ЭКСПО-ҒА КЕЛГЕН МАЖАРЛАР ЕЖЕЛГІ ЕРЛІК РУХЫН ӘКЕЛДІ

186

0

ЭКСПО-ҒА КЕЛГЕН МАЖАРЛАР ЕЖЕЛГІ ЕРЛІК РУХЫН ӘКЕЛДІБүгін Астанадағы «Қазанат» ипподромында Мажарстаннан келген «Мадияр Тұран» қорының мүшелері көшпенді халықтардың әскери өнерін көрсетті. «Еуропаның көшпенділері» атанған мажарлар ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрме аясында ежелгі көшпенділер өркениетінен, әскери, ат үсті ойындарының шеберлігін әйгіледі, дейді BAQ.kz тілшісі.
Олардың ішінде мажар ғалымы, әйгілі Кейкі батырдың бас сүйегі арқылы бейнесін қалпына келтірген антрополог Андраш Биро да бар.
Андраш Биро мажарлар мен қазақтардың туыстығын жан-жақты зерттеп, соны ғылыми тұрғыда дәлелдеген. Тіпті, мадияр руы кеңiнен тараған Торғай тұрғындарына генетикалық талдау да жасаған. Оның айтуынша, Мажарстан ғалымдары Торғай аймағында ма¬дияр руының бар екенiн 60-жылдары анықтаған еді. Алайда сол кездегі кеңестік жүйе кедергi болды.
«Қазақтар мен мажарлардың мәдениеті, тілі мен тарихы бір, ата-бабалары да ортақ. Дәл қазір оған ешкім шүбә келтіре алмайды. Мажарлар 1600-1700 жыл бұрын Орта Азиядан батысқа қоныс аударған болатын. Бірақ осы жердің салт-дәстүрін, тілі, Ұлы Даланың рухын сақтай білді. Біз де көне түркі жазуларын көздің қарашығындай сақтаймыз. Өйткені ол – біздің ортақ тарихымыз», – дейді «Мадияр Тұран» қорының президенті Андраш Биро.
Бертін келе, Андраш Биро академик Оразақ Смағұловпен бiрге Торғайдағы мадиярлардың тарихын зерттеп шықты. Сол кезде үлкен экспедиция ұйымдастырылып, мадияр руынан шыққан ер азаматтарға антропологиялық зерттеулер жүргiзілді. Олардың ДНК-сы Мажарстанның екі-үш генетикалық зертханасында зерттелді. Осы елдің сот-сараптама орталығы да өз талдауын жасаған болатын. Соның нәтижесі мадияр-қазақтар мен мажарлардың ең жақын туыс екенін растады. Әсіресе, Торғайдағы ма¬диярлардың генетикалық ұқсастығы өте жақын болып шықты. Содан бері Қазақстан мен Мажарстанның байланысы күшейе түсті. Бірден қазақ-мажар құрылтайы ұйымдастырылды. «Мадияр Тұран» қоры ортақ жобаларға білек сыбана кірісіп кетті. Әбілқайыр ханның мүсінін қалпына келтірді. Жақында Кейкі батырдың бет-бейнесін жасауға атсалысты. Қордың тапсырысы бойынша Қостанай облысы Саға ауылында биіктігі 7 метр болатын «Өмір ағашы» монументі орнатылды. Бүгінде аталған туынды ағаштан жасалған ең үлкен ескерткіш болып саналады.
«Қазанат» атшабарында өткен мерекелік шараға ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Мажарстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі доктор Андраш Барани қатарлы саяси тұлғалар, қала қонақтары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз