ДҮНИЕНІҢ ТӨБЕСІ ДИІРМЕНТӨБЕДЕН БИІК ЕМЕС

172

0

ДҮНИЕНІҢ ТӨБЕСІ ДИІРМЕНТӨБЕДЕН БИІК ЕМЕСҚР ҰҒА академигі,  экономика ғылымдарының докторы, 
«Болашақ» университетінің ғылыми жетекшісі 
Бақберген Досманбетовпен сырласу.
Белгілі демограф, экономист-ғалым Бақберген Сәрсенұлы Досманбетов 1945 жылы Қармақшы ауданындағы Диірментөбе теміржол бекетінде дүниеге келген.
Мәскеудегі инженерлік-экономикалық институтында оқып, «құрылыс және қала шаруашылығы экономикасы мен оны басқару» мамандығын алып шыққан. Осы жоғары мектептің аспирантурасын бітірген.
1977-1991 жылдары Қызылорда педагогикалық институтында оқытушы, кафедра меңгерушісі, оқу ісі жөніндегі проректор қызметтерін атқарды.
1991-1996 жылдары Қызылорда пединститутының ректоры болды. 
Ректорлық қызметінде оқу орнының еліміздегі алдыңғы қатарлы ғылыми-зерттеу және білім беру орталығына айналуына орасан зор жұмыс атқарды. Қазақстанда алғашқылардың бірі болып, оқытудың инновациялық технология жүйесін, білімін тексерудің тестілік әдістерін енгізді. Университеттің Қорқыт ата атымен аталуына тіке¬лей бас¬тамашы болды. 
1996-1999 жылдары Қызылорда қаласының әкімі, Арнайы экономикалық аймақ кеңесінің төрағасы қызметін атқарды.
1999-2011 жылдары ҚР Парламенті Сенатының 2,3,4 шақырылымдарында депутат болып сайланып, 12 жыл бойы заң жобаларын дайындап, жұмыс топтарына жетек¬шілік етті. Ел экономикасының өр¬кендеуіне өз үлесін қосты.
Экономика ғылымдары бойынша 14 кандидаттық, 2 докторлық диссертацияға ғылыми жетекші болған. 11 ғылыми мо¬нографияның, басқа да кітаптардың авторы.
Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының, инженерлік ғалымдар Академиясының, Ұлт¬тық қо¬ғамдық халықаралық жоғары мектеп Академиясының ака¬демигі. Сеул университетінің құрметті профессоры.
Мемлекеттік, қоғамдық қызметтеріндегі, ғылымдағы нәтижелі еңбектері үшін «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, көптеген медальмен марапатталған. 
Бүгінде материалдық-техникалық, лабораториялық ба¬засы нығайған, даму үстіндегі «Болашақ» университетінің ғылыми жетекшісі.
МҰҚТАЖДЫҚ
…Әкем есекте, мен шөп тиелген арбаның артында ілбимін. Бір арба  шөпті дөңгелетіп келе жатқан есек емес, өзім сияқтымын. Аяғымды зорға басамын, белбеулеп алған шалбарымның ышқыры жалаңаш мықынымды жеп келеді. «Ертең өсемін. Менің де балам болады. Сонан әкемнің орнына есекке мінемін. Балам ілбіп арбаның арты¬нан ереді. Дүниенің бар қызығы Диірментөбеден әрі-бері жүйткіген пойызға мініп өте шығады. Сол пойызға біз қашан мінеміз?»
– Бақбер, шөп шашылып қалмасын, – дейді әкем арба қайқаң еткенде. Әкеме шөп шашылып қалмаса болды. Еңсем көтере алмайтын ойларымды шашып алып, қайта жинаймын. «Сонда мен мына жалғанға шөп тасу үшін келіп-кеткен болам ба? Бұл азаптан құтылу үшін не істеуім керек? Оқуым керек, жақсы оқуым керек. Анау ересек балалар теміржол жұмысшыларымен көлеңкелеп оты¬рып шылым шегеді. Олар балаларға оқу іздеу керектігі жөнінде айтпайды. Оның орнына сыңаржақ әңгі¬ме¬лерді сапырады. Өйткені олар ештеңеге мұқтаж емес. Қара жұмыс, тапқан нандарымен жан дүниелері түгел. Ал, мен мұқтажбын. Өмір бойы дәл бүгінгі қалпымда қалып қоймауға мұқтажбын. Осы мұқ¬таж¬дық менің санамды оятты, білім үйренуге бастады.
АҚ ҚҰС
Арманшылмын ба, қиялимын ба, бала күнімнен төбемнен бір ақ құс айналып ұшып жүргендей әсерде болатынмын.
Мәскеудің инженерлік-экономикалық институтын бітіріп жатқанымда ұстазым Анатолий Евсеевич Розинский «ас¬пи¬рантураға оқуға қал» деді. Ауылда ата-анам бар, бауырларыма да көмектесуім керек. Сол оймен қайтып кеттім де, Қызылорлаға келіп жұмыс істеп жүрдім.
Бір күні құрылысшылар мере¬кесінің концерттік бағдарламасын жүргіздім. Осы кешке Қазақстан ЛКСМ ОК-нің 1-ші хатшысы Зақаш Камаладинов те келе қалыпты. Шамасы басқарушылық қырымнан жақсы көрінген болсам керек, концерттен соң Зақаш ағай мені қалалық комсомол комитетінің 1-ші хатшылығына қызметке шақырды. Мен аспирантураға оқуға түсуім керек екенін айттым. Әрине, бұл менің жасымдағы адамға үлкен жұмыс, оның үстіне үлкен кісі айтып тұр. Бірақ бастықтықтың өмірлік жұмыс емес екенін түсіндім. Кез келген уақытта ол орыннан бо¬сап кетуім мүмкін. Оқып, ғылым жолына түссем – өмірлік жол. Ғалымдығымды ешкім алып қой¬майды. Ұстазымның сілтегені де осы жол еді. Сөйтіп, Мәскеуге қайта барып, аспирантура оқып келдім. Институтта жақсы жұмыс істеп, ка¬федра меңгерушілігіне көтерілдім. Осы жетістігімді айтып, ұстазым Анатолий Евсеевичке хат жаздым. «Ол сенің орның емес» деген жауап келді. Көп жылдан соң ұстазыма «институт ректоры болдым» дедім. Сол жауапты алдым – «ол сенің орның емес». Енді біраз жылдан соң «қаланың мэрі болдым» деп хат салдым. «Ол сенің орның емес» деді ұстазым тағы да. Ақырында «Астанада тұрып жатырмын, Сенат депутатымын, ғылым докторымын» деп хат жібердім. Бұл жолы ұстазымнан «Мұның дұрыс. Бірақ дұрыс деп мен Сенаттығыңды емес, ғылым жолындағы ізденісіңді айтып отырмын» – деген жауап алдым. Міне, мен мақсатқа жетуді осындай ұстаздардан үйрендім. Мақсатсыздық жолы айқын емес. Түсіп кететін ор күтіп тұр ма, тістеп кететін бөрі күтіп тұр ма, білмейсің. 
Осы кездің бәрінде де баяғы ақ құс төбемде айналып жүріпті. Ұстазымның қайта-қайта «ол сенің жолың емес» дегенінде терең мән жатыпты. Ақ құс – менің ар¬ма¬ным, ал, арманым ғылым жолы екен. Ұстазым мұны менің жас кезім¬дегі жүрек лүпілімнен-ақ ұғып қойғандай.
ЕҢ БИІК 
ТАУ –ТАБАЛДЫРЫҚ
Әдетте журналистердің кө¬кейін¬де «ғылым докторысыз, про¬фес¬сор, академиксіз, енді «инемен құдық қазбай-ақ» қойсаңыз болатын шығар» деген сұрақтың тұруы кәдік. «Түстік өміріңе кешке жететін білім жи» дегенді ғұламалар неге айтқан? Ғылым да жеміс ағашы сияқты, күтіп-баптағанға жемісін төге бе¬реді. Ғылым үйреніп, оны халыққа үйреткен адамның мол сауабы бар екенін дін де айтады. Ендеше ғылым жолы – менің өмір жолым. 
Кезінде Әуелбек Қоңыратбаев, Сахабаддин Елубаев сияқты ірі ғалымдар ҰҒА-ның академигі ата¬ғына ұсынылса да ала алмады. Елдегінің еншісіне аз олжа тие¬тін заман еді. Қазір ғылымды да, ғалымдықты да қолдайтын, баға¬лай¬тын кез келді. Олай болса, мен берілген атақты жас ұрпақтың білім алуы қандай жағдайға мұқтаж болса, сол керекке саламын. Мен бұл ойымды іске асыруға кірісіп те кеттім.
Осы бүгінде Сырдарияның сол жағалауынан екінші Қызылорданың іргетасы қалана бастады. Сонымен бірге «Болашақ» университетінің жаңа үлгідегі ғимаратының да іргесі көтеріліп жатыр. Ғимараттың қос қанаты 5 қабатты, қасбеті 12 қабатты, яғни, Қызылордадағы ең биік ғимарат әзірге осы болмақ. Жалпы ауданы 10,8 гектарды алып жатқан бұл жер «Студенттер қалашығы» деп аталады. Осы аумақтан Студенттер сарайы, стадион, оқытушыларға арналған 60 пәтерлік тұрғын үй, 60 орындық балабақша, студенттерге қызмет көрсету орталығы салынады. Қызмет көрсету орталығында шаштараз, сән салоны, ұялы телефон операторлары, ХҚК филиалы сияқ¬ты барлық қажеттіліктер орналаса¬ды. Сонымен бірге университет жанынан медфакультет ғимараты, клиникасы және екі колледж құры¬лысы бой көтереді. 2,5 гектар аумақтық дендропарк ашылады. Қалашықта фонтандар, гүлзарлар, демалыс-сауда орындары сап тү-зейді. Қазірдің өзінде бұл жерге 750 түп терек, 8 мың түп тірі шарбақ – «берючина» отырғызылды. Келесі жылы бас ғимарат жұмысы бітіп, қалашық құрылысы 4-5 жылда түгел аяқталады.
Ең басты мақсат – жас ұрпақтың әсем де, жайлы жерде өмір сүріп, білім алуы. Олар өз уақытын тұрмыс мұқтажына емес, оқу мұқтажына жұмсауы тиіс. 
Бүгінде университеттің ғы¬лыми-тәжірибелік орталығына қа¬расты 28 гектар жеміс бағы, 100 бал ара омартасы, балық өсіріп отырған көлі бар. Демек, студенттер асханасынан қысы-жазы қызанақ пен қияр үзіл¬мейді. Бұған қоса алма, алмұрт, шие, өрік секілді жемістердің сақталып, сарғайып жеткенін емес, ағаштан үзіп, албырап тұрғанын жегенге не жетсін?!
Мен көп елді араладым, 55 шет елде болдым. Көргендерімнің іші¬нен жылт еткен жаңалығын туған жерімнің игілігіне қостым. Адамның кіндігі туған жерге байланады. Ешбір адам туған жерінен бас¬қа қиядан қасиет таппайды. Мы¬салы, мен үшін дүниенің төбесі Диір-ментөбеден биік емес. Туған жерге деген перзенттік парызыңды өтеуден артық рақат та, бақыт та жоқ.
…Бірде ұстазымның үйіне бардым.
«Апаң жоқ еді» деп әп-сәтте дастарқанды дөңгелентіп қойды. Күрішті қайнатып, балықты былқытып алып келді.
– Мен осы бүгінге дейінгі өмір жасымның жиырма екі жылын жатақхана мен казармаларда өткізгенмін. Сондықтан үй-шаруасына, қазан-ошаққа олақ емеспін. Бәрін өзім атқара беремін, – деді ағайым.
Демография, аңшылық тақырыбында, қоғамдағы әртүрлі мәселелер жөнінде әңгіме айтылды. Қай
тақырыпты бастасаң да, даңғыл жолға түсіп тартып кете береді. Биыл жетпіс екіге шықты. Жас көрінеді әрі қимылы да әбжіл.
Ұстазымның бейнесін көріктендірген көкірегіне тұнған білім нұры екенін аңғарамын. «Білімді қу, байлық өзі келеді» депті көне пәлсапа. Мен осы сөздің мысалын Бақберген ұстаздың бойынан таптым.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз