ДӘСТҮРЛІ ДІНІМІЗДІҢ БЕРІК ДІҢГЕГІ

48

0

ДӘСТҮРЛІ ДІНІМІЗДІҢ БЕРІК ДІҢГЕГІСтуденттер сарайында ҚР Дін істері агенттігінің, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы, Қызылорда облысы әкімдігі мен Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың ұйымдастыруымен «Дін және әйел» тақырыбында республикалық форум өтті. 

Форум жұмысына ҚР Президентінің кеңесшісі, ҚР Президенті жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Гүлшара Әбдіхалықова, ҚР Дін істері агенттігі төрағасының орынбасары Марат Әзілханов және Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарова қатысты. 
Шараның мақсаты  қоғамның әр саласындағы әйелдердің басын қосу арқылы әйел құқығы, әйел мәртебесі, қазіргі әйел тұлғасы секілді ортақ мәселелерді талқылау, отбасылық құндылықтарды сақтай отырып, қоғамды рухани дамыту жолдарын іздестіру, жастар тәрбиесі, оның ішінде қыз бала тәрбиесіне көңіл бөлу және қазіргі таңдағы діндар әйел келбетін айқындау мен діни фанатизмнен сақтандыру жолдарын анықтауға ықпал ету болып табылады.  Жиынды Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры Қылышбай Бисенов жүргізіп отырды. 
Форумды облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарова сөз сөйлеп ашып, жиын жұмысына сәттілік тіледі. 
– Елбасы Алаштың анасы атаған Сыр еліне баршаңыз қош келдіңіздер! Сыр өлкесі – қазақы қалпы, бабалар салты сақталған қасиетті өңір. Тәуелсіз еліміздің іргелі бір бөлігі ретінде Қазақстанның көркейіп, өркендеуіне өз үлесін қосып келе жатқан аймақ. Бүгінгі қоғамдағы басты мәселелердің бірі бұл – дін төңірегіндегі аймақтық форумның  Сыр топырағында өтуі де біздің өңір мәртебесі биіктігінің бір дәлелі деп білемін.  Отбасы, ошақ қасының берекесі, ата мен ана, ұл мен қыз осы секілді құндылықтар халқымыз үшін қашан да қастерлі. Өнегелік негіздерді сақтау, отбасылық құндылықтарды жаңарту, жас ұрпақты салауаттылыққа тәрбиелеу сынды өткір мәселелерде әйелдің рөлі ерекше екені белгілі. Әйелге аса маңызды жауапкершілік жүктелген. Ол – адамзат ұрпағын сақтау. Осы орайда әйелдің отбасындағы және қоғам мен мемлекеттегі рөлін биіктету маңызды мәселелерге айналып отыр. Ұлы аналар ұрпағының жалғасы – бүгінгі қазақ қыздары да қоғам өмірінің барлық саласына белсене араласып келеді. Қазіргі кезде біздің басты мақсатымыз – дәстүрлі дінімізді, салт-дәстүрімізді шынайы дәріптеумен қатар, жас ұрпақты имандылыққа, салауатты өмір салтына тәрбиелей отырып, рухани бірлікке, діни төзімділікке баулу. Осы орайда олардың діни сауаттылығын қалыптастырып, теріс ағымдардың шырмауында кетпеуіне аналарымыздың қосатын үлесі мол. Бүгінгі форумда тың ойлар, құнды пікірлер айтылады деп ойлаймын, – деп жиын жұмысына сәттілік тіледі. 
Келесі кезекте мінбеге көтерілген ҚР Президентінің кеңесшісі, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Гүлшара Әбдіхалықова форумға қатысушыларды құттықтап, жылы лебізін білдірді. 
– Бүгін халқымыздың салттары мен дәстүрін қастерлеп,  ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде ерекше орны бар өлке – Сыр елінде өздеріңізбен кездескеніме аса қуаныштымын! Бүгінде өте маңызды мәселелердің бірі әйел және дін тақырыбындағы форумдарды биыл наурызда Алматы қаласында бастап, еліміздің Батысы мен Шығысында, Орталық Қазақстандағы бірнеше мемлекеттік университеттерде жалғасын тапты. Өйткені біздің елімізде бүгінгі таңда жат діни ағымдар мәселесі өткір тұр. Міне, сол жат ағымдардан жастарымызды сақтау, олардың діни сауаттылығын арттыру кезек күттірмес мәселе болуда. Бұл орайда, әрине, отбасының ұйытқысы, шаңырақ шырақшысы – әйел-аналарымыздың орны ерекше болмақ.  Ендеше, бүгінгі форумның маңызы да айрықша, – деп түйіндеді сөзін.  
ДӘСТҮРЛІ ДІНІМІЗДІҢ БЕРІК ДІҢГЕГІМұнан соң жиылғандар ҚР Дін істері агенттігі төрағасының орынбасары Марат Әзілхановтың дәстүрлі дін, ондағы әйел адамның бейнесі тақырыбындағы баяндамасын тыңдады.  Марат Алмасұлы өз баяндамасында асыл дініміздің адами қасиеттерді сақтаудағы маңызы, дәстүрлі діндегі әйелдің орны мен хиджап мәселесі туралы жан-жақты әңгімеледі. Жиын барысында сонымен бірге «Қазақ әйелі – қоғамның тәрбиешісі» тақырыбындағы ҚР Дін істері агенттігінің Діни оқу орындарымен байланыс және дінтану сараптамасы басқармасының бастығы Айнұр Әбдірәсілқызының, «Исламдағы әйел-ананың орны» туралы Қызылорда қаласындағы «Айтбай» мешітінің найб имамы Марат Үркімбаевтың, «Әлем діндеріндегі әйел мәртебесі» жөнінде Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің әлеуметтік және гендерлік зерттеулер ҒЗИ директоры Зәмза Қодардың және «Дәстүрлі қазақ отбасындағы және ұрпақ тәрбиелеудегі әйел аналардың рөлі» бойынша Қорқыт ата атындағы ҚМУ профессоры Меруерт Аңсатованың баяндамалары тыңдалды. Сондай-ақ, форум соңында Қорқыт ата атындағы  Қызылорда мемлекеттік университеті базасында құрылғалы жатқан «Қыз Жібек» клубының тұсаукесері өтіп, онда клуб жұмысы жан-жақты таныстырылды. 
Айнұр БАТТАЛОВА. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз