ЕКІНШІ БЕСЖЫЛДЫҚТЫҢ ЕКПІНДІ ЖОБАЛАРЫ

55

0

ЕКІНШІ БЕСЖЫЛДЫҚТЫҢ  ЕКПІНДІ ЖОБАЛАРЫ  Баршаға
белгілі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен елімізде Үдемелі
индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының алғашқы бесжылдығы сәтті
аяқталды. Атап айтқанда, бұл жылдар ішінде елімізде өндіру мен өңдеу салаларында
көптеген маңызды жобалар жүзеге асырылып, оларда жүздеген адам жұмыспен
қамтылды. Мемлекет басшысы өзінің «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол” атты
Жолдауында әлемді шарлаған дағдарысқа Қазақстанның төтеп беру жолдарын айқын
ашып көрсетіп берді. Соның ішінде Елбасы индустриялық-инновациялық даму
бағдарламасы аясында бұрын басталған жобаларды жүзеге асыру екінші бесжылдықта
да жалғасын табатынын атап өтті.

Елбасының
бастамасымен эко­но­миканың дамуына даңғыл жол ашатын бұл іске өткен жылдар
ішінде Сыр өңірі де лайықты үлес қосты. Соның бір көрінісі, жақында халық
алдындағы есепті кездесуде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев өткен жылы облыста
жалпы құны 6 млрд 700 млн теңгені құрайтын 12 өндіріс орнының ашылғандығын
айтып өтті. Бұл өндіріс орындары бүгінде қалыпты жұмыс істеп, оларға жүздеген
адам жұмысқа тартылған. Облыс экономикасының әлеуетін айтарлықтай көтеруге
атсалысатын мұндай жобалар биылғы жылы да жүзеге асатын болады.
Айта кету
керек, өткен жылы облыста өңірлік Индус­трия­­ландыру картасына жалпы құны 4,8
млрд теңгені құрайтын «Максима логистика Қазақстан» ЖШС-ның керамикалық кірпіш
шығару зауыты және «Қызылорда аз тонналық мұнай өңдеу зауыты” ЖШС-ның
жұмыс  жасап тұрған мұнай өңдеу зауытын
кеңейту жобалары қолға алынды. Мұнан бөлек ҚР Инвестициялар және даму
министрлігіне облыстан жалпы құны 136,4 млрд теңгені құрайтын үш жоба
республикалық Индустрияландыру картасына қосу үшін жолданды.
Облыста тау-кен
кешенін дамыту мен сырттың электр энергиясына тәуелділіктен арылу үшін маңызды
жобалар қолға алынуда. Бұл орайда өңіріміздегі «Шалқия” қорғасын-мырыш кенішін
«Самұрық-Қазына” қорымен бірлесіп игеру жұмыстарының басталып кеткені де  белгілі. Жоғарыда айтқанымыздай республикалық
Индустрияландыру картасына ұсынылған жобаның бірі «Тау-кен Самұрық” АҚ «Шалқия
Цинк” ЖШС «Шалқия” кен орнында «Шалқия полиметалдық кен орны өнеркәсіптік
байыту және кен байыту фабрикасының құрылысы” жобасын іске асыруы жоспарлануда.
Бұл жобаның құны 75,9 млрд теңге. Ол толықтай іске қосылғанда  1540 адам жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз
етіледі. Жалпы бұл жоба бойынша кеніштен жылына 66 мың тонна қорғасын және 230
мың тонна мырыш-қорғасын өндіру көзделуде.
Ал қалған екі
жоба облыстың сырттың электр энергиясына тәуелділіктен арылуға әрі жасыл
экономикаға бағытталған. Оның бірін «ЮжШахтоСтрой” ЖШС «Қуаттылығы 75 мвт
жел-электр станциясының құрылысы” жобасын жүзеге асыруды қолға алады. Бұл
жобаның құны 52,5 млрд теңге. Ол пайдалануға берілгенде 40 адам тұрақты
жұмыспен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар екінші осындай жобаны «Global Energy
Company” ЖШС жүзеге асырады. Бұл серіктестік Жаңақорғанда «Қуаттылығы 24,94 мвт
жел-күн электростанциясы құрылысы” жобасын салады. Оның құны 8 млрд теңгені
құрайды. Әрі жұмыс істей бастаған кезде онда 30 адам тұрақты жұмыспен
қамтылатын болады.
Сонымен,
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағ­дар­ламасын жүзеге асыруда екінші
бесжылдықтың ал­ғашқы жылына да аяқ бастық. Осы алғашқы жылда облыста жоғарыда
айтылғандай бірқатар маңызды жобалар жүзе­ге асырылмақшы. Бұған қоса облыс
басшысының бастамасымен қабылданған 2020 жылға дейінгі даму стратегиясында
аймақ үшін аса маңызды деген бағыттарға басымдық беріліп отыр. Солардың
қатарында бір биылдың өзінде «Жаңақорған энерджи” ЖШС «Қуаттылығы 50 мвт
күн-электр станциясы жобасы мен «Байқоңыр” ӘКК ҰК АҚ мен Қытайдың «Ваота”
компаниясы «Машина жасау зауыты” мен «Арнайы және кешенді қорытпалар әзірлеу
бойынша ферроқорытпа зауыты” жобаларын жүзеге асырады деп күтілуде. Айналып
келгенде, осындай аса маңызды жобалардың қолға алынуы облыс экономикасының
өрісін едәуір кеңейтіп, оның дамуына даңғыл жол ашатынын көрсетсе керек.
 
Айғали
ҚАРАБАЛАЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз