ЕҢБЕККЕ ҚОЛ СОЗҒАНЫҢ – ЕЛ ТӨРІНЕ ОЗҒАНЫҢ

313

0

Сыр өңіріне танымал кәсіп­кер азамат, «Құрмет», «Парасат» ордендері­нің, көптеген мадақтамалардың иегері, облыстық мәслихаттың қатарынан үш дүркін депутаты, Қазалы ауданының құрметті азаматы, Қазақстанның құр­метті құрылысшысы Самұрат Иман­досовтың аты аталғанда көз алдымызға бір ауданның берекелі тір­шілігі қаз-қатар тізіле қалады.

Бір сәт өткен кезеңге шолу жа­сайық. Имандосовтың өзі туып-өскен Қазалы ауданының тізгінін ұс­таған шағы. Ауданда кең көлемде экологиялық ахуалды жақсартуды үндеген ауқымды облыстық семинар ұйымдастырылғаны тұрғындардың әлі жадында.

– Мен ол тұста Жанқожа батыр атын­дағы кеңшарда прораб қызметін атқарушы едім. Жоғарыда аталған облыстық семи­нарға қатысушылар біздің ауылға келіп елдің тыныс-тіршілігімен танысатын болды. Сол тұстағы кеңшар директоры Берік Бисенбаевтың басшылығымен қызу дайындыққа кірістік. Шаруашы­лық­тардың қожырап техника, жанар-жағармай, электр жарығы, ауыз су, жалпы кез келген қажетті дүниелердің көзден ғайып болған кезі. Десе де, соған қарамастан, қыруар шаруа тындырылды. Ауыл орталығынан «Әулие бағы» аталған саялы бақ, кең көлемді көкөніс сақтау қоймасы, басқа да нысандар пайдалануға берілді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы уақытша қиындыққа байланысты ат шана, түйе шаналар жасалып халыққа үлгі есебінде ұсынылды. Біз дайындаған түйемен тартып шығыр арқылы құдықтан ауыз су өндіру басты жаңалыққа айналды. Семинар жұмысын сол кездегі аудан әкімі Самұрат Имандосов, облыс басшысы  Сейілбек Шаухаманов өте жоғары бағалады, – деп байырғы құрылысшы Жаңа­бай Жақсылықов өткен шақты еске түсірді.

Бұл кезінде бір ғана Жанқожа батыр ауылында орын алған жайт. Ал аудан орталығында ұрпаққа тағылымы мол шара жүзеге асқан еді. Алдымен кент пен қала аралығындағы тас жолдың екі қапталы мұқият қоршалды. Әрбір мекеменің қарамағына жер бөлініп беріліп, жағалай тал егілді. Су жеткізіліп, талдардың күтіміне сол мекеме, ұжымдар жауапты ретінде  бекітілді. Нәтижесі де тез байқалды. Қысқа мерзімде жайқала өскен жасыл желек көз қуантты. Қазіргі сәтте ну орманға айналған шығар деп пайымдауыңыз ықтимал, құрметті оқырман. Солай болуы әбден мүмкін еді. Алайда, Имандосовтың  қызметі ауысқан соң  сәтімен басталған шаруа аяқсыз қалды. Қоршаулар қайтадан алынып тасталды. Күтімсіз қалған талдар бірен-сараны болмаса құрып кетті. Еріксіз басыңды шайқауға тура келеді. Егер Самұрат Жұманұлының сол бастамасы жалғасын тапқанда кент пен қала аралығы әлдеқашан тоғайға айналатыны анық болатын. «Ештен кеш жақсы» демекші, соңғы жылдары осы игі қадам қайтадан назарға іліккенін атап кеткен жөн. 

Қызмет жолын қарапайым гидротехниктен бастаған Самұрат ағамыз еңбек аталатын ұлы көштің шаршап-шалдығуды білмейтін жолаушысына айналды. Осынау еңбек жолында аудан экономикасының алға қарыштап дамуына сүбелі үлесін қосты. Аудан көлеміндегі бүгінгі таңға дейін егіс егіліп, мол өнім алынып, дүйім жұрт нәпақасын айырып отырған инженерлік жүйеге келтірілген егіс танапатарында өзге емес  Имандосовтың тамшылаған маңдай тері жатыр. Самұрат басшы­лық жасаған тұстағы ПМК-86 мекемесінің атағы жер жарғанын кім білмейді? Кезінде өзім де сол іргелі ­мекемеде құрылысшы болып жұмыс жасағандықтан ұжымдағы береке-бірлік, темірдей тәртіп, қарапайым еңбек адамына жасалған қамқорлықтан азды-көпті хабардармын. Аудан орталығындағы шағын ауданға ПМК-86 демеушілік жасаған уақытындағы ахуалы өте жоғары деңгейде болатын. Сол тұстағы ыстық, салқын су кіргізіліп, жылумен қамтылған мекемеге қарасты пәтерлерге екінің бірінің қолы жетпейтін еді. Мәдени шараларда да Имандосовтың мекемесінің  өзгелерден еңсесі биік тұратын.      

Біздің қолымыздағы «Самұрат Жұман­ұлы  – Елбасы ерекше мән берген, өмір талабына сай өндірісті өркендетуге өрелі ісімен айрықша үлес қосып жүрген білікті инноваторлардың бірі. Сыр өңірі оның есімін жер мен судың мәселесіне қанық тәжірибелі маман, парасатты басшы, халықтың қалаулы азаматы, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін сақтау мақсатындағы индустриялық-инновациялық жоба бойынша ұтымды жұмыс ұйымдастырушы тұлға деп таниды. Ауданда алғашқы болып нан және макарон, кондитерлік тағамдар дайындау цехын ашқан іскер жан. Ғани Мұратбаев ауылы Имандосовтың инвестор болуымен ең көркем елді мекендердің біріне айналды» – деген анықтама туған өлкесінің алдындағы перзенттік парызын еңбекпен өтеуді басты мұраты санаған арда азаматқа берілген елінің мінездемесі сынды. «Халық – құдайдың бір аты». Ал халқы осындай баға берсе ұлына одан асқан бақыт, марапат болар ма?

Самұрат Имандосов басқаратын  «РЗА» АҚ  облыс көлеміндегі тұрақты жұмыс ырғағынан жаңылмаған, қуатты техникалық және өндірістік базасы, бай материалдық ресурстары бар ірі мекемелердің қатарынан саналады. Акционерлік қоғамда 1200-ден астам адам еңбек етеді. Оған қоса  Қызылорда, Алматы, Астана қаласында тұрақты өкіл­дері жұмыс жасап келеді. «Жақсының жақсылығын айт, мерейі тасысын» деген халық даналығына сүйеніп іргелі ұжымның қоғамға қарасты шаруашылықтардың тыныс-тіршілігіне  қысқаша тоқталсақ.

«Рза-Асыл түлік» Қазақстанның ин­дус­­триалдық даму картасының бел­сен­ді қатысушысы болып табылады. Серік­тестіктің негізгі қызмет түрі – асыл тұқым­ды мал шаруашылығы, ет және сүт өндіру және өткізу. Біршама уақыт бұрын Венгриядан әкелінген 660 бас голштинофриз асыл тұқымды қашарлары төлі есебінен көбейіп 1600 басқа жетті. Жылына 5500 тонна сүт өндіріледі. Кешенге қажетті құрал-жабдықтар Голландия, Ирландия, Германиядан алынған. «Рза-Сүт»  сүт өнімдерін өңдеу және сатумен айналысады. Зауытта пастерлендірілген және ультрапастерлендірілген сүт, айран, қаймақ, ірімшік, сары май, құрт өнімдері шығарылады. Сүт өнімдері Сыр өңірімен қатар Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, ­Батыс Қазақстан облыстарында сатылуда. Орайы түскенде «РЗА» АҚ-ның «1200 басқа арналған ірі қара өсіру кешені және сүт өңдеу зауытының ІІ кезеңін» жүзеге асыру жоспарланып, тәулігіне 30 тоннаға дейін сүт өңдеу көзделуде.  «РЗА» мал фермасын сыртқы инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету» жобасын іске асыру жұмыстарының жоба-сметалық құжаттарын әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан өткізуге бюджеттен  қаралды» деген жағымды жаңалықты жеткізе кетсек.

Дәнді және мал азығындық дақыл­дарын егу мен өткізу жұмыстарымен шұғыл­данатын «Рза-Агро» 35 мың гек­тарға жуық жер учаскесін иемденеді. Серіктестік жылына 1 млрд теңге кө­лемінде өнім өндіреді. Оның ішінде 5 мың тонна ақталған жоғары сапалы күріш Ресей, Украина, Белоруссия, Тәжікстан, Түркіменстанға экспортқа жіберіледі. Ауылшаруашылық дақыл­­дарын өндіруде қуаттылығы жоға­ры,  Германияда шығарылатын «Джон Дир» фирмасының ­техникаларын пайдаланады. «Рза-Транс» ­болса акцио­нерлік қоғамның барлық бөлім­шелерін қажетті техникалармен қамтамасыз ете­ді. «Рза-Нан»-ның өндірістік цехы еуропалық стандартқа сай құрыл­ғылармен жабдықталған. Нан өнім­дерін өндіру қуаттылығы 3200 келіден астам. Нан және кондитерлік өнімдердің 40-қа жуық түрлері дайындалады.  «РЗА-Мұнай-Газ-Құрылыс»-тың Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарын жанар-жағармаймен қамтамасыз ететін мұнай резервуарлары бар.

«РЗА» осы аралықта  Қазақстан Рес­публикасы Президентінің ­«Алтын сапа» жүлдесіне қол жеткізіп, «Халық тұтынатын тауарларды шыға­ра­тын үздік кәсіпорын» номина­ция­сын­да үздік деп танылды.  ТМД Эко­номикалық кеңесінің шешімі бойынша «РЗА» АҚ ТМД сыйлығының дипломанты атанды.  Баршасы Самұрат Имандосовтың  ұйымдастырушылық қабілеті, ұжым мүше­лерінің ынтымақ-бірлігінің арқасында келген жетістік екені даусыз. «Елі сыйлаған есікте отырмайды» деп текке айтылмаса керек.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

Қазалы ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз