ӨҢДЕУ САЛАСЫНЫҢ ӨРІСТІ ҚАДАМЫ

83

0

ӨҢДЕУ САЛАСЫНЫҢ ӨРІСТІ ҚАДАМЫЕлімізді индустрияландыру – халқымызды жарқын болашаққа бастау
екені мәлім. Сондықтан Елбасымыз шикізат өндіруші елден оны түпкілікті өңдеп, сыртқа
дайын өнім түрінде экспорттайтын мемлекетке айналдыруды мақсат тұтып отыр. «Біз
бастап отырған индустриалды-инновациялық дамудың екінші бесжылдығының басты міндеті
– өңдеу өнеркәсібін шикізат саласының деңгейіне жеткізу, біртіндеп одан да асып
түсу. Қазақстан әлемдік үздіктер аламанынан өз орнын иеленіп, өз несібесін алуы
тиіс. Біз таңдаған индустрия мен инновация дамудың нұрлы жолы болып саналады»,
– деді Н.Назарбаев.

Сыр өңірінде соңғы жылдары өңдеу өнеркәсібі саласы көрсеткіштері
өсіп келеді. Бұл аймақ экономикасын әртараптандыру
бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың нәтижесі деп түсінген абзал. Оны облыстық
индустриялық–инновациялық даму басқармасының келтірген көрсеткіштерінен анық байқауға
болады.

Ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында өнеркәсіптің өңдеу өнеркәсібі
саласында 28,5 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі (НКИ) өткен жылдың
ұқсас кезеңімен салыстырғанда 114,1 пайыз құрап, өнім көлемі артқан (республика
бойынша НКИ 100,3 пайыз). Өңдеу өнеркәсібі саласы көрсеткішінің 14,1 пайызға жоғарылауына
Индустриялық карта аясында іске қосылған жобалар мен бұрыннан жұмыс жасап келе жатқан
кәсіпорындардың өнім көлемін былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда едәуір
арттыруы себеп болып отыр.

Оның ішінде: өңдеу өнеркәсібі тамақ өнімдерінің өндірісінде
7,7 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, НКИ өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда
22,3 пайызға артқан (оның ішінде, 42 030 тонна күріш өңделіп, НКИ 33,5 пайыз
жоғарыласа, Индустриялық карта аясында іске қосылған «Арал тұз» АҚ мен «Рза»
АҚ-ның жобаларының арқасында йодталған тұз өндіру 17,9 пайызға, өңделген сұйық
сүт өндіру 2,2 есеге өсіп отыр).

Жеңіл өнеркәсіп өндірісінде есепті кезеңде 64,2 млн теңгеге
өнім өндіріліп, НКИ өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 100,1 пайызды
құраған.

Негізінен жеңіл өнеркәсіп саласының облыстың өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі
қаңтар-наурыз айларында 0,2 пайызын ғана құрап отыр.

Мұнай өнімдерін өңдеу саласында (бензин, солярка, мазут,
сұйытылған газ) 1,2 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, НКИ 109,4 пайызды құрады. Облысымызда мұнай өнімдерін өндіретін
жылдық қуаттылығы 100 мың тонналық «Қызылорда аз тонналық мұнай өңдеу зауыты»
(КМНПЗ) ЖШС жұмыс жасауда. Кәсіпорын тарапынан қазіргі кезде мұнай өндірісі
көлемінің төмендеуіне қарамастан жұмысшылар санын қысқартпай, өнім көлемін
көтеру бағытында жұмыстар жасалуда. Алдағы уақытта зауыт басшылығы индустриялық
даму бағдарламасы аясында мұнай өңдеу көлемін жылына 500 мың тоннаға дейін
ұлғайтуды жоспарлауда.

Химиялық өнеркәсіп өнімдері саласында 2,5 млрд теңгенің өнімі
өндіріліп, НКИ 129,6 пайызды құраған. Бұл салада облыс бойынша үдемелі
индустриялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асқан Жаңақорған ауданындағы
жылдық қуаттылығы 500 мың тонна күкірт қышқылын өндіретін «СКЗ-U» ЖШС және
Қызылорда қаласындағы «Хуа Ю Интернационал в Кызылорде» ЖШС тұрақты түрде жұмыс
жасауда.

Атап айтқанда, 2016 жылдың 3 айында «СКЗ-U» ЖШС-да 142,8 мың
тонна күкірт қышқылы өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 32,2 пайызға
жоғарыласа, «Хуа Ю» ЖШС толық қуаттылықта жұмыс жасап, жергілікті мұнай
өндіруші «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ және «СНПС-АйДан Мұнай»
акционерлік қоғамын қажетті химиялық реагенттермен қамтамасыз етіп отыр.
Кәсіпорын 2016 жылдың 3 айында 176,5 млн теңгенің 379,7 тонна химиялық
реагенттерін өндіріп, өнім көлемін 6,3 пайызға жоғарылатып отыр. Негізінен
кәсіпорынның жылдық қуаттылығы 2000 тонна химиялық реагенттер өндіру.

Резеңке және пластмасса бұйымдары өндірісінде 1,0 млрд
теңгенің өнімдері өндіріліп, НКИ өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 46,8
пайызға артқан. Бұл сала бойынша облыс көлемінде пластикалық есік терезе
шығаратын шағын цехтар мен полиэтиленді құбырлар шығаратын «Қуат» ЖШС мен
«Қазақстанның Мұнай Химиялық «Кемикал» компаниясы ЖШС жұмыс жасауда.

2016 жылдың І тоқсанында өндіріс көлемі «Қуат» ЖШС-да 215,8
млн теңгені құрап, 3,6 есеге жоғарылап отыр. Өнім көлемінің жоғарылауына
кәсіпорын өткен жылдың ұқсас кезеңінде тапсырыстың азаюына байланысты 58,7
пайыз қуаттылықта ғана жұмыс жасаса, биылғы жылы аудандандарды газдандыру
жұмыстарына өндірген өнімдері пайдалануда.

Сонымен қатар, «Кемикал» ЖШС-да 821,2 млн теңгенің өнімдері
өндіріліп, 33,5 пайызға жоғарылаған.

Металлургия өнеркәсібінің негізгі бағалы және түсті
металдарды өндіру саласы бойынша 12,4 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, НКИ өткен
жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2,2 пайызға артқан.

Бұл салада негізінен «Қазалы вагон жөндеу депосы» ЖШС,
«Қазалы локомотив жөндеу депосы» ЖШС, «Ремпассажирвагон» ЖШС, «Сексеуіл
локомотив жөндеу депосы» ЖШС темір жол саласында қызмет көрсетуде.

Құрылыс заттарын өндіру саласы бойынша 936,0 млн теңгенің
өнімі өндіріліп, 2015 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда НКИ 2,7 есеге
ұлғайған.

Бұл саланың
көрсеткіштерін жоғарылату мақсатында үстіміздегі жылдың 1 наурызында облыс
әкімінің іс-шара жоспары бекітіліп, тиісті басқармаларға берілген тапсырмаларға
сәйкес ағымдағы жылдың 3 айында құрылыс кірпіштерін өндіру 2,6 есеге, тауарлы
бетон өндірісі 2,2 есеге көбейді. Сондай-ақ, Индустриялық карта аясында 2015
жылдың желтоқсан айында іске қосылған «РМЗ Шапағат» ЖШС-ның жылдық қуаттылығы
35 мың шаршы метр құрайтын үй құрылыс комбинатымен 2017 жылы 90 пәтерлі тұрғын
үйдің құрылысы салынуы жоспарланып отыр.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, 2016 жылдың І тоқсанында
облысымызда өңдеу өнеркәсібі саласы барлық ауданда 100 пайыздық межеден жоғары
көрсеткіштерге қол жеткізді.

«Өндірісті дамыту –
елді дамыту, өндірісті нығайту – тәуелсіздікті нығайту. Сондықтан бұл салаға
жұмсалған әрбір тиын, бұл бағытта істелген әрбір шаруа мәнді. Осыны көкейге
түйіп жүрейік», – деген Елбасы тапсырмасын Сыр еліндегілер жете түсінуде.

 

Ыдырыс
ТӘЖІҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз