ЕҢБЕК ӘУЛЕТТЕРІНЕ ЕРЕКШЕ ҚҰРМЕТ

109

0

Кеше Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында «Еңбек күні» мерекесі аясында Еңбек әулеттерінің ІV форумы өтті. Форумға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.
Сыр өңірінде атадан балаға отбасылық құндылықтарды жеткізіп, жоғары кәсіби маман әзірлеуге үлес қосып отырған еңбек әулеттері жетерлік. Бұған дейінгі форумдар арқылы қаншама еңбек әулеттері облыс ғана емес, республикаға танылғаны белгілі. Жалпы, форумның мақсаты – жас ұрпаққа еңбек адамын таныта отырып, олардың аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестерін насихаттау, еңбек адамын құрметтеу.
Биылғы дәстүрлі форумда бақытын еңбектен тапқан бес еңбек әулеті марапатталды. Олардың қатарында теміржолшылар, омарташылар, ұстаздар, дәрігерлер және су шаруашылығының мамандары бар. Атап айтқанда, форум жеңімпазы Арал ауданынан Серікбай Наурызбаев әулетінің теміржолшылық еңбек өтілі 236 жылды құраса, қазалылық ұстаздар әулеті Шынтас Жәдиевтің отбасының еңбек өтілі 812 жыл екен. Жалағаш ауданының тұрғыны сушы Табынбаевтар әулетінің еңбек өтілі 98 жыл болса, шиелілік Тұрғанбай Тоқтыбаев бастаған омарташылар әулетінің еңбек өтілі 80 жылды құрайды. Ал, аралдық Сатай Қорғанбаевтың дәрігерлер әулетінің еңбек өтілі 78 жыл.
Салтанатты жиында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жиылғандарды, жеңімпаз еңбек әулеттерін құттықтады.
– Елбасының 2013 жылғы қарашадағы Жарлығымен бекітілген «Еңбек күні» мерекесін биыл төртінші рет атап өтіп отырмыз. Осы уақыт аралығында кәсібін атадан балаға мирас етіп, бір кәсіптің ғасырлық ғұмырын жасаған тұтастай еңбек әулеттерін тек ғана облысқа емес, сонымен бірге республикаға танытудамыз. Елбасымыз айтқандай, Қазақстан ХХІ ғасырдың ортасына қарай әлемнің ең дамыған 30 өркениетті елінің қатарына қосылуы тиіс. Сондықтан біздің басты мақсатымыз – баршаға ортақ еңбек қоғамын құру. Осы орайда біз жыл сайын әрбір еңбек етуші қазақстандықтың еліміздің экономикалық өсуіне қосқан елеулі үлесін құрметпен атап өтіп келеміз. «Еңбек адамды ер атандырады» деген асыл сөзді ата-бабамыз текке айтпаған. Сыр елінің 102 «Социалистік Еңбек Ерінің» есімі тарихта «алтын» әріппен жазылып қалды. Ал, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алған Абзал Ералив пен Юрий Пя тәуелсіз Қазақстанның төл мақтаныштары, біздің Сыр елінің түлектері,– деп атап өткен аймақ басшысы жеңімпаз еңбек әулеттерін құттықтап, оларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.
Сондай-ақ, шарада республикалық «Еңбек жолы» форумы аймақтық турының жеңімпаздары да марапатталды. Өз кезегінде қазалылық ұстаздар әулетінің мүшесі Өтеген Жаниет сөз алып, қарапайым еңбек адамдарына көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.
Салтанатты шара Сыр өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.
Айнұр БАТТАЛОВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз