ЕҢБЕКТІҢ НАНЫ ТӘТТІ

205

0

Кең даланы дүбірге бөлеген егін жинау жұмыс­та­ры да мәреге жетті. Қазалылық диқандар жаз бойы төккен терінің өтеуіндей болған алтын астықты ысырапсыз қамбаға құйып та үлгерді. Ағымдағы жылы аудан бойынша ауыл шаруашылығы дақылдары 17 355 гектар жерге орналастырылса, оның 6705 гектарын басты дақыл – күріш құраған еді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 130 гектарға артық деген сөз. Майлы дақылдардың да  көлемі өскен. Жалпы, межеленген өнімді алуға біліктілік пен еселі еңбекке қоса түрлі тыңайтқыштардың да септігі мол екені белгілі. 

Дақылдардың өсу дәуірінде оңтайлы мерзімде агротехникалық шараларға сай күтіп-баптау шарасы өз мәнінде жүргізілумен қатар, егістікті сумен қамтуда ешқандай кедергі кездескен емес. Күрішке алғашқы орақ қыркүйектің бірінші онкүндігінде «Рза-Агро» ЖШС алқабында түсіп, нақты кезеңде аудан бойынша егін жинау жұмыстары толығымен аяқталды. Нәтижесінде қырманға 30197 тонна күріш салысы құйылып, әр гектарынанмежелі өнім алынды.

Аудан диқандарының ішінде «Рза-Агро»-ЖШС егілген 2500 гектар күріштің әр гектарынан 52 центнерден өнім алды дейді біздегі деректе. Қазалыда ақ егіс дақылдарын жинау да сәтті аяқталып, дақылдардың орташа гектар түсімі өткен жылмен салыстырғанда (сүрлемдік жү­гері­ден басқа) біршама жоғары болыпты. Сондай-ақ, табиғи шөп дайындау да басты назарда тұр. Қыс қыр астында екенін ескерсек, мал азығының маңыздылығы қандай екені тағы аян.

Егіншілік саласын субсидиялауға бүгінгі күнге 322,5 млн теңге субсидия төленген. Оның ішінде күрішке 120,7 млн теңге, жаңа жоңышқаға 23,2 млн теңге, сүрлем жүгеріге 13,8 млн теңге беріліпті. Сатып алынған (пайдаланған) тұқымға 28,6 млн теңге есептелініп, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына жолданып, аударылған. Алдағы жылдың егісі үшін жаздық бидай, мақсары, жоңышқа тұқымы дайындалып, сүдігер көтеріліпті.

Енді санаулы күннен соң егін жинаудың аяқталуына сай қалыптасқан дәстүрмен салтанатты жиын өткізілмекші. Онда тындырымды тірлігімен өзгелерден дара шыққан озаттар марапатталатын болады. «Еңбектің наны тәтті» деп тегін айтылмаса керек.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

Қазалы ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз