Даңқты диқан дәстүрімен

167

0

Даңқты диқан дәстүріменКеше А.Тоқмағамбетов атындағы Мәдениет үйінде екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, даңғайыр диқан Ыбырай Жақаевтың 125 жылдығына арналған «Дала академигі-Ыбырай» республикалық ғылыми-танымдық конференция өтті. Конфереңция жұмысына Ауыл шаруашылығы министрінің жауапты хатшысы Ермек Көшербаев, қоғам қайраткері Әбдіжәлел Бәкір,  жазушы, халықаралық  «Алаш» сыйлығының иегері Қуандық Түменбай және республикамызға белгілі ғалымдар, облыстың зиялы қауым өкілдері мемлекеттік құрылымдар мен үкіметтік емес ұйым мүшелері,  жоғары және арнаулы оқу орындарынан келген оқытушы-профессорлар, студент-жастар қатысты.
Конференция жұмысы облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың алғы сөзімен ашылды. 
– Сыр елінде  болашақ үшін еселі еңбек еткен дара да дана тұлғалар аз емес.  Сондай жандардың бірі, бірегейі бүгінгі 125 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған атақты жерлесіміз, даңғайыр диқан Екі мәрте Еңбек Ері Ы.Жақаев. Осындай жандарды ұлықтау біздің парызымыз, – деген облыс басшысы айтулы іс-шараға  көптеген белгілі меймандар қатысып отырғандығын хабарлады.  Конференция қонақтары қатарында Ы.Жақаевтың ұлы Сейітбек Ыбыраев,  даңғайыр диқанның досы әрі інісі, екі мәрте Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың балалары Қойшыбай мен Тойшыбай және Жамбыл облысының Мойынқұм ауданы әкімінің орынбасары бастаған 45 адамдық делегация бар екенін атап өтті. 
Аймақ басшысы Сыр диқандары Ақ күріштің атасы атанған Жақаевтың мерейтойына лайықты тартумен келіп отырғандығын жеткізді. Облыс егіншілері әр гектардан 54,9 центнерден рекордтық өнім алды. Осы жетістігіміз Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына, сондай-ақ Ы.Жақаевтың 125 жылдығына арналатынын хабарлады. 
Облыс әкімі қазір Қызылорда күрішінің 25 пайызы экспортқа шығарылып отырғанын мәлімдеді.  Иран күрішінің сорттарын өсіру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Қазір облыста күріш өңдейтін бірнеше ірі кәсіпорындар бар. Тәуелсіздік жылдардағы рекорд¬тық өнімдерге төртінші жыл қатарынан қол жеткізіліп отыр. 
Қырымбек Елеуұлы биыл Ы.Жақаев атындағы төсбелгі шығарылып,  енді жыл сайын күріштен мол өнім жинағандар марапатталатынын жеткізді. Ал оның алғашқы иегерлері Ыбекеңнің көзін көрген ізбасарлары Шырынкүл Қазанбаева, Сәлима Жұмабекова, Аманкелді Ахметов болады. 
Мұнан кейін сөз алған  Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Ермек Көшербаев Алаштың анасы атанған Сыр елінен талай ұлт мақтанышы шыққанын,  солардың қатарында бар өмірін туған жерін түлетуге арнаған Жақаевтың орны бөлек екенін жеткізді. Оны Ақ күріштің атасы деп атау асыра сілтегендік емес. Өйткені, ғылым мен агротехника дамыған заман орнағанмен де, ол кісінің қол жеткізген көрсеткіштерін қайталай алмай келеміз. Сонымен бірге, ол жастарды еңбекке тарта білді, соның арқасында еңбек даңқын асырған  талай тұлғалар шықты. Тәуелсіздігіміздің 25 жыл¬дығы тойланатын жылы ауыл шаруашылығы еңбек¬керлері лайықты тартумен келіп, рекордтық көлемде астық жиналды. Республика бойынша күріштің гектарынан өнімі 53,7 центнерден келсе, Сыр бойында түсімділігі 54,9 центнер болды. Бұл Жақаев ізбасарларының ерен еңбегінің жемісі деген министрлік өкілі Сыр бойы диқандарын табысымен құттықтап, ізгі тілектерін арнады. 
Конференцияда «Аймақтағы күріш өндірісінің әлеуметтік-экономикалық маңызы» тақырыбында даңқты диқанның қазіргі ізбасарларының бірі Қазақстанның Еңбек Ері, Парламент Мәжілісінің депутаты, Күріш өсірушілері мен өңдеушілер ассоциациясының төрағасы Абзал Ералиев баяндама жасады. 
Ол тәуелсіздік жылдары еліміз зор жетістіктерге жеткенін атап өтті. Солардың қатарында аймақтың бас¬ты дақылы – күріш өсіруде де бірқатар алға басу¬шылық болып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік әсерін тигізді. Ол кеңестік кезеңде аймақта күріш егістігін дамытуда Ы.Жақаев атамыз бен оның ізбасарлары лайықты үлесін қосқанын еске салып өтті. Бүгінгі күні аймақтағы күріш егісі жаңа қарқынмен дамуда. Мүмкіншіліктерді дұрыс пайдалана білсе, тұрақталған 70 мыңдай гектар алқапта  450-500  мың тонна өнім алуға болады. Күрішті экспорттау көлемі өсуде. Тек соңғы  төрт жылдың өзінде «Абзал и К» ЖШС-нің күріш экспорты төрт есе артып, 48 мың тоннадай күріш сыртқа сатылған. Экспорттық әлеуетін арттыру үшін сапалы күрішті өсіріп қана қоймай оны өңдей білу, жаңа нарықтарды игеру бағытында жұмыс істеу маңыздылығын атап өтті. Мысалы, Иран нарығы біз үшін орасан зор мүмкіндіктер беретін болады. 
– «Егінші мәрт, жер жомарт» дегенмен, оған тиісті жұмыстар атқармай, жетістіктерге жетуге болмайды. Сондықтан жаңа технологиялар жаңа инновациялық тәсілдерді пайдаланып, соңғы бес жылда еңбек өнімділігін  бірнеше есе арттырдық.  400-ден аса адамды жұмыспен қамтыдық, олар 606 млн теңге жалақы тапса, мемлекетке 248 млн теңге салық төленді, – деді Еңбек Ері. 
Мұнан соң «Күріш жүйесі – се¬німді малазықтық қорының негізі» тақырыбында «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-ның бөлім меңгерушісі Ғалиолла Мейірман сөз қозғады. 
Ол күріш егуде ауыспалы егістіктің маңызы тура¬лы айтты.  Осы орайда жоңышқа дақылын егу¬дің пай¬дасы зор екенін жеткізді. Жердің тұз¬дануына қарсы жүгері дақылының да пайдасы бар. Арпаға да көңіл бөлген дұрыс болады. 
Конференциядағы келесі баяндамалар да ғалымдар үлесіне тиді. «Күріш егістіктерінің топырақ жағ¬дайы – рекордтық көрсеткіштер кепілі» туралы «Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ҒЗИ» ЖШС бас директоры, ҚР ауыл шарушылығы ғылымдары академиясының академигі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Абдулла Сапаров «Дала академигі Ы.Жақаев – күріш кластерінің негізін қалаушы»  жөнінде және «Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС бас директоры Серікбай Өмірзақов баяндама жасады. Олар баяндамаларында топырақтың деградациялау, тұздануға қарсы шаралар жөнінде айтып өтті. Мысалы, екі жыл жоңышқа егілген алқапта күріштің шығымдылығы 20 пайызға артатыны белгілі. 
Күріш кластерінде тұқым шаруашылығы, мелиоративтік техникалар, күріш өңдеу, экспорттау, жаңа сорттарын енгізу секілді тізбектерден тұратындығы туралы айтылды. Мұнда, әрине, мемлекеттік қолдаудың маңызы зор. 
«Күріш өндірісімен айналысатын шаруашылықтардың жағдайы мен перспективалары» туралы «Ер-Әлі» ШҚ төрағасы Әліби Бекжанов баяндады. Ол алғаш 20 гектардан бастаған шаруашылықтың жер көлемі қазір 2 мың гектардан асып отырғанын жеткізді.  Жаңа технологиялар, лазерлік жер тегістеуді қолдану арқасында суды үнемдеп, өнімділік көрсеткішін арттыруға қол жеткізілген. 
Мемлекет және қоғам қайраткері Әбдіжәлел Бәкір конференцияға қатысушылармен Ы.Жақаев туралы естеліктермен бөлісті. Ол диқан бабамыздың сөзге өте сараң, қарапайымдылықтың академигі бола білген адам деді.  Қазақстанда Сыр бойында күріш егістігінің негізгі дақыл болып орнығуы да, облыс егін шаруашылығының басым бағытына айналуы да, жақаевшылар атанған күрішшілер қозғалысының өрістеп, бір кездегі стахановшылар қозғалысы сияқты бұқаралық сипат алуы нақ Ыбырай Жақаевтың есімімен тікелей байланысты. Қарапайым еңбеккердің осындай қоғамдық құбылысқа айналуы сирек кездесетін жағдай. Ендеше сол құбылыс – Ыбырай Жақаев! Бәкіров  сол кездегі облыс басшылығындағы Қаржаубай Жарқынбековтің, комсомол жастар жетекшісі Абылай Айдосовтың  Жақаевпен бірге болған сәттерін еске алды.
Сондай-ақ атамыз ұзақ жылдар бойы күріштен өнімді мол ала отырып, оны егу, күтудің агротехникасын жетілдіруге үлес қосып, кейінгі жастарға ақылшы-ұстаз бола білгенін қызықты етіп әңгімелеп берді.
Ал жазушы Қуандық Түменбай  Ыбырай атамыздың жұрт біле бермейтін қырларына тоқталды. Ол Жақаевтың феодализм заманында дүниеге келіп, социалистік заманда еңбек етіп, капитализмге, яғни нарық заманына бет бұрғанда аңызға айналғанын әңгімеледі. Ол бала кезінде молданың алдындағы сабағын тастап кетеді. Қылшылдаған жиырма жасына дейін мал баққан, одан кейін мақта еккен. 
Жазушы Ыбырайдың бағын жандырған социалистік қоғам екеніне тоқталды. «Қызылту» колхоз боп құрылған 1929 жылдан бастап қара жұмысқа араласты. Тағы да мақта екті, бірақ ыстық жердің өскіні Сыр топырағын өгейси берді, қаупая боп қурап қалды. Алып Сырдарияның суын өмірге пайдалану түбірлі мақсат болды. Өйткені, «сулы жер – нулы жер», бар суды үлкен егіске неге пайдаланбасқа? «Қызылтудың» Қаратау беткейін алып, Сәкеннің «Бандыны қуған Хамитындағы» Кудря бауының бойын жағалатып, облыс аумағындағы алып құрылыс – ұзындығы 105 шақырымға созылған – Шиелі каналын қазу басталды. Осы еңбек майданы оның кетпенші атын шығарды. Топырақты зембілге салмай бірден жағаға атты, жұрт сияқты де¬малуды білмеді. Сөйтіп, он күн сайын берілетін сыйақы – он метр шыт матаның көбін өзі алды. Қызыл тілге тұсау бар ма? Колхоз бастығы Сыздық Боқаев сыйақының көбін ағайынына беріп жатыр деген сыпсың сөз шықты. Омбының ауыл шаруашылығы академиясын бітіріп келген аудандық жер бөлімінің бас агрономы әрі уәкіл Әнес Алтынбеков жарма жағалап жүріп Ыбырайды сырттай бақылады. Сөзге сараң, іске жомарт адамды көрді. Кетпеншінің жалпақ жауырыны мен батпандай білегіне, құмбыл қимылына қайран қалды. Болашақта егілетін күріш танаптарын күтіп-баптау үшін осы бір сөзге сараң, іске жомарт адамды іштей қалады. Солай болды да. Әнес Ыбырайдың бақыты боп жолықты. Әнес – диқанды, диқан дән мен жер сарапшысын түсініп, бір-біріне бас иді. Әнес Ыбырайдың еңбегін бағалап, атын әйгіледі, «Ыбырай Жақаевтың күріш өсіру тәжірибесі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап, Сыр күрішін өмірден өткенше мәпелеп өтті. Әнес Алтынбековтің артында қалған күнделігінде сыр ғып жазған сөздері мынадай: «Ыбекеңнің еңбеккерлігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ыбекең рекордтық өнім алған жерін тоғай томарынан кетпенмен арылтты. Сонда бір күндері 16 нормаға дейін орындайды. Өзі сушы, өзі себуші, өзі соқашы, өзі отақшы, өзі тегістеуші, өзі тұқымды сұрыптаушы және өзі бағалаушы еді.
Даңқты диқан туралы естелік айтқан жазушы бүгінгі егіншілерге аталарының  даңқты еңбек жолын тіледі. 
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
«Алтын дән-2016»
салтанатты шарасында ауыл шаруашылығы өндірісінің
озаттарын марапаттау 
Озат аудандар
1.1 Ауыл шаруашылығы саласы бойынша озат аудан– Шиелі ауданы
1.2 Егін шаруашылығы бойынша озат аудан – Сырдария ауданы
1.3 Мал шаруашылығы бойынша озат аудан– Жаңақорған ауданы
1.4 Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша озат аудан Қызылорда қаласы
II Ауыл шаруашылығы  озаттары бойынша
2.1 Озат шаруашылық 1-орын– «Таң ЛТД» ЖШС
Шағыртаев ИмамзадаЖалағаш ауданы
2.2 Озат шаруашылық 2-орын– «Жаңажол» ЖШС
Әбішев ҚылышбекҚармақшы ауданы
2.3 Озат шаруашылық 3-орын– «Мағжан және К» ЖШС
Ералиев ДарханСырдария ауданы
2.4 Озат өңдеу кәсіпорны 1-орын – «Жан-Арай» ЖШС
Мақашев БағдаулетҚызылорда қаласы
2.5 Озат өңдеу кәсіпорны 2-орын – «Сыр маржаны» ЖШС
Өтеев Мнажадин Қазалы ауданы
2.6 Озат өңдеу кәсіпорны 3-орын – Жеке кәсіпкер 
Ермаханов СабырШиелі ауданы
2.7 Озат күріш өсіруші – Бихожаев Ғани
«Мәді Қажы» ЖШС Сырдария ауданы
2.8 Озат күріш өсіруші– Рахатов Жұмаділда
«Бидайкөл» ШҚШиелі ауданы
2.9 Озат бригадир – Ерғалиев Тахир
«Қызылдихан» ШҚ Сырдария ауданы
2.10 Озат комбайнер– Жиенғалиев Серік
«Тұрмағанбет» ЖШС Қармақшы ауданы
2.11 Озат жатка машинисі– Жақыпов Теңел
«Рза агро» ЖШС 
Қазалы ауданы
2.12 Озат бидай өсіруші– Бейсенов Аусын
«Сұңқар» ШҚЖаңақорған ауданы
2.13 Озат жоңышқа өсіруші– Иманбаев Абай
«Сыр маржаны» ЖШСҚазалы ауданы
2.14 Озат көкөніс өсіруші–  Қошқаров Балтабай
«Бестам елі» ШҚШиелі ауданы
2.15 Озат бағбан– Қыдырбаева Гүлнәр
Жеке қожалықҚызылорда қаласы
2.16 Озат мақсары өсіруші– Қарақұлов Абухан
«Ислам» ШҚЖаңақорған ауданы
2.17 Озат бақша өсіруші– Баймаханов Абылайхан
«Жиделі» ШҚЖаңақорған ауданы
2.18Озат картоп өсіруші– Жалғасбаев Жәрмедет
«АгроЭкоПродукт» ЖШС
Жалағаш ауданы
2.19 Озат агроном– Елемесов Сапар
«Ақтөбе және К» ЖШСҚармақшы ауданы
2.20 Озат инженер-механик –Есқұлбаев Қабыл
«Ер-Әлі» ШҚ Жалағаш ауданы
2.21 Озат гидротехник– Усекеев Ғалым
«Қызылорда су торабы» өндірістік учаскесі су пайдалану бөлімінің басшысыҚызылорда қаласы
2.22 Озат теледидар тілшісі– Құлмырзаева Мөлдір
«Қазақстан-Қызылорда» теарнасының шеф редакторыҚызылорда қаласы
2.23 Озат газет тілшісі– Қарапаева Айсәуле
«Сыр бойы» газетінің тілшісіҚызылорда қаласы
2.24 Озат газет тілшісі– Исаев Жәнібек
«Кызылординские вести» газетінің тілшісіҚызылорда қаласы
 
Қызылорда облысының күріш өңдеушілер және
өндірушілер қауымдастығының
ведомстволық наградасымен марапатталғандар
«Ыбырай Жақаев»  төсбелгісімен марапатталатындар
Қазанбаева ШырынкүлСоциалистік Еңбек Ері 
Шиелі ауданы
Жұмабекова СалимаСоциалистік Еңбек Ері
Қармақшы ауданы
Ахметов АманкелдіСоциалистік Еңбек Ері
Қызылорда қаласы
Смайлов Жанкелді «Қызылдихан» ШҚ
күрішшісі Сырдария ауданы
Бихожаев Ғани«Мәді қажы» ЖШС
күрішшісі Сырдария ауданы
Сарсекенов Алдаберген«Жаңажол» ЖШС
сушысы Қармақшы ауданы
Қайырқұлов Басқынбай«Ақтөбе және К» ЖШС сушысы Қармақшы ауданы
Тасбергенов Алтынбек «Байтабын» ЖШС
сушысы Жалағаш ауданы
Ондаев Марал«Ер-Әлі» ШҚ
күрішшісі Жалағаш ауданы
Баймағамбетов Ералы«Төңкеріс-К» ШҚ 
звено жетекшісі Шиелі ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз