ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМГЕ ДЕМ БЕРУГЕ БАҒЫТТАЛАДЫ

43

0

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМГЕ ДЕМ БЕРУГЕ БАҒЫТТАЛАДЫМемлекет басшысы Азия даму банкі басқарушылары кеңесінің 47-отырысына қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
 Өз сөзінде Қазақстан Президенті отырысты өткізу үшін таңдалған  елімізге көрсетілген жоғары сенім үшін Азия даму банкіне мүше барлық елдерге ризашылығын білдірді.
Нұрсұлтан Назарбаев биыл Азия даму банкімен еліміздің серіктестік қарым-қатынас орнатқанына 20 жыл толатынын атап өтті.
– Осы кезеңде банк біздің елге 3,5 миллиард АҚШ долларына жуық инвестиция салды. Қазақстан былтырдан бастап банктің донорына айналды. Еліміз Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы бағдарламасына белсене қатысып келеді. Бұл жұмыс аясында банкпен бірлесіп, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізін қайта құруға арналған маңызды жоба жүзеге асырылуда, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті  біздің еліміз мен банктің бірлескен жұмысы Азия өңіріндегі экономикалық өсімге дем беруге бағытталғанына тоқталып өтті.
– Қазақстан Азияның 14 елімен өзара инвестицияны қорғау туралы келісім жасады. 2013 жылғы жалпы мөлшер бойынша азиялық инвестициялардың үлесі 17%-ға жетті. Азия даму банкі Орталық Азия, Таяу Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі ұзақмерзімді инвестициялардың маңызды көзі болып саналады. Оның үстіне банктің беделі Азия-Тынық мұхит өңірі ауқымынан асып түседі, бұны әлемнің  АҚШ, Канада, Германия сияқты ірі елдерінің оған қатысуы айғақтайды. Банктің инклюзивті және орнықты дамуды ынталандыру, сондай-ақ интеграцияның дамуын қолдау жөніндегі айқын стратегиясы әлемдегі көптеген адамдарға өз тұрмысының сапасын жақсартуға мүмкіндік береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
 Мемлекет басшысы  тек соңғы онжылдықтың өзінде АДБ қолдауымен миллиондаған жастар сапалы білім алып, бірнеше миллион үй шаруашылығында таза ауыз суға және электр қуатына қол жеткізілгенін, өңірдің жүздеген миллион тұрғыны үшін әлеуметтік қызметтер стандарттары жоғарылағанын айтты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз