“ДЕНСАУЛЫҚ” АКЦИЯСЫ

188

0

7 сәуір –  Дүниежүзілік денсаулық күніне орай облыстық ден¬сау¬лық сақтау басқармасы мен облыстық салауатты өмір салтын қалып¬тастыру орталығының ұйымдастыруымен Қызылорда қаласындағы «Сұлтан» сауда орталығын жанында «Денсаулық» акциясы өтті. 
Акцияда «Денсаулық қалашығы» ұйымдастырылып, онда бірқатар емханалар тұрғындардың қан қысымын өлшеп, қан құрамындағы қант мөлшерін анықтауға, бой, салмақтарын өлшеуге мүмкіндік жасады.  Оған қоса, флю¬орография машинасы, тіс емхана машинасы, электрокардиография бригадасы, қан орталығы мен зертхана бригадасы, жедел жәрдем қызметі жұмыс жасап, жиылғандардың өкпесін, жүрегін тексеріп, қажет болған жағдайда емханаға баруға кеңес берді. Азаматтар өз еріктерімен қан тапсырды. Сондай-ақ, радиоторап арқылы тұрғындарға келер жылы елімізде енгізілетін міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесі туралы ақпарат таратылып, тұрғындарды емханаларға барып, тіркеліп, өзінің қай санатқа жататынын анықтауға шақырды. 
– Бүгінгі шараның мақсаты тұрғындарды скринингтік тексерулерден өтуге шақыру, аурудың алдын алу және 2018 жылдан бастап елімізде қолданылатын міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесі туралы тұрғындарға түсіндіріп, емханаларға тіркеліп, өз жарна төлеу санатын анықтауға шақыру болып табылады. Жалпы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасымен ағымдағы жылдың 5 сәуірі мен 31 маусымы аралығында «Емханаға тіркел де – әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебеңді анықта!» ұранымен қызылордалықтарды емханаға тіркеудің науқаны басталды. Осыған орай бүгінгі шара барысында әрбір тұрғынға өзі таңдаған және тұрғылықты мекеніне мүмкіндігінше жақын орналасқан емханаға барып, тіркелуі керектігі түсіндіріліп жатыр. Өйткені, үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап әрбір азамат сақтандыру қорына жарна төлеуге міндетті. Егер жарна төленбеген жағдайда мемлекет тегін медициналық көмектің кепілді түріне ғана кепілдік береді. Яғни, жарна төлемеген азамат тек мына көмектерді ғана ала алады: Біріншіден, жедел жәрдем және санитарлық авиация, әлеуметтік маңызы бар аурулар кезінде, яғни, онкологиялық аурулар, туберкулез, қант диабеті және басқалары, үшіншіден, профилактикалық егулер және 2020 жылға дейін амбулаториялық-емханалық көмек пен амбулаториялық дәрімен қамтамасыз ету. Ал, жоспарлы стационарлық медициналық көмек, мейіргерлік күтім, паллиативтік көмек түрлері ақылы негізде болады. Сондықтан, әрбір тұрғын осы кезден бастап өзінің қай санатқа жататынын және ол үшін жарна қалай төленетінін анықтауы маңызды, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету бөлімінің бас маманы Әсел Қыдырәлиева.
Күннің желді әрі салқын болғанына қарамастан, «Денсаулық қалашығына» келушілер қарасы көп болды. Тұрғындар бірінен кейін бірі кезекке тұрып, қан тапсырып, қан қысымын өлшетіп жатты. 
Біз тілдескен Меңсұлу Ахметованың Қармақшыдан келген беті екен. Автобустан түскен бойда кезекке тұрыпты.
– Қармақшы ауданы, Жаңа жол ауылының тұрғынымын. Автобустан түссем, осындай шара өтіп жатыр екен. Мен де кезекке тұрып, қан қысымымды өлшетіп, қант мөлшерін анықтау үшін қан тапсырдым. Тіпті рентгенге де түсіп үлгердім. Арнайы баруға уақыт бола бермейді, оның үстіне құнттамаймыз да ғой, мына шара өте дұрыс екен, – дейді ол.
56 жастағы Тұрғанкүл Жүсіпова қала тұрғыны. Қолында түрлі аурулардың алдын алу жөніндегі ақпараттық брошюралар бар екен. 
– Мына жерге барлық емханалар келіпті, флюро машинасы да, ЭКГ да бар екен. Қан қысымымды өлшетіп алдым, қант мөлшерін де тексертіп, қалыпты екенін білдім. Қыздар түрлі аурулардан сақтану жолдары туралы қағаздар таратып жүр екен, маған да берді. Мынау бір игі шара екен. Ауырмасақ, емханаға бармаймыз ғой, осындай шаралар жиі өткізілгені дұрыс негізі, – деп Тұрғанкүл Жүсіпова ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп жатты.
Жалпы, бұл күні барлық медициналық ұйымдарда ашық есік күндері жарияланып, тұрғындарға медициналық қызметтер көрсетілді.
Айнұр БАТТАЛОВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз