ДАРИЯНЫҢ АРҒЫ БЕТІ, БЕРГІ БЕТІ

70

0

ДАРИЯНЫҢ АРҒЫ БЕТІ, БЕРГІ БЕТІжаңа көпірдің құрылысы жүргізілуде
Өздеріңізге мәлім, Тереңөзек кенті тұсындағы Сырдария өзенінен өтетін көпір жоқтығы ондаған жылдар бойы аудан тұрғындарын әбігерге салып келген болатын. Осы бір түріндегі шаруаға 2011 жылдың басынан бастап облыс әкімдігі мен ел сенімін арқалаған депутаттар қауымы бел шеше, білек түре кіріскен еді. Атап айтар болсақ, көпір құрылысының жобасы әзірленіп, оған сараптама жүргізіліп, мемлекеттік құрылымдардан келісімдер алынды. Осыдан соң, жоғарыда айтқандай, Сыр аймағы тұрғындары көптен күткен шаруа оң шешімін тауып, көпір құрылысына қажетті қыруар қаржы республикалық бюджетке енгізіледі. Саралап айтар болсақ, 2012 жылға 500 млн. теңге, 2013 жылға 1,0 млрд. теңге, ал 2014 жылға 761 млн. теңге қарастырылған. Қолданыстағы заңдарға сәйкес мұндай ауқымды жобаларға бөлінетін қаржының 90 пайызы республикалық бюджеттен қаралса, ал қалған 10 пайызы жергілікті бюджеттен бөлінуі тиіс екен. Яғни, республикалық бюджеттен бөлінетіні 2 млрд. 261 млн. теңге болса, облыстық бюджеттен 255 млн. теңге бөлінбек. Ал, көпір құрылысы жобасының жалпы құны – 2,5 млрд. теңге. Бұл қаржылар жылма-жыл республикалық бюджеттен тоқтаусыз бөлініп те келеді.
2012 жылы, яғни, өткен жылы 500 млн. теңге бөлініп, ел-халықтың көптен күткен көпір құрылысы бастау алды. Ал биылғы жылға қаралған 1 млрд. теңге қаржыны біздің хабарымызша, мердігер компания толықтай игеріп болған көрінеді. Бір өкініштісі, жақында республикалық телеарнадан осы көпір құрылысына қатысты сенімнен гөрі күдігі басымдау хабарды көріп, қайран қалдық. Шынында солай ма, жоқ, әлде?..
Әрине, көпір құрылысының басты шарты – қаржы. Қазіргі таңда көпір құрылысының басталғанына бір жарым жыл уақыт өткен. Ал, алдағы 2014 жылы құрылыс жұмысы толықтай аяқталып, ел игілігіне берілмек. Демек, қаржы мәселесі қалай шешіліп жатыр, құрылыс жұмысы тоқтап қалмайды ма деген толғақты сұрақтар тұрғындарды мазалайтынына бек сенімдеміз. Осыған байланысты жоғарғы жақтан тұшымды хабар келіп жеткен.
Жоғарыда айтқандай, биылғы қаржы толықтай игерілген. Содан да жергілікті билік органдары көпір құрылысы тоқтамасын деген ниетте 2014 жылға қаралған қаржыны осы жылға ауыстыру жөнінде ұсыныстар жасауда. Біздің сұрап білгеніміз, бюджеттік бағдарлама әкімшісі – ҚР Көлік және коммуникация министрлігі облыс әкімдігінің ұсынысын республикалық бюджет комиссиясының қарауына ұсынған. 2013 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау жөніндегі заң жобасы комиссия тарапынан қаралып, оң шешімін тауып, Парламентке жолданған бұл ұсыныс оң шешімін табар деген ойдамыз. Әрине, олай болмағанның өзінде алдағы жылдың басында 2014 жылға қаралған қаржы толықтай бөлінетін болады. Демек, көпір құрылысы жалғасады.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол, көпір құрылысына қажетті қаржыға қатысты ешқандай түйіткілді мәселе жоқ. Көпір құрылысы тоқтаусыз жүргізіліп жатыр. Алла жазса, алдағы жылы құрылыс жұмысы толықтай аяқталып, тұрғындардың игілігіне берілетініне сенімдіміз.
Еркін ӘБІЛ.
Сырдария ауданы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз