ЭКОНОМИКАНЫ ДАМЫТУ КІЛТІ – КӘСІПКЕРЛІКТЕ

130

0

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қала әкімдігінің актив жиынына қатысып, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жайын саралады.
Жыл басында халыққа арнаған Жолдауында Елбасы бизнес ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту бойынша біршама міндеттер қойды. Оның бірі – шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесін 2050 жылға дейін кем дегенде 50 пайыз болуын қамтамасыз ету. Оған қол жеткізу үшін бүгіннен бастап саланы серпілтер тың бастамаларды қолға алуға тиіспіз. Аймақ басшысы жиындағы кіріспе сөзінде Елбасы тапсырмасының орындалуы үздіксіз ізденіс пен тынымсыз еңбекті қажет ететіндігін атап өтті. Әлем елдері экономикасының қаржылық дағдарысқа ұшырауы қара алтын бағасының құбылуымен байланысты. Жасыратыны жоқ, бұл орайда табыс көзі мұнаймен байланысқан Қазақстан экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ету оңайға соқпайды. Аймақ басшысы мұнай өндіру көлемінің елімізде азайғандығын, оның 70 пайызы біздің облысқа тиесілі екендігіне баса назар аударды. Бұл өз кезегінде біршама қиындықтар тудырғанымен, өңірде атқарылған ауқымды іс-шаралар кедергілерге төтеп берді. Керісінше, облыс тайқазаны толыға түсті. Әлеуметтік салаға қаржы бөлуден республикада көш бастасақ, өңдеу өнеркәсібі жағынан алдыңғы қатардамыз. Ендігі мақсат – осынау жетістіктер жолын жалғау, жоспарларды жетілдіру керек.
Елімізде алдағы уақытта медициналық міндетті сақтандыру жүйесі іске қосылады. Да¬мыған елдер тәжірибесінде бар жобаны қолданысқа ендірудің маңызы зор. Дей тұр¬ғанмен, кездесетін мәселелер жоқ емес. Әсіресе, жұмыссыздардың жайы қатты алаңдатады. Аймақ басшысы бұл тығырықтан шығудың төте жолы шағын және орта бизнесті дамыту екендігіне тоқталды. 
– Елбасы айқындаған міндеттерді іске асыру мақсатында облысымызда жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін бірыңғай өңірлік Жол картасын әзірледік. Оны іске асыру үшін жұмыла жұмыс жасамасақ, ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмаймыз. Біз халықтың жағдайын жақсарту үшін аянбай тер төгіп, қоғаммен байланыстың үлгісін көрсетуге тиіспіз, – деді аймақ басшысы.
Шағын және орта бизнестің даму көрсеткіші, әсіресе, елді мекендерде жоғарылауы тиіс. Бұл орай¬да әкімдерге артылған міндет ауқымды, олар¬дың көрсеткіші облыс әкімдігіндегі си¬туа¬циялық орталықпен бақыланбақ. Яғни, елді мекендегі өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар кәсіпкер ретінде тіркеліп, зейнетақы қорына, ме¬ди¬циналық сақтандыруға қаржы аударып оты𬬬са, ауыл әкімі жұмыс жасап жатыр деген сөз. 
– Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту Тұжырымдамасына» сәйкес жергілікті өзін-өзі басқару екі кезеңде жүзеге асырылуда. Бірінші кезеңде – қолданыстағы жүйенің әлеуетін кеңейту бойынша жұмыстар атқарылып, ауыл әкімдеріне салықтың 6 түрі берілген болатын. Қазіргі таңда, Тұжырымдаманың жергілікті өзін-өзі басқаруды әрі қарай дамытуға бағытталған екінші кезеңі жүзеге асырылуда. Дайындық жұмыстары басталып кетті, 2018 жылдан бас¬тап 2000-нан астам халқы бар елді мекендерде өз бюджеті болады. Жергілікті жердегі әкімдерге қойылатын талаптар – салықтық базаны нығайту, жұмыс орындарын көбейту, саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, – деген аймақ басшысы ауылдық округ әкімдеріне үлкен жауапкершілік жүктеді. 
Қызылорда қаласына қарасты ауылдық округтердегі жағдайды бағамдап қарасақ, өкінішке орай, бүгінгі таңда 9 ауылдық округ ешқандай салыққа үлес қоспапты. 
Жиында облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким «2017 жылы Қызылорда облысында кәсіпкерлікті дамытудың бірыңғай Жол картасын» таныстырды.
– Жол картасының басты міндеттері – техникалық және кәсіби білім беру, жұмыссыздарды және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды бірінші кезекте кәсіпкерлікке оқыту. Сондай-ақ, ауылдық жерлерді шағын несиемен қамту, ауылшаруашылық кооперативтерін құру. Бұл мақсаттар үшін ағымдағы жылға республикалық бюджеттен 6,9 млрд теңге, облыстық бюджеттен 8,8 млрд теңге бөлінген. Қаржы институттары мен екінші деңгейлік банктерден 28,7 млрд теңге, жеке инвестициядан 57,5 млрд теңге бөлінеді, – деді облыс әкімінің орынбасары. 
Яғни, ауылдық жердегі жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар кәсіпкерлікке оқытылып, арнайы курстардан өтеді. Олардың алып кету қабілеттеріне қарай бизнес-жоба ұсынылады да, кәсіп бастауға қаржы беріледі. Оның көлемі 4 млн теңгені құрамақ. Аймақ басшысы қаржыны кім көрінгенге таратуға болмайтынын, қолынан іс келетін азаматтарға үлестіру қажеттігіне айрықша тоқталды. Сондай-ақ, облыс әкімі елді мекендерде наубайхана, монша, шаштараз сынды кәсіп нысандарының жоқтығын сынға алды.  
Жалпы Жол картасының басты мақсаты – өңірлік және үкіметтік бағдарламалардың тиімді іске асуын ұйымдастыру. Облыс әкімінің орынбасары Евгений Кимнің айтуынша, бұл орайда бөлінетін қаржы көлемі 100 млрд теңгеге жуықтап отыр.
Мәжілісте Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев баяндама жасап, облыс орталығындағы кәсіпкерліктің жай-күйін баяндап берді. 
– Бүгінгі күні қалада шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында қабыл-данған шаралар нәтижесінде қарқынды өсу көрсеткіштері қалыптасып келеді. Шағын және орта кәсіпкерлік құрылымында тіркелген субъектілердің басым үлесін яғни 78 пайызын жеке кәсіпкерлер, 22 пайызын заңды тұлғалар құрайды. Соңғы үш жыл көлемінде, қала бойынша тіркелген кәсіпкерлік субъектілер саны 24 мың 960 бірлікті құрады. Оның ішінде белсенді субъектілер саны – 19 мың 389, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Деректерге зер салсақ, Қызылорда қаласында кәсіпкерлік саласы серпінді дамып келе жатқандығын байқауға болады. Облыс бойынша «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асып жатқан жобалардың 50 пайыздан астамы қала кәсіпкерлерінің үлесінде. Толығырақ тоқталсақ, 2014-2016 жылдар аралығында «Бизнестің жол картасы – 2020»  бағдарламасы бойынша жалпы құны 15 млрд 879 млн  теңге болатын 171 жоба қолдау тапса, оның 157-сі жұмысын бастаған. Сонымен қатар, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы тарапынан ауылдық елді мекендегі кәсіпкерлерге берілетін шағын несиелендіру бағдарламасына сәйкес 16 жоба қаржыландырылған. Ал, «Қазақстан Республикасын ин¬дустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған» мем¬лекеттік бағдарламасы аясында 7 жоба іске қосылып, нәтижесінде 188 жұмыс орны ашылған. 
– Осы жылдың соңына дейін құны 871 млн 500 мың  теңгені құрайтын 1 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Қаладағы индустриялдық аймаққа жалпы көлемі 123,2 гектарды құрайтын, 10 жобаға жер телімдері бөлініп, 1 мың 176 жұмыс орнын ашу көзделуде, – деді қала әкімі.
Қызылорда қаласының аумағынан ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жұмыстары қарқынды жүріп жатқаны байқалады. Бүгінгі күнге дейін қала аумағына қарасты кент және ауылдық округтерде 74 майда шаруа қожалығын біріктіру нәтижесімен 17 кооператив құрылған. Сондай-ақ, Қызылорда қаласы бойынша 1 мың 500 азаматты кәсіптік оқыту жоспарлануда. Қуантарлық жаңалықтардың бірі – ауылдық округтерде несие алып, кәсіп ашсам деушілердің саны артып келеді. Қазірдің өзінде 183 адам несие алуға ниет білдіріп үлгірген.
Аймақ басшысы қаладағы атқарылып жатқан жұмыстар көрсеткішіне оң баға беріп, десе де, тоқмейілсуге болмайтынын айтты. Жетістіктерді одан әрі ұлғайтуға тиіс екенімізді мәлімдеді. 
– Өткен ғасырдағы облыстағы мал басының жоғары көрсеткіші 1999 жылға тиесілі. Бүгінгі күнгі көрсеткіш одан 34 пайызға артық. Демек, халықтың жағдайы жыл сайын жақсарып келе жатыр. Осы биігімізден түспеуіміз керек. Бұл жолда барлығымыз тізе қосып, еңбек етуге тиіспіз, – деді аймақ басшысы. 
Сонымен қатар, мәжілісте облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов, «Байқоңыр» ӘКК» ҰК» АҚ басқарма басшысы Темірхан Кенжебаевтар сөз сөйлеп, кәсіпкерлікті дамытуға байланысты өз ойларын ортаға салды. Жиын соңында аймақ басшысы күн тәртібіндегі мәселеге орай тиісті тапсырмалар жүктеді.
Нағымжан САУЯЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз