ДЕПУТАТТЫҢ ДАРА БАҒАСЫ – ЕЛ СЕНІМІ

269

0

ДЕПУТАТТЫҢ ДАРА БАҒАСЫ – ЕЛ СЕНІМІТарих – тамаша таразы, өткеннің өнегесін бүгінге өзектейтін уақыт жемісі. Биыл жергілікті мәслихаттардың құрылғанына 23 жыл толып отыр. Осынау атаулы күн дидарымен облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамовқа жолығып, жауапты жергілікті өкілдік орган туралы сұхбат жасаған едік.   
– Наурызбай Сейтқалиұлы, жергілікті мәслихат¬тардың құрылып, жұмыс істей бастағанына биыл 23 жыл толып отыр. Алдымен, ел сенімін арқалаған мәслихатттың мерейі құтты болсын, енді  жергілікті  мәслихаттың тарихына қысқаша тоқталып, сонымен бірге, мәслихаттың жұмыс регламентін айта кетсеңіз…
– 1993 жылы 10 желтоқсанда Республиканың Жоғарғы Кеңесі жергілікті басқару жүйесін, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың құзыретін, оларды ұйымдастыру тәртібі мен қызметін айқындайтын «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өкілді және атқарушы органдар туралы» Заң қабылданды. Жергілікті өкілді органдар әуелі «мәслихаттар-депутаттар жиналысы» деп, кейінірек «депутаттар жиналысы» деген сөздер алынып тасталып, «мәслихаттар» деп аталды.
1994 жылы 7-наурызда Қазақстан Республикасында бірінші өкілді органдар – мәслихаттар-депутаттар жиналысының (1994-1999жж) сайлауы өтті. Бұл еліміздегі шын мәнінде алғашқы белсенді сайлау болды. Қызылорда облыстық мәслихаты-депутаттар жиналысына басында – 35, кейінірек, 1997 жылы оған Байқоңыр қаласынан құрылған 4 сайлау округі қосылып, барлығы 39 сайлау округі құрылып, сонша депутат сайланды.
Қазіргі таңда, Қазақстан ¬Республикасы Консти¬туциясының 86-бабының, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару саласындағы қоғамдық қатынастардың реттелуі, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың құзыреті, қызметінің ұйымдастырылуы, тәртібін, сондай-ақ мәслихаттар депутаттарының құқықтық жағдайы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес айқындалады. 
Бүгінгі күні мәслихат жұмысы ҚР «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару» туралы  және республикадағы қолданыстағы өзге заңдармен құқықтық актілер және  облыстық мәслихаттың регламенті арқылы реттеледі. Мәслихат жұмысының негізгі нысаны сессия болып табылады. Кезекті сессиясы кемінде жылына төрт рет  өтеді. Шұғыл шешілуі тиіс мәселелер туындаған жағдайда мәслихатқа сайланған депутаттар санының кемінде үштен бірінің, немесе әкімнің ұсынысы бойынша мәслихаттың кезектен тыс сессиясы шақырылады.
Сессияда қаралатын жоспарлы мәселе бойынша облыс әкімдігі тиісті шешім жобасын әзірлеп, облыстық мәслихатқа тапсырады және осы шешім жобасы сессияға дейін уақытша комиссия отырысында алдын ала талқыланады. Облыс әкімі белгілеген тұлға сессияда баяндама, ал пысықталып жинақталған анықтамалар негізінде  уақытша комиссия төрағасы қосымша баяндама жасайды.
 Одан кейін, сессияның күн тәртібіне ұсынылған мәселелер бойынша шешім жобалары тұрақты комиссияның отырыстарында, бірлескен отырыс-та алдын ала талқылаудан өткізіледі. Талқылау қорытындысында мақұлданған мәселелер ғана сессияның күн тәртібінің жобасына енгізіліп, сессия қарауына ұсынылады. Сессияда қабылданған шешімдер атқарушы органдарға жолданып, олардың орындалуы қадағаланып отырады. Кейбір шешімдердің орындалу барысына байланысты мәслихат сессияларында, сондай-ақ тиісті тұрақты комиссия отырыстарында қайта қаралуы мүмкін. 
– Алтыншы шақырылымдағы облыстық мәслихат  депутаттарының құрамы жергілікті атқа¬рушы және өзін-өзі басқару  органдарымен  ара қатынасы  жөнінде тоқталып өтсеңіз?
– Қазақстан Республикасының Конституциясының 85-бабында жергілікті мемлекеттік  бас¬қаруды тиісті аумақтағы істің жай-күйіне жауапты жергілікті өкілді және атқарушы органдар жүзеге асырады делінген. Соның негізінде 2016  жылдың   24-наурызында 6-шақырылған Қызылорда облыстық мәслихатының жаңа депутаттық корпусы жасақталып, облыстың 29 сайлау округінен сайланған мәслихаттың  29  депутаты  өз  қызметіне  кірісті.  Қазір 29 депутаттың жеке құрамында 2 әйел, 27 ер адам бар, олардың 27 – «Нұр Отан» партиясына мүше, 1 – «Ақжол» партиясы, 1 – «Ауыл» партиясының мүшесі. Сала бойынша ауыл шаруашылығы саласынан – 6, өндірістен – 14, әлеуметтік саладан – 4, өзге салалар бойынша – 5, осылардың ішінде16-сы жеке кәсіпкер. Облыстық   мәслихат депутаттарының   65 пайызы жаңадан сайланды. Олардың құрамында 1 ғылым докторы, 2 ғылым кандидаты, 1 магистр бар.
Депутаттық құрамда Парламенттегі депутаттық тәжірибесі бар Қылышбай Бисенов 1, 2, 3, 5, 6 шақы¬рылымында, Ибадулла Тілеп 3, 4, 5, 6 және Райкүл Байназарова 3, 5, 6 шақырылымында, Тілеу¬берген Шаутай 4, 5, 6 шақырылымда депутат болып сайланып, ұзақ жылдар бойы халыққа қызмет етіп келеді. Облыс әкімінің ¬орынбасары, қала әкімі қызметін атқарған Имамадин Оңғарбаев, облыс әкімінің бірінші орынбасары, аудан әкімі болған Темірхан Кенжебаев, екі шақырылым қалалық  мәслихат хатшысы  болған -Ибадулла Құттықожаев, ірі мекеме басшылары Жорабек Нұрымбетов, Аманкелді Арысбаев, Райхан Ысқақова, Әбдімәжит Жансақалов, Шәкизада Әбдікәрімовтің, т.б басшылық қызметтегі тәжірибесі мәслихат жұмысы¬на  көп  көмегін жасауда.  Бір сөзбен айтқанда, барлық депутат әріп¬тесіміз  сессия мен тұрақты, уақытша комиссия отырыстарында,  өз істерін  жетік меңгерген, білікті, депутаттық міндеті мен жауапкершілігін  сергек  сезінетін, белсенді  азамат  екендерін  танытып келеді.   
Жергілікті басқару органдарымен жұмыстар нормативтік реттікпен жүзеге асуда. Алдымен арнайы айтып өтуге тиісті жағдай,  бірінші сессиядан бастап,  облысқа қатысты жоспарларды іске асыруда облыс әкімі Қырымбек  Көшербаевтың қолдауымен жергілікті мемлекеттік басқару органдары арасында тығыз байланыс орнатылып, бірлескен жұмыс  атқарылуда. Бұл мәслихаттың  белсенді де, жүйелі жұмыс жасауына мол мүмкіндік беріп келеді. Оның нақты көрінісі – республикада алғаш рет облыстық мәслихаттағы фракциялардың қызметін 12 критерий бойынша бағалау өтті. Нәтижесінде, біздің депутаттар корпусы алдыңғы қатарда тұр. Облыстық мәслихат депутаттары өз сайлау округі¬нің және аймақтың ортақ мәселелерімен атқарушы органдарға тұрақты түрде депутаттық өтініш жолдап, олардың орындалуы қадағаланады. Жыл көлемінде тұрақты комиссияларда облыстық ішкі саясат, жер қатынастары, құрылыс, сәулет және қала құрылысы, экономика және бюджеттік жос¬парлау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармалары, жергі¬лікті полиция қызметі, транспорттық  бақылау  инспекциясы өз  есебін беріп, тұрғындар тарапынан түскен өзекті мәселелер талқыланды. Тиісті мекемелерге ұсыныс жолданды.
 Кейбір мәселелердің шешілуіне қаржының тапшылығы немесе заңдық негізінің жетіспеушілігі кедергі болып жатады. Сондықтан іске асырылатын жоспарлар бірнеше кезеңге, нақтылап жеткізсек, жақын кезекте, ұзақ мерзімді кезеңде орындалатын болып белгіленген. Соның бір көрінісі,  мәслихаттың жұмыс құрамы қалыптаса салысымен, өңір басшысының ұсынысымен, депу¬таттардың сайлауалды бағдарламалары мен депутаттық сауалдары негізінде 54 тақырыптық өзекті мәселе төңірегінде 214  сұрақ  жинақталды. Бұл мәселелер, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының қатысуымен, депутаттық фракция отырысында жан-жақты талқыланып, ол бойынша арнайы іс-шара жоспары әзірленді. Жоспардың көп бөлігі облыс әкімінің іс-қимыл жоспарына еніп, жүзеге асуда.  Қалғаны   әкімдік пен мәслихаттың, «Нұр Отан» партиясы фракциясының үнемі назарында. Мәслихат сессиясында қаралатын бюджет және басқа да өзекті мәселелер облыстық қоғамдық кеңестің отырысында алдын ала талқылаудан өтеді. Оның үстіне мәслихат хатшысы қоғамдық кеңес алдында облыс әкімімен бірге қосымша баяндама жасайды. Қоғамдық кеңес алаңында   ашық, жария түрінде депутаттар мен үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен  қоғамдық тыңдаулар  үздіксіз өткізіледі.
– Бүгінгі қоғамда жергілікті мәслихаттардың рөлі қандай және  алтыншы шақырылымның бір жылы қалай   қорытындыланды?
– Мәслихаттарды  жергілікті өзін-өзі басқарудың  негізі деп айта аламыз. Депутат болу ол тек халық қалаулысы деген атақ емес, ол елге деген құрмет, білім мен тәжірибе, іскерлік қабілетпен келетін абырой. Біздің күнделікті өмірімізде жетістіктермен қатар, толық шешімін таба алмай жатқан мәселе аз емес. Сондықтан әлеуметтік мәселелер, кәсіпкер¬лікті дамыту, жұмыссыздықты жою  жайы халық қалаулыларының үнемі басты назарында. Бұл міндеттерді абыроймен атқару – депутаттың парызы. Билік тармақтарының алдында тұрған ең басты мақсат мемлекетімізді одан әрі нығайту болып табылады.    
Елдің дамуымен халықтың əлеуметтік-эконо¬микалық жағдайы да өзгеріп отырады, сондықтан əрбір шақырылымдағы мəслихаттар экономика мен қоғамдағы маңызды рөлге ие болып қала береді. Арада өткен жылдары мəслихат құрамына өндіріс, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру жəне мəдениет салаларындағы бірқатар таңдаулы өкілдер сайланды. Олардың көпшілігі өздерін қайраткер, іскер басшы, ұйымдастырушы ретінде көрсетіп, халық қалаулысы ретінде тұрғындардың мұң-мұқтажы, талап-тілектерімен көп жұмыс жасап, қалың бұқара мен билік органдары арасында алтын көпір болып, қазіргі күні де аймақтың қоғамдық-саяси жəне экономикалық, əлеуметтік салаларына белсенді араласуда.
Қазіргі таңда жұмыс істеп жатқан ¬алтыншы шақырылымның бүгінге дейін 12 (6-ы кезекті, 6-ы  кезектен тыс) сессиясы өтті. Мәслихаттың алғашқы сессиясында мәслихат хатшысы сайланып, 4 тұрақты комиссия нақтыланды, олардың төрағасы мен мүшелері анықталды және «Нұр Отан» партиясының облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясы тіркелді.  
Облыс бойынша  мектеп  алдындағы  даярлық пен балабақшалардың   жағдайы бойынша мәслихат шешімінің орындалу барысы қаралды. Сессия қорытындысы бойынша 3 пен 6 жас аралығындағы балалардың қамтылуы 2012 жылдан бері 24,8 пайызға өсіп, бүгінде 100 пайызға жеткендігі атап көрсетілді. Сонымен бірге, білім мен тәрбие беру ұйымдары жұмыстарының  сапасын көтеру және оны үнемі жетілдіріп отыру мәселесі  нақтыланды. Кейінгі сессияларда 2015 жылға арналған облыстық  бюджеттің  орындалуын  бекіту және облыс әкімінің өзіне жүктелген функция мен міндеттердің  орындалуы  туралы  есебі,  2017 жылдың бюджетін қалып-тастырып, бекіту, ауылшаруашылық өнеркәсі¬бінің жағдайы мен перспективалары туралы, т.б мәселелер   сессияда  қаралып,  жалпы саны 114 ше¬шім қабылданды. 
Облыстық мәслихаттың жалпыға міндетті маңызы бар шешімдері әділет органында уақытылы тіркеліп, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.  Ал, шешімдердің заңдылығына сәйкес прокуратура органынан наразылықтар болған жоқ.  
Сессияда қаралатын негізгі мәселелерге қатысты комиссия құрылып, алдын ала зерттеліп,талдау жасалынады, қала-аудандарда тиісті мамандар мен жұмысшы топ мүшелерімен қатар саяси партия, үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қатысуымен көпшілік тыңдаулар ұйымдастырылып, сессияда талқыланған соң шешім қабылданады. 
– Ашықтық,  жариялылық,  есеп беретін мемлекет қалыптастыруда  мәслихат  депутаттарының белсенділігі  қандай? 
– Депутаттардың сайлаушылармен өзара байланысы және бірлесе атқаратын жұмыстарының тәртібі қалыптастырылған. Мысалы, «ҚР Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңына сәйкес депутаттар өздері сайланған сайлау округтері бойынша кестеге сәйкес кездесулер жасап, есеп береді. Сонымен бірге, барлық депутат облыстық ақпараттық-насихат тобының мүшелері ретінде де ел арасында жиі болып тұрады. Олардың  қабылдау  жасау орны мен уақыты туралы ақпарат облыстық БАҚ-та және мәслихат сайтында жарияланған.
Халыққа мәслихаттың қоғамдағы рөлі мен депутаттардың атқарып жатқан жұмыстарын терең түсіндіру мақсатында медиа-жоспар әзірленіп,  облыстық телеарнадағы «Мәслихат» бағдарламасы арқылы 15 депутат  сұхбат берсе, облыстық  газеттерге депутаттың сайлауалды бағдарламасының   орындалу барысы мен депутаттық қызметі жайлы 22  мақала  жарияланды. Сонымен қатар,  қазіргі таңда жұмыс жасап тұрған облыс мәслихатының  жеке сайты мен әлеуметтік желілердегі парақшада қажетті  барлық  мәлімет  орналасқан.  Өткен жылы облыстық мәслихат депутаттары «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдау бөлімінде 114 азаматпен жеке қабылдау өткізіп, оның 71,3 пайызы оң шешімін тапса, депутаттардың өз жұмыс орнындағы жеке қабылдауда барлығы 783 сайлаушыдан өтініш түсіп, оның 72,8 пайызы шешімін тапты. 
Депутаттардың өз қаражатынан әлеуметтік жағдайы төмен  азаматтарға үнемі қайырылымдылық қолдауын БАҚ арқылы көріп-біліп жүрсіздер деп ойлаймын. Өткен жылы депутаттар тарапынан тек қана қаржылай 20 млн теңгеге жуық көмек көрсетілді. Бұдан басқа, материалдық-техникалық қолдау, азық-түлікпен қамтамасыз ету, жұмыспен қамту, құрылыс, жөндеу, т.б көмектер көрсетіліп келеді. Бұның барлығы депутаттардың тұрғындар алдындағы жеке бас жауапкершіліктерінен, аза-мат¬тық қасиеттерінен туындап жатқан шапағатты іс.
– Бүгінде барлық тірліктің басы қаржыға келіп тірелетіні белгілі. Облыс  бюджеті және бюджеттің орындалуы жай-күйі қалай?
– Мәслихаттар құзыретіне Заңмен жүктелген мәселелердің бірі  жергілікті бюджетті және оның атқарылуы туралы есептерді бекіту болып табылады. 
2016 жылдың ішінде облыстық ¬бюджетке 7 рет (1 рет – кезекті, 6 рет – кезектен тыс сессия¬да) өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Нақтылау нәтижесінде 2016 жылға арналған облыстық бекітілген бюджет 151,0 млрд  теңгеден жыл соңында 209,7 млрд  тең¬геге дейін, яғни, 58,7 млрд теңгеге немесе 38,8 пайызға өсті. Депутаттар бюджетті үнемі жан-жақты қарап, өздерінің ұсынысы мен ескертпелерін енгізіп отырады. Ол алдын ала тұрақты комиссиялардың отырысында талқыланады. Сонан соң кезекті сессияға негізгі мәселе ретінде шығарылады. Ал, облыстық бюджеттің атқарылуы облыстық мәслихатта  бекі¬тіледі. Оған дейін,  Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясы, жергілікті атқарушы органның бюджет туралы жылдық есебіне қорытынды есеп  әзірлеп, мәслихатқа ұсынады.
«2017-2019 жылдарға арналған облыстық бюджет және жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы»  мәселеге қатысты арнайы уақытша комиссия құрылып, барлық бюджет әкімшілерінің есебі тыңдалып, ұсыныстары талқыланып, сессияда шешім қабылданды. Соның нәтижесінде Қызылорда облыстық мәслихатының Бюджет жөніндегі тұрақ¬ты комиссиясы  отырысында депутаттар тарапынан  болған ұсыныстарға сәйкес 5,2 млрд теңгені құрайтын 121  сұраныс облыс әкімдігіне жолданды. 
Осы сұраныстың  60 пайыздан астам бөлігі (3,2 млрд теңге) бюджетке енгізілді.  
– Мәслихат хатшысы мен мәслихат аппа¬ратының жұмысы туралы қысқаша айтып өтсеңіз?
– Облыстық мәслихат пен оның органдарының жұмысын ұйымдастырушылық, құқықтық, мате¬риалдық-техникалық және өзге де қажеттілікпен қамтамасыз етуді «Қызылорда облыстық мәсли¬хатының аппараты» мемлекеттік мекемесі жүзеге асырады.  Мәслихат аппаратында,    тұрақты негізде қызмет атқаратын 1 депутат, штаттағы 6 мемлекеттік қызметші және штаттан тыс 8 қызметкер бар.
Мәслихат хатшысы мен мәслихат аппараты тарапынан  депутаттардың өз өкілеттіктерін тиімді атқаруға ықпал ететін мүмкіндіктің барлығын қарастырып, оларға тиісті көмек уақытылы бері¬луде. Депутаттар жұмысына қажетті ақпараттар оларға қағаздай және электронды нұсқада дер кезінде жеткізіліп тұрады.  
Мəслихат жұмысының тағы бір маңызды бөлігі – оның жанындағы тұрақты комиссиялар. Бізде,  экономика, қаржы және жергілікті басқару,   әлеуметтік және мәдени мәселелер,  өндіріс және шаруашылық салалары, қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану,  кәсіпкерлікті дамыту, жастар ісі және құқықтық мәселелер жөніндегі төрт комиссия жұмыс жасайды.
Барлығына дерлік маңызды мəселелер осында қаралады, келелі кеңестер осында өтеді. Облыстық мәслихаттың 4 тұрақты комиссиясы жұмыстарын тиісті жоспарға сәйкес жүргізіп, өз қызметі жөнінде мәслихат сессияларында  кезекпен есеп береді.
Депутаттардың  әлеуетін арттыру мақсатында арнайы іс-шаралар, оның ішінде, 4 рет құқықтық оқыту, 3  кездесу  өткізілді.  Оған әр саланың білікті мамандары шақырылды. Сессияда қаралатын мәсе¬лелерге қатысты және басқа да жоспардағы жұмыстардың тиімділігін арттыру барысында түрлі рейд үнемі ұйымдастырылады. Мысалы, облыстық мәслихат депутаттарының индустриялық аймақтардың жай-күйімен және Қызылорда қаласындағы автобус паркінің жұмысымен танысу мақсатында бағдарлама әзірленіп, рейдке шығып, бөлінген қаржының игерілу барысын білді. Сондай-ақ, денсаулық сақтау, ауылшаруашылық, бұқаралық спортты дамыту,  жылу, су,  энергетика, жол салу, құрылыс барысы мен жөндеу салаларының  жағдайымен танысып,   өзара пікір алмасты.   
– Алдағы сессияларда қаралатын негізгі мәселе¬лер туралы айта кетсеңіз, оқырманға тілегіңіз…
– Мәслихаттың жылдық жоспарына сәйкес, келесі сессияларда, 2016 жылғы бюджеттің орындалу есебі, жергілікті полиция қызметінің жағдайы, бірінші жартыжылдық бойынша облыс әкімінің  есебі, алдағы үш жылдық бюджетті қалыптастыру  сияқты, т.б  ірі  мәселелер  депутаттар талқысына салынатын болады. 
Өткен жылы тәуелсіздігіміздің ширек ғасыр¬лық мерейтойын атап өттік. Келелі де жемісті істеріміздің қорытындысына куә болдық. Бұл жылдары демократия мүмкіндігінше қанатын жайды. Көппікірлік пікір сайысы өрістеді. Халыққа тарихтың ақтаңдақтары ашылды. Отарлықтың ұзақ мерзімінен  кейін халық  ұлттық салт-сананы қалпына келтіріп, рухани жаңару жолына түсті. Осындай мәртебелі істерді жүзеге асыруда «Сыр бойы» газетінің орны әрбір оқырман үшін маңызды.  Ендігі жерде, «әркімнің толық бақытты болуы үшін – оған жүрегін мейірлендіретін отаны болуы керек» дегендей, отанымыздың бағын асыра беру жолындағы еңбектеріңіз жана берсін дегім келеді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан 
Қаныбек ӘБДУОВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз