ДОСТЫҚТЫҢ ҚУАТЫ – ХАЛЫҚТА

44

0

ДОСТЫҚТЫҢ ҚУАТЫ – ХАЛЫҚТАБауыр басып баласын, сан мың ұлттың,
Шежіресің сақтаған сан ғұрыптың!
Қазақ Елі ту қылып татулықты,
Керуеніне айналды мәңгіліктің! – деп ақын жырлағандай татулығы тұғырлы, бірлігі берекелі Сыр елі халықтар бірлігі күнін салтанатпен атап өтті.
Орталық алаңда өткен мерекелік салтанатқа аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев қатысып, қызылордалықтарды Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықтады. 
– Біздің еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген 130-дан астам ұлт пен ұлыс бейбітшілікте өмір сүруде. Сондықтан біз ең басты байлығымыз – халықтың бірлігін сақтап, елімізді өркендетуге үлес қоса береміз, – деді аймақ басшысы.
Салтанатта өңір басшысы облысымыздағы славян, қырғыз, еврей, татар, корей, шешен ұлттық этно-мәдени орталықтары дайындаған ұлттық тағамдар көрмесімен танысты.
Орталық алаңдағы мерекелік бағдарламаны спорттық жарыстар көрігін қыздырса, жастар ұйымдары халық билерінің кең тараған түрлерін билеп, флеш-моб өткізді. Ал, денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлері қала тұрғындары мен қонақтарына тегін бауырсақтар таратты. «Қызылорда – достық мекені” атауымен қала көшелерінде авто және велошеру жүріп өтті. 
Мерекеге қатысушылар эстрада жұлдыздары Роза Рымбаева, Игорь Благодарный, Ренат Малцагов, Роман Ким және жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасын тамашалады.
Мамыр мерекесі күні қалалық мәдени және демалыс паркі де салтанатты түрде ашылды. Ашылу салтанатында  «Ұлт бірлігі – ұлы байлық!» атты театрландырылған қойылым және концерттік бағдарлама өткізілді. «Діні басқа, тілі басқа, тілегі бір» атты тақырыптағы театрландырылған қойылым халықтар достығының би композициясымен өрнектелді. М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінің өнерпаздары концерттік бағдарламасын ұсынды.
Бүгінгі таңда паркте 20-ға жуық аттракцион қызылордалықтар мен қала қонақтарына қызмет көрсетуде. Жаңадан 4 аттракцион іске қосылып, 6d кинотеатры, ойын бөлмелері секілді жаңа нысандар пайдалануға берілді.
***
Мамыр мерекесі облыстың барлық аудандарында үлкен ұйымшылдықпен аталып өтілді. Аралда «Достықты ту еткен – Қазақ елі” атты достық шеруі өтсе, Қазалыда орталық алаңда халық еңбек ұжымдарының мерекелік шеруін тамашалады.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз