс бойынша 800-ге жуық адам кене шағу фактісімен тіркеліп, Қырым қанды безгегіне ықтимал жағдаймен 16 адам ауруханаға жатқызылып, 2 жағдай зертханалық әдіспен расталған. Оның біреуі өлім жағдайымен аяқталса, екіншісі тиісті ем қабылдап, ауруханадан шығарылған. Тіркелген 16 жағдайдың 12-сі ауру қоздырғышы болып табылатын кенелер анықталмаған елді мекендерден шықса, 4 жағдай қолайсыз болып танылған аймақтан тіркелген.

Мәжілісте облыс әкімі көтерілген мәселелерге қатысты тиісті сала басшылары мен аудан әкімдеріне бірқатар тапсырма беріп,  барынша жауапкершілікпен қарауды ескертті.

Айнұр БАТТАЛОВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз