ДАРЫНДЫЛАРҒА ДАҢҒЫЛ ЖОЛ

51

0

ДАРЫНДЫЛАРҒА ДАҢҒЫЛ ЖОЛОблыс әкімі Қырымбек Көшербаев сенбі
күні Президенттік, халықаралық, республикалық пәндік олимпиадалардың және
ғылыми жоба кон­курстарының жүлдегерлерімен кездесті. Кездесуде аймақ басшысы
жастарға сөзін арнады.

– Ел болашағы –
жастардың жан-жақты қабілетті, білімді болып өсуі қоғамның ырысы. Кез келген ел
өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Қазақ халқының ұлы ханы
Абылай «Білектінің заманы өтті, білімдінің заманы келді» деген болатын, қазіргі
заман нағыз білім мен біліктілікті қажет етеді. Елбасы Н.Назарбаевтың
«Болашаққа кемел біліммен» деп айтуы, жаңа технологиялардың көші ілгері тұрған
ХХІ ғасырда терең білім алып, Мәңгілік еліміздің болашағын берік етуге
міндеттейді. Қазіргі таңда қазақ елі
жан-жақты өркендеп, дамып келе жатқан алып елге айналып жатыр. Елімізде
жастардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалуда. Осыған дәлел, түрлі білім
бәсекелеріндегі жетістіктеріңіз – Тәуелсіздік пен тұрақтылықтың теңдессіз
тартуы – «Тәуелсіздіктің 25 жыл­дығы», «Абылай ханның (Әбілмансұр) туғанына 305
жыл», «Исатай мен Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтеріліске – 180 жыл», «Аты
аңызға айналған қазақ балуаны Қажымұқан Мұнайтпасовтың туғанына 145 жыл», «1986
жылғы Желтоқсан оқиға­сының 30 жылдығы» мерейтойлармен тұспа тұс келіп отыр.
Аға ұрпақ сан ғасырлар арман еткен Тәуелсіздігіміздің баяндылығы – ғылыммен
жарақтанған жас ұрпақ – Сіздердің қолдарыңызда. Мен Сіздердің Алаштың ұранына,
ұлтымыздың ұланына, халқымыздың қыранына, дүйім жұрттың жыр-әніне
айналуларыңызға тілектеспін! – деген Қырымбек Елеуұлы мұнан соң облыс
оқушыларының жетістіктерін атап өтті.

Биылғы жылы дарынды
оқушыларымыз Қазақстан, Ресей, Грузия, Оңтүстік Корея мемлекеттерінде өткен
Халықаралық олимпиадаларға, ғылыми жарыстарғақатысып 30-ы (Алтын медаль – 4, Күміс медаль – 7, Қола медаль – 19) жүлделі орындарды иеленді. Республикалық
пәндік олимпиадалар мен ғылыми жоба конкурстарына, Президенттік олимпиадаға
қатысып 27 оқушы жеңімпаз атанды (Алтын
медаль – 4, Күміс медаль –5, Қола медаль –18).

2015-2016 оқу
жылында мектеп бітіруші түлектер саны 6564 болса, ҰБТ-ға 4507 оқушы қатысты.
Облыс бойынша 9 ҰБТ пункттері жұмыс жасап, талапқа сай қажетті құралдармен
толық жабдықталып, ұйымдастыру жұмыстары өз деңгейінде жүргізілді. ҰБТ
қорытындысы бойынша 82,7 пайызды құрап, 2014-2015 оқу жылының көрсеткішінен 1
пайызға жоғарылады. Ең жоғары 122 балды облысымыздың 4 оқушысы жинап, 132 түлек
«Алтын белгіге» 33 бітіруші «Үздік аттестатқа» қол жеткізіп, өз білімдерін
дәлелдеді.

Биыл Халықаралық
олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың жүлдегерлері атанған 37 түлек ҰБТ-ден босатылды. Өткен жылы ҰБТ-ға қатысқан
балалардың 50 пайызға жуығы қазақстандық және шет елдердегі ЖОО-ға білім гранттары
негізінде оқуға мүмкіндік алды. Жалпы мектеп бітірушілеріміздің 90,3 пайызы
колледждер мен университеттерде мемлекеттік білім гранты және ақылы негізде
білім алуға қол жеткізді. Бұл, әрине, жоғары көрсеткіш. Сонымен бірге, соңғы екі жылда 2500-ден астам
түлегіміз «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша еліміздің солтүстік өңіріндегі
колледждер мен университеттерде мемлекеттік білім гранты негізінде білім алуға
қол жеткізді. Сыр өңірінің 325 түлегі
бүгінгі күні Мәскеу мен Санкт-Петербургтың 3 іргелі университеттерінде білім
алуға мүмкіндік алды. Биылғы жылы жоғарыда атап өткен үш университетке
облысымыздың 2000-нан астам оқушысы емтихан тапсырды.

Республикалық
пәндік ғылыми жоба жеңімпазы Мадалхан Данабек кездесуге
қатысушылар және облыс оқушылары атынан рахмет айтып, болашақ ел тізгінін
ұстар, көшбастар азаматтар ретінде сенім артып, қолдау көрсеткені үшін Қырымбек
Елеуұлына шынайы ризашылығын жеткізді.

– Біз, Сыр елінің
жастары атынан, Елбасымыздың «Қазақстан
– 2050» стратегиясында айтылғандай, ХХІ ғасырды Қазақстанның алтын ғасыры етуге
бар күш-жігерімізді, біліміміздіжұмсауға уәде береміз, – деді жүлдегер оқушы.

Кездесуді қорытқан
аймақ басшысы мамандық таңдағанда айма­ғымыздың экономикалық дамуындағы еңбек
нарығында жоғары сұранысқа ие мамандықтарға бағдар алу қажеттігін айтты.

– «Бір әріп
үйреткен ұстазыңа қырық жыл сәлем бер» дегендей, Сіздер қандай да бір
жетістікке қол жеткізсеңіздер ол ұстаздың арқасы. Ұстаздарыңызды мәңгі
құрметтеңіздер! –деп, облыс басшысы жастарға алдағы өмірлерінде сәттілік
тіледі.

Кездесуге келген 55
шәкірт облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталып, естелік сыйлықтарға ие болды.
Мұнан соң олар аймақ басшысымен естелік суретке түсті. Қырымбек Елеуұлының
ұсынысымен облыстық әкімдіктің ғимаратын аралап көріп, ситуациялық орталық
жұмысымен танысты. Аймақтың маңдайалды оқушылары облыс әкімінің жұмыс бөлмесін
көруге де мүмкіндік алды.

 

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз