ДӘУЛЕТІ ДАРА, СӘУЛЕТІ ЖАҢА

80

0

Нағи Ілиясов атындағы ауыл бүгінгі таңда өзінің ғажайып құрылыстарымен қайран қалдырады. Жуырда ауылдық округ әкімдігі жаңа қонысқа көшті. Сонымен бірге осындағы жергілікті биліктің ғимараты біздің облыста ғана емес, республика көлемінде келбеті жағынан айшықты болып көрінетінін атап өткім келеді.
Ауылдағы құрылыстардың көпшілігі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынуда. Осында спорт кешені пайдалануға берілді. Оның негізі де, жоғарыда айтқандай, мемлекеттік-жекеменшік деңгейінде қаланды. Осыдан біршама жыл бұрын ауылдық округ аппаратының қызметкерлері «Мағжан және К» ЖШС-ның қызметтік ғимаратында отырушы еді. Арнайы жоба жасалды, жер телімі бөлінді, әрі қарай барлығы өз жөнімен жүре бастады. Жоба ә дегеннен Абзал Ералиевті барынша қызықтырды. Жұпыны ғимарат Н.Ілиясов ауылының болашақ көркін бұзып тұрғаны ә дегеннен көзге түсті. Алда ауылдың бас жоспары нақтыланды. Абзал Ералиев бұл орайда облыс әкімінің жеке инвесторларға қолдау көрсететінін жақсы білетін. Әлбетте, ол кісіден қолдау күтуге болады. Ұсынысын білдірді. Өз қалтасынан ақша салып, біршама бюджет қаржысына үміт артуға болады. Міне, типтік жобадағы көркем ғимарат салудың тиімді жолы дегеніміз осы! Әкім келісімін беріп, қолдау көрсетті. Бюджеттен бөлінген 33 млн теңгеге «Абзал және К» өз қалтасынан 70 млн теңге қосты. Жоба деп осыны айт! Ауыл көркі жандана түседі!
– Жобаның өзі ерекше көз тартуы тиіс. Ғимараттың көзге ұрып тұрған айрықша сипаты болуы шарт, – дейді бізбен әңгімесінде жобалаушы компанияның жетекшісі Мұрат Сәрсенбаев.
Айтса айтқандай, жаңа ғимараттың көлемі 375 шаршы метр. Бұл оның алғашқы жобалық көлемінен екі есе үлкен. Тіпті бұл ғимараттың ішінде қызмет кабинеттерімен бірге конференц-зал, ауылдық қоғамдық кеңес мүшелері үшін де орын табылды. Жаңа ғимарат ауыл орталығының ажарын бұрынғыдан да аша түсті. Айнала толған гүлзарлар, жол жолақтары соңғы үлгідегі жол плиталарымен қапталған. Біздің түсінгеніміз, егер әрбір істі жүрек қалауымен атқаратын болсақ, әрдайым осылай болатыны заңдылық.
«Мағжан және К» ЖШС, әрине, егіс алқаптарында еңбек етеді. Бірақ оның басқару ғимараты осы ауылда орналасқан. Осы жерден басқарылады, тірліктің қайнаған ортасы нақ ауылдың төрінде орналасқан деуге болады.
– Үстіміздегі жылы күріш егістігі 4,5 мың гектарды құрайды, – дейді серіктестік директоры Мағжан Ералиев. – 25 мың тонна дән жинадық. Оның 10 мыңы тұқым үшін зауыт қоймасына құйылды. Күріштің ақталғаннан кейінгі шығыны 60 пайыз, кейде одан да жоғары көлемді құрайды. Бұл біздің серіктестіктегі жұмыс тиімділігінің жоғары сапалы деңгейде екенін аңғартады. Біздің өндірісте тұтынушыларға жақсы мәлім Ресейдің «Янтарь», «Лидер», «Фаворит», сондай-ақ түріктің «Османчик» сорттары өсірілді. Өнімнің жартысы Қазақстанға, екінші жартысы Қырғызстанға, Тәжікстанға, Ауғанстанға, Моңғолияға, Әзербайжанға және Украинаға жөнелтіледі. Олардың соңғысы қалталанған ақұсақ сатып алады. Бұл өнім азық-түлік дүкендерінде үлкен сұранысқа ие болып отыр.
Нағи ауылындағы Германияның «Петкус» зауытында жоңышқа тұқымын тазалау жұмыстары басталды. Осы жылы 115 000 кг осынау маңызды мал азығы дақылының тұқымы жиналып алынды. Себу нормасына келсек, 1 гектарға 10 кг-дан сәл астам тұқым кетеді. Ауыл гүлденуде. Гүлденумен бірге дәулеті шалқып жатқанын айтсаңызшы бәрінен де. Осының барлығы адал бейнеттің, оның ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы қыруар жұмыстың нәтижесінде мүмкін болғанын айрықша көңіл-күй сезімімен атап өткіміз келеді.

Ж.ӘЛМАХАН.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз