ДЕПУТАТТАР ТЕМІРЖОЛШЫЛАР ҰСЫНЫСЫН ТЫҢДАДЫ

49

0

ДЕПУТАТТАР ТЕМІРЖОЛШЫЛАР ҰСЫНЫСЫН ТЫҢДАДЫӨңірге жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Абзал Ералиев, Әлия Сапарова және Геннадий Шиповских бейсенбіде теміржолшылармен кездесті. 
Ел экономикасының өзегі, мемлекеттің қуатты жүйесі саналатын салада облыс бойынша он мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. «Нұр Отан» партиясының осындағы филиалында 2,5 мыңнан астам партия мүшесін біріктіретін 15 бастауыш партия ұйымы жұмыс істейді. «Теміржол» партия филиалының Саяси кеңесі мен Бюро мүшелерінің белсенді жұмысы нәтижесінде партия қатары сандық жағынан ғана емес, сапалық жағынан да толығып, нығайып келеді. 
Кездесуге «Қазақстан темір жолы» жүк тасымалы» АҚ «Қызылорда жол бөлімшесі» филиалы мен бөлімшеге қарасты 18 мекеменің өкілдері қатысты. Елбасы Жолдауының басымдықтарына тоқталған мәжілісмендер бес институционалдық реформа аясындағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру жайын талқылады. «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы бізге осы уақыт аралығында атқарған істерімізді сараптап, алдағы қадамдарымызды айқындай түсуге жол ашады», – дей келе, өздеріне жүктелген міндетті орындау азаматтық парыз екенін атап өтті. 
– Біздің депо қауіпсіздік бағыты бойынша республикада бірінші орында. Биыл да осы қарқыннан таймаса, ұжым биіктен көрінетіні сөзсіз, – деді Қызылорда локомотив депосының машинист көмекшісінен Мәжіліс депутаты дәрежесіне көтерілген Геннадий Шиповских.
«Қазақстан темір жолы» жүк тасымалы» АҚ «Қызылорда жол бөлімшесі» филиалының директоры, «Теміржол» партия филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Аманкелді Арысбаев жергілікті теміржолшылардың жемісті еңбегі және жоспары туралы айтып берді. 
– Елбасы тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша өткен жылдың қорытындысымен «Теміржол» филиалы облыстағы 11 филиалдың арасынан 1-орыннан көрінді. 265 бастауыш партия ұйымының ішінен біздің ұйымның биіктен көрінуі – үлкен жетістігіміз, – деді ол. 
Депутаттар теміржолшыларды қабылданған және талқыдағы заңдармен таныстырып, олардың үніне құлақ түрді. Кездесуде жалақыны көтеру, жұмыстың ауырлығына байланысты зейнет жасын төмендету сияқты мәселелер көтерілді. Халық қалаулылары көптің көкейіндегі сауалдарды Үкімет пен тиісті органдардың назарына ұсынатынын жеткізді.
Назерке САНИЯЗОВА
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз