«ДОЛЛАРДЫҢ БАҒАМЫ ТЕҢГЕНІҢ ҚҰНСЫЗДАНУЫНА ӘКЕП СОҚПАЙДЫ»

56

0

«ДОЛЛАРДЫҢ  БАҒАМЫ  ТЕҢГЕНІҢ  ҚҰНСЫЗДАНУЫНА  ӘКЕП  СОҚПАЙДЫ»АҚШ долларының бағамы бір күнде өсіп кетті. Бұған не себеп?
Алдағы уақытта бұдан залал шекпейміз бе? Өндіріс пен өнеркәсіпке әсері қандай?
Қарапайым халықтың қалтасына артық салмақ түспей ме? Бүгінде жұртшылықты
осындай сауалдардың мазалайтыны анық. Осы сұрақтарды біз Ұлттық банктің
Қызылорда облыстық филиалының директоры Ернар Жұмабековкеқойдық.


Өзіңізге белгілі, кеше Үкімет пен Ұлттық банк бірігіп брифинг өткізді. Басты
тақырып – Қазақстанның жаңа экономикалық саясатқа көшу жағдайы болды. Біз
осыған дейінгі валюталық дәліз жүйесінен шығып, инфляциялық таргеттеу тәртібіне
негізделген жаңа кредиттік-қаражат саясатын жүзеге асыруды бастаймыз. Сол
бойынша теңге еркін жылжитын айыру бағамына көшеді. Ендігі жерде валютаның
бағамын Ұлттық банк емес, нарықтың өзі реттеп отырады. Бұл біз ашып отырған
жаңалық емес. Дамыған елдердің барлығы осы жолдан өткен. Мұндай жағдайда
валютаның бағамы басты нәрсе болып саналмайды. Ең басты мәселе – бағалардың
тұрақтылығы.


Жаңа экономикалық саясатқа көшудің себебі неде?

– Бұл
бір күнде қабылданған шешім емес. Экономикалық саясаттың жаңа жүйесіне көшуге
Ұлттық банк бірнеше жыл бой дайындалды. Дегенмен, әлемдік нарықтағы жағдайдың
күрт өзгеруіне байланысты аталған жұмыс тезірек жүзеге асып жатыр. Мұндай
жүйеге Ресей Федерациясы көшіп кетті. Оның сыртында алпауыт мемлекет саналатын
Қытайдың өзінде экономикалық өсімнің саябырсуы байқалады. Ал біздің алыс-беріс,
барыс-келіс жағдайымыз аталған екі елмен тығыз байланысты. Негізгі экономикалық
қарым-қатынасымыз Қытай және Ресеймен болғандықтан біздің жаңа экономикалық
саясатты кезек күттірмей атқаруымызға тура келді. Және бұл дер кезінде
қабылданған шешім деген ойдамын. Әрине, алғашқыда біршама қиындықтар болады.
Дегенмен, болашақта біз бұл жүйенің пайдасын көреміз.


Мысалы, мұның қандай пайдасы болуы мүмкін?

– Ең
алдымен біздегі өнеркәсіп саласының бәсекеге қабілеттілігі артады. Мәселен,
ауылшаруашылық саласын алайық. Аталған салада біздің басты бәсекелесіміз Ресей
мен Қырғызстан болып есептеледі. Енді қараңыз, егер валюта бағамы бізде
бұрынғыдай тұра берсе, онда біздің базардағы баға да қымбат күйін сақтап
қалады. Есесіне Ресей мен Қырғызстанда баға арзандайды. Өйткені оларда
валютаның құлдырауы бар. Мұндай жағдайда ет, күріш, бидай, тағы басқа
ауылшаруашылық тауарларын Қазақстаннан сатып алғанша, Ресейге немесе
Қырғызстанға барып сатып әкелген оңай болады. Бұл дегеніңіз біздің өнеркәсіпті
қолдан құлатумен тең деген сөз. Заттың бәрін арзан деп сырттан әкеле берсек,
онда өзіміздің тауарлар өтпей, ақыр соңы оны өндіретін компаниялар шығынға
ұшырап, банкротқа ұшырайды. Ал жаңа экономикалық саясат жағдайында барлық
мемлекеттердегі бағалар бір қалыпта тұрады. Өз тауар өндірушілерімізді шығынға ұшыратпай,
аман ұстап тұрудың өзі үлкен пайда деп ойлаймын. Егер біздің кәсіпкерлер
жұмысын одан сайын жандандыра түсетін болса, онда Ресей нарығына еркін шыға
алады. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болғанымыздың негізгі себебі де осы
емес пе?! Сосын тағы бір мәселені ескеруіміз керек. Біз айлықты, салықты, түрлі
әлеуметтік көмектерді доллармен төлемейміз ғой. Барлық қаржылық қатынастар
теңгемен жасалады. Сондықтан доллар бағамының көтерілуі немесе төмендеуі
теңгенің құнсыздануына әкеп соқпайды.


Дегенмен, халық доллардың бағасына қарап нарықты бағамдайды ғой…

– Біз
Қазақстанда тұрамыз. Өзіміздің тәуелсіз мемлекетіміз бар. Осында жұмыс
істейміз. Тұрмыс кешеміз. Табысымызды доллармен емес, өзіміздің ұлттық валю­тамыз
– теңгемен табамыз. Енді неге біз дол­лардың бағамына бағынышты болуымыз ке­рек?
Осының өзі дұрыс емес. Сондықтан адам­дардың ой-санасындағы долларға деген
түсінікті өзгертетін кез келді.

– Ал
енді жаңа жүйе қарапайым халыққа қалай әсер етпек?


Күнделікті тұрмысқа қажетті тауарлардың бағасы қатаң бақылауда болады. Оның
үстіне, азық-түлік өнімдерін, киім-кешекті, тіпті кеңсе тауарларына дейін
өзімізде өндірушілер бар. Ал олардың бағаны бірден өсіріп жіберуге ешқандай
негізі жоқ. Бұл ретте, алып-сатарлардың пайда табу жолында бағаға өзгерістер
жасауы мүмкін. Дегенмен, оның өзін бақылауға болады. Жалпы, бір жыл бойына
инфлияцияның өсу болжамы 5-6 пайызды ғана құрайды. Сондықтан қарапайым халықтың
да қалтасына артық салмақ түспейді деген сенімдемін.


Рақмет.

Сұхбаттасқан

Ержан
БАЙТІЛЕС.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз