ЕҢБЕК САЛАСЫНДАҒЫ ТҰРАҚТЫЛЫҚҚА ЕРЕКШЕ МӘН БЕРІЛЕДІ

44

0

ЕҢБЕК САЛАСЫНДАҒЫ ТҰРАҚТЫЛЫҚҚА ЕРЕКШЕ МӘН БЕРІЛЕДІКеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен
облыстық мәслихаттың кезекті 39 сессиясы болып өтті. Сессия төрағасы, депутат
Райкүл Байназарова күн тәртібін жариялағаннан кейін аймақ басшысы экономикадағы
қазіргі қалыптасып отырған жағдай мен алдағы жобалар жайлы тарата айтты.

Облыс әкімі өңірдің бүгінгі экономикалық
көрсеткіштерін саралай отырып, қазіргі таңдағы негізгі проблема мұнай өндіру
көлемінің төмендеуі, соған сәйкес сервистік компанияларда жұмыс көлемінің азаюы
екенін атап өтті. Бұл өз кезегінде жұмыс орындарының қысқаруына әкеп соғары
анық. Соған байланысты тиісті шаралар қолға алынған. Өңір басшысы алдағы айда
Сыр бойына Елбасының жұмыс сапары жоспарлануда екенін жеткізді. Сол кезде
Мемлекет басшысының назарына аймаққа қатысты бірнеше мәселе ұсынылады. Оның
алғашқысы «САРАТС 2» жобасын жалғастыруға, келесісі Байқоңыр қаласын жалға беру
жөніндегі кейбір жайттарға және 2016
жылғы республикалық бюджетте Сырдария өзенінде салынатын көпір қаржысын
қысқартпау секілді мәселелерге қатысты болады. Қырымбек Елеуұлы қазіргі
экономикалық қалыптасқан жағдайға байланысты бизнес құрылымдарын қолдау
шаралары, атап айтқанда, коммуналдық тарифтердің негізгі салмағын бюджеттік
мекемелерге салу қарастырылып отырғанын тілге тиек етті. Қызылорда облысының
халықаралық қаржы институттарымен жүргізіп отырған сәтті қадамдарын Елбасы мен
Үкімет басқа аймақтарға үлгі етіп, оларға да осындай жұмыстар жүргізуге
тапсырма беріп отыр. Аймақ басшысы бұл бағыттаойластырылған басқа да жобалар бар екенін атап өтті.

 

Мұнан соң күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – облыс
аумағында еңбек құқықтарының сақталу жайы және оларды жақсарту шаралары туралы
облыс әкімінің орынбасары Наталья Годунова хабарлама жасады. Ол еңбек
қатынастары саласындағы тұрақтылықты сақтау жөніндегі Мемлекет басшысы мен ҚР
Үкіметі тарапынан қойылған міндеттерді жүзеге асыру, еңбек заңнамалары
талаптарын сақтау мақсатында облыс аумағында ауқымды жұмыстар атқарылып
жатқанына назар аударды. Қолайсыз экономикалық ахуал мұнай-газ секторында және
басқа да салаларда қызметкерлердің жұмыстан қысқартылуына жоғары тәуекелдік
жағдайлар тудыруда. Соған байланысты, облыс әкімдігі тарапынан әлеуметтік
шиеленістің алдын алу мақсатында аймақтағы мекемелер мен ұйымдар
қызметкерлерінің жұмыстан қысқартылуы және оларды жұмысқа орналастырудың
жай-күйі бойынша мониторинг жүргізіліп
келеді.

Жыл басынан бері облыс бойынша 408 жұмысшы
қысқартылып, 143 жұмысшы ақысыз демалысқа шығарылған. 578 жұмысшы толық емес
жұмыс күнімен қамтылған. Сонымен қатар, қаңтар-тамыз айлары аралығында
экономиканың түрлі салаларында 7994 (оның ішінде 6482 тұрақты) жұмыс орны
құрылды. Осы мерзімде 464 мүгедекке жеке оңалту бағдарламасы әзірленіп, оның
334-і немесе 72 пайызы жұмыспен қамту органдары арқылы жұмысқа орналастырылды. Ағымдағы жылы облыс көлемінде еңбек
қатынастары саласында тұрақты жағдай сақталып, еңбек дауы бойынша бірде-бір
жағдай тіркелмеді. Жұмыс берушілермен жүргізілген жұмыстар нәтижесінде
облыстағы барлық мекемелер мен ұйымдарда түгел ұжымдық шарттар жасалды. Жұмыс
орындарын сақтау мақсатында жалпы саны 84 мың жұмысшыны қамтитын 4645 (оның
49-ы ірі (100 пайыз), 167-і орта (100 пайыз), 4429-ы кіші (94 пайызы) мекемемен
өндірістік процесті тұрақтандыру, еңбек құқығын және жұмысшыларды жұмыспен
қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі меморандумға қол қойылды.

Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік-еңбек
қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссия және облыстық
дағдарысқа қарсы штаб тұрақты түрде жұмыс істеп, соның нәтижесінде 2015 жылдың
1 қыркүйегіне кәсіпорындардың жалақы қарызы 12 есеге азайды. Өткен жылдың
тиісті кезеңімен салыстырғанда анықталған заң бұзушылықтар деңгейі
динамикасының төмендеуі байқалды. Сегіз айда еңбек инспекторлары 229 тексеру
жүргізіп, 326 заң бұзушылық анықтады.Жұмыс берушілерге 145 ұйғарым беріліп, жалпы сомасы 7,1 млн теңге
болатын 57 әкімшілік айыппұл салынды. Өткен жылдың тиісті кезеңімен
салыстырғанда өндірістегі жазатайым оқиғалардан зардап шеккендер саны 79
пайызға, жазатайым оқиғалар саны 2 есе азайған.

Жарыссөзге шыққан облыстық мәслихаттың уақытша
комиссиясы төрағасы, депутат Ө.Жүсіпов облыстық еңбек саласындағы бақылау
басқармасы жұмысын жандандыра түсу керек десе, депутат Н.Ерманов мүмкіндігі
шектеулі жандар үшін кедергісіз орта қалыптастырудағы жақсы бастамаларды одан
әрі жалғастыра беру туралы ойын ортаға салды.

Облыс басшысы қалыптасқан экономикалық жағдайда еңбек
даулары күрделене түсуі мүмкін екенін жеткізді. Сондықтан кәсіподақсыз
бірде-бір мекеме не ұйым болмауы керек. Сонымен қатар аймақ басшысы өзін-өзі жұмыспен
қамтамасыз етіп отырған жандарға шағын несие беру жолдарын қарастыру бүгінгі
күнгі ең дұрыс шешім болатынын жеткізді. Осы ретте, шағын бизнесті дамытуда
айтарлықтай жетістікке жетіп отырған Польша мемлекетінің тәжірибесін енгізу
бағытында жұмыстар қолға алынады.

«2015-2017
жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» Қызылорда облыстық мәслихатының 2014
жылғы 12 желтоқсандағы №236 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле
Құлымбетова хабарлама жасады. Өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін
2015 жылғы кірістер көлемі 138,6 млрд теңге болып бекітілді.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз