ЕГІН ШАРУАШЫЛЫҒЫН ӘРТАРАПТАНДЫРУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

51

0

ЕГІН ШАРУАШЫЛЫҒЫН ӘРТАРАПТАНДЫРУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫБерекелі күз келіп, ел ырысы – Сыр күрішін жинау науқаны басталып та
кетті. Ала жаздай төккен термен өнген алтын дәнді ысырапсыз жинап алу – бүгінгі
күннің басты талабы. Осыған орай Жалағаш ауданы «Агро Холдинг” Байқоңыр”
жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың
қатысуымен күріш жинау жұмыстарына арналған облыстық семинар-кеңес болып өтті.

Семинар-кеңес жұмысына бар­лық аудан әкімдері мен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшылары, егін шаруашылығымен айналысатын құрылымдардың басшылары мен мамандары қатысты. Сондай-ақ, ұтымды іс-шараға Астана қаласынан «Ctagro” компаниясының директоры Ж.Смайлов, «СПАзов Арал Агромаш” ЖШС директоры Н.Ителгиев, Шымкент қаласынан «Хазрат-Али-Акбар” ЖШС директоры Б.К.Чуканов, Алматы облысынан «Будан ТШ” ЖШС директоры Е.К.Шакеев, «Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ҒЗИ” ЖШС директоры Т.Е.Айтбаев, «Агрохимсервис” ЖШС директоры С.Р.Кимр қатысты. Олар семинар жұмысы бас­талмас бұрын Сыр аймағы ауыл­­ шаруашылығы мамандарына агро­өнеркәсіп кешенінің ғылыми же­тіс­тіктері және жаңа технология­лар, әртараптандыруға байланыс­ты егіс дақылдарының тұқымдары мен инновациялық жобалар туралы ғылыми кеңестерін берді. Соны­мен қатар ауыл шаруашылығы дақыл­дарының тұқымдары мен минералдық тыңайтқыш және пестицид жеткізушілердің көрмелерімен таныстырды.

Семинар жұмысы қатысушы­лар­дың «Агро Холдинг” Байқоңыр” ЖШС-на қарасты Жалағаштағы элева­­тор­дың жұмысымен танысу­дан бас­талды. Сондай-ақ, олар агро­өнер­кәсіп кеше­нінің ғылыми жетіс­тік­терімен де егжей-тегжейлі таныс­ты.

Семинар-кеңес жұмысын облыс әкімі Қ.Көшербаев кіріспе сөзбен ашты.

– Елбасымыздың тікелей тапсырмасына орай ауыл шаруашылығы сала­сын дамыту, яғни, азық-түлік өні­мін молайтып, қауіпсіздігін қам­та­масыз ету – бүгінгі күннің бас­ты талабы, – деген облыс әкімі соңғы жылдары егін шаруашылығын да­мы­туға барынша көңіл бөлініп отыр­­ғандығын атап өтті. Сала ша­руа­шылығын әртараптандыруға ба­са назар аудару қажеттігін ауыл ша­руашылығы құрылым­дары бас­шы­лары мен ма­ман­дарының наза­ры­на салды.

ЕГІН ШАРУАШЫЛЫҒЫН ӘРТАРАПТАНДЫРУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫОсыған бай­ла­нысты үстіміздегі жы­лы егіншілік саласын субсидиялауға республикалық және жергілікті бюджеттен 5,2 млрд. теңге қаржы бөлінгенін және «Агробизнес- 2020” бағдарламасы бойынша шаруашылық құрылымдарға берілген несиелердің пайыздық ставкаларын субсидиялау, тағы да басқа бағыттар бойынша шаралардың атқарылу барысына тоқталды. Биылғы жылы «Агро Холдинг” Байқоңыр” ЖШС облыс аймағындағы 42 ауыл шаруашылығы құрылымдарымен күріш салысын алдын ала сатып алу жөнінде келісім-шарт жасасқан. Облыс әкімі сөз кезегінде ағымдағы жылы шаруашылықтардың сұранысы бойынша егін егу жұмыстарына 809,9 млн. теңгеге қаржыландырылғанын, ендігі кезекте осы алған несиелерді мерзімінде қайтару қажеттігін баса айтты.

Семинар-кеңесте облыстық ауыл шаруашы­лығы басқармасының басшысы Д.Әбуов «Облыста егін жинау жұмыстарының барысы” туралы баян етті. Баяндамашы биылғы жылы 161,4 мың гектар жерге егіс егілгенін, оның ішінде Сыр байлығы – күріш дақылының үлесі 81,2 мың гектарға орналастырылғанын айтып, егін шығымдылығының жақсы екендігін назарға салды. Мамандардың пікірі бойынша, ағымдағы жылы алынатын өнім өткен жылғыдан кем болмайтын көрінеді.

– Келесі жылдары, – дейді Д.Әбуов, – күріш дақылының егіс көлемін 72-75 мың гектарға дейін түсіруді жоспарлап отырмыз. Өйткені, егістікті әртараптандыру бағытында басқа дақылдар (бидай, арпа, жүгері, қырыққабат, картоп, т.б.) көлемін көбейтуді қолға алмақпыз. Сырдария өзенінің су ағысы азаяды деген де болжам бар.

Семинар-кеңесте «Егін шаруашылығын әртараптан­ды­рудың ғылыми негіздемесі туралы” сөз алған «Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты” ЖШС-ның бас директоры С.Өмірзақов Сыр аймағында алдағы жылдары арпа, бидай, мақсары, жүгері дақылдарының егіс көлемі ұлғайтылатындығын айтты. Мысалы, арпа тұқымы 70-75 күнде піседі екен. Ол тұзды топыраққа шыдамды келеді. Бидай, сұлы тұқымдарын да зерттеп, оны өндіріске молырақ енгізуге де ұсыныс жасалуда көрінеді.

«Шаруашылық құрылымдарын ірілендірудің
экономи­калық тиімділігі туралы” сөз сөйлеген Жалағаш ауданы әкімі Т.Дүйсебаев
аудан аумағындағы 61 шаруашылықтың бар-жоғы 100 гектар жерге ғана
егіс егіп отырғанын ашық айтты. Оны айтасыз, 30 шаруашылықта бірде-бір ауыл
шаруашылығы техникалары жоқ көрінеді. Облыс әкімінің тікелей тапсырмасына
сәйкес мұндай шаруашылықтарды ірілендіру қолға алынып жатыр.

Семинар-кеңесте мұнан соң сөз алған
Сырдария ауданы әкімінің орынбасары Б. Лекеров аудан аумағында күзгі дала
жұмыстарын ұйымдастыру туралы айтса, Шиелі ауданындағы «Қаптағай К” ЖШС-ның бас
агрономы Ә.Төлеуов облыста күріш дақылдарының арамшөптеріне қарсы күресуде
гербицидтер пайдаланудың артық­шы­лықтары туралы, «ҚазАгроҚаржы” АҚ Қызылорда
облысы бойынша филиалының директоры О.Қарақожаев облыстағы ауыл шаруашылығы
құрылымдарын лизингтік негізде техникалық жарақтандыру туралы кең мағлұмат
берді.

Семинар соңында сөз алған облыс әкімінің
орынбасары С.Қожаниязов семинар-кеңеске қатысушыларды 2015 жылы өсімдік шаруашылығын
субсидиялау нормативтерімен таныстырды.
Нақтылай айтар болсақ, биылғы жылы күріштің 1 гектарына төленген субсидия 25
мың теңге болса, келесі жылы 23 мың теңгеге түсіріледі. Неге дейсіздер ғой?
Егісті әртараптандыру мақсатында күріш көлемі азаймақ. Екіншіден, Сырдария
өзенінің су ағысы да азаяды деген болжам бар. Ал, дәндік жүгерінің гектарына
биылғы жылы 2500 теңге берілсе, келер жылы 28625 теңге, яғни, 11,5 есе артық
берілмек. Сондай-ақ, майлы дақылдар, картоп, көкөніс, бақша өнімдері, жоңышқа,
сүрлемдік жүгеріге берілетін субсидия көлемі биылғы жылғыдан 6,7 еседен 13,8
есеге дейін көбейтілмек. Демек, ауылшаруашылық құрылымдары егістік алқаптарды
әртараптандыруға батыл бетбұрыстар жасауы қажет-ақ.

Семинар-кеңес жұмысын қорытындылаған
облыс әкімі Қ.Көшербаев саланы дамыту мақсатында егісті әртараптандыру уақыт
талабы екенін алға тартты. Мал азығындық дақылдарды молайту қажет. Субсидия
беру жыл сайын жоғарылай бермек, агротехникалық жаңалықтар да жалғасын таба
береді.

Облыс әкімінің айтуынша, егінді ору 5-ші
қазанда, ал бастыру 10-шы қазанда аяқталмақ. Содан да облыс басшысы шаруашылық
басшылары мен мамандарын егінді ысырапсыз, уақытында жинап алуға шақырды.

Семинар-кеңес соңында 42 шаруашылықпен
келісім-шарт жасасқан Жалағаш элеваторына астықтың алғашқы қызыл керуені келіп
жетті.

Еркін ӘБІЛ.

Жалағаш ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз