ЭКОНОМИКАНЫ ӘРТАРАПТАНДЫРУ өңір өндірісінің тұрақтылығын сақтайды

73

0

ЭКОНОМИКАНЫ ӘРТАРАПТАНДЫРУ өңір өндірісінің тұрақтылығын сақтайды«Әлемдік дағдарыс біздікі секілді экономиканың осал тұсын тағы бір мәрте
ашып көрсетті. Өңдеу өнеркәсібінің үлесі әлі де төмен күйінде қалып отыр,
ғылымды дамыту мен ғылыми сыйымдылығы жоғары технологияларды енгізу қарқыны әлі
де баяу», – деді Президент Н.Назарбаев өткен «Нұр Отан» партиясының 16
съезінде.

Негізінен шикізат экспортын құрайтын экономикамыз жаһандық дағдарыстың
салқынын сезінуде. Мемлекет бюджетінің елу пайызға жуығы мұнай өндіру мен оны
экспорттаудан толығады. Ел экономикасы
табиғи қазба байлықтарға тікелей тәуелді. Қазақстанның негізгі экспорттық
шикізаты – мұнай, газ бен уран. Бүгінгі күні күрделі сыртқы орта Қазақстан
дамуының орташа мерзімді перспективаларына одан әрі әсер етуде. Ұзақ мерзімді
перспективада сарапшылар айтып өткендей, елдің сыртқы қатерлерге тұрақтылығын
арттыру үшін экономиканы әртараптандыру қажет.

Ал экономиканы әртараптан­дыру дегеніміз – табиғи ресурстық сектордан басқа
экономика салаларын барынша кеңінен дамыту. Бұған экспорттық потенциалы және
қосылмалы кұны бар ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібі, сонымен қатар ішкі
сұранымға бағытталған қызмет көрсету секторлары кіреді. Тұтынушылық сұранысқа
ие тауарлар мен өнімдер барынша ел шеңберінде өндіріліп, жөнсіз импортқа жол
бермегені абзал. Сондықтан, мардымсыз әртараптандырылған ашық экономика сыртқы
дағдарыс салдарына бейім келеді.

Жалпы елімізде экономиканы әртараптандыру бағытында нақты жұмыстар қолға
алынуда. Индус­трияландыру, «Бизнестің жол картасы-2020», шағын және орта
бизнесті дамытуға арналған бағдарламалар аясында қаншама кәсіпорындар дүниеге
келді. Бұл бағытта аз жұмыс жасалынған жоқ. Десе де, «Экономиканы
әртараптандыру жалпыұлттық идеяға да, барлық билік органдары үшін нақты
басымдыққа да әлі де айнала алмай отыр», – деген Елбасы сөзін ескермей болмайды.
Сондықтан да экономиканы әртараптандыруды жалпыұлттық идеяға айналдыруға күш
салынуда.

Қызылорда облысында мұнай-газ саласы экономиканың басым бөлігіне ие. Осыған
байланыс­ты өңірдің даму тұрақтылығын сақтау мақсатында экономиканы
әртараптандыруға айрықша маңыз берілуде. Бұл дағдарысқа қарсы шаралардың
негізгісі деуге болады. Қырымбек Көшербаев облысқа басшылыққа келгеннен кейін
өңір экономикасын әртараптандыру бағытындағы жұмыстарды қолға алды. Әкім
тапсырмасымен ғалымдар мен мамандар бірлесе отырып, аймақтың стратегиялық даму
жоспарын дайындады. Облыс экономикасын әртараптандырудың басым бағыты –
металлургия саласы. Қысқасы, облыста металлургиялық кластер құру бағытындағы
жұмыстар басталып кетті. Бүгінде аймақта болашақта осы салаға қатысты үш үлкен
жоба – «Шалқия Цинк ЛТД» кәсіпорнын қайта жандандыру, ферроқорытпа зауытын
салу, «Баласауысқандық» ванадий кен орнын игеру секілді жобалар қолға
алынған.

Өндірісті әртараптандыру тек
металлургия саласымен шектеліп қалмағаны анық. Қызылорда облысында Индустрияландыру
бағдар­ламасы белсенді түрде іске асырылуда. Индустрияландырудың бірінші
бесжылдығы аясында облыс­та іске қосылған 17 жобаның 14-і тұрақты өнім шығаруды
қамтамасыз етті. Индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы Қызылорда
қаласында да тиімді жүзеге асырылуда.
Жыл басынан бері өңірлік карта аясындағы 5 жоба – құрама жем, керамикалық
кірпіш шығаратын зауыттар, сэндвич панель өндіретін цех және автомобильді
газбен толтыру бекеті іске қосылды.Сондай-ақ, Елбасының қатысуымен тікелей телекөпір арқылы «Үй құрылысы
комбинаты» пайдалануға берілді. Облыс әкімінің бастамасымен өткен жылы құны
36,7 млрд теңгені құрайтын табақша шыны шығару және өңдеу зауытының құрылысы
басталды.

Индустрияландырудың екінші
бесжылдығы аясында облыста құны шамамен 150 млрд теңгені құрайтын 38 жоба іске
асырылып, оның аясында 4 мыңнан астам жұмыс орны құрылатын болады. Сонымен
қатар, республикалық Индустрияландыру картасына қосу үшін жалпы құны 404 млрд
теңгені құрайтын 8 жоба жолданды.

Облыс экономикасын дамыту мен
әртараптандырудың тағы бір бағыты – ауылшаруашылық саласы. Бүгінде Қызылорда
Қазақстан бойынша тұтынатын күріштің 95 пайы­зын қамтамасыз етеді. 2015 жылы
қызылордалық диқандар әр гектардан 50,5 центнер құрайтын рекордты өнім жинады.
Өңірде балық шаруашылығы да жақсы дамып келеді. Тіпті, Арал балығы Еуропа
нарығына экспортқа шығарылуда. Бүгінде Арал маңында 8 балық өңдеу зауыты жұмыс
істейді. Арал теңізінен балық алу көлемі 20 есеге өсіп отыр.

Ауыл шаруашылығында балық­тан
басқа да өндіріс түрлері дамуда. Мәселен, биыл облыс буферлік аймақтан шығады.
Және ет өнімдерін шетелге экспортқа тасымалдау мүмкіндігіне ие болады. Облыс
фермерлері 5 мың ірі қара малға арналған бірнеше жаңа ірі бордақылау базасын
салуды және оны дамытуды қолға алып отыр. Өсімдік шаруашылығында жеміс, құрама
жем және майлы дақылдар егістігін кеңейту жоспарлануда.

Мемлекет басшысы 10 жылда
өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігін 2 есеге арттыру туралы тапсырма
жүктегенін атап өту қажет. Қызылорда облысында соңғы 3 жылда өңдеу өнеркәсібі
122,2 пайызға өскен. Республика бойынша орташа көрсеткіш 102,5 пайызды құрайды.
Егер өңдеу секторындағы өсім үлесі 2012 жылы жалпыөңірлік өнімнің 4,5 пайызын
құраса, бүгінде 13,5 пайызға жетіп отыр. Жоспарға сәйкес индустриялық
жобалардың ешқайсысы тоқтаған жоқ. Керісінше, жаңа жобалар қосылды. Яғни,
экономиканы әртараптандыруға бағытталған жұмыс оң әсерін беруде. Оған облыста
өтіп жатқан инвестициялық форумдар да өз септігін тигізуде. Бұл өңір
экономикасында шынайы әртараптандыру жүргізіліп жатқандығын білдірсе керек.
Яғни, экономика құрылымы да өзгеріп жатыр.

Ал бұл жұмыстар үздіксіз
жүргізіле беретін болады.

 

Ыдырыс
ТӘЖІҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз