ЭКСПО АЯСЫНДА АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ МӘДЕНИЕТ КҮНДЕРІ ӨТЕДІ

85

0

ЭКСПО АЯСЫНДА АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ МӘДЕНИЕТ КҮНДЕРІ ӨТЕДІ«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында Елордада Алматы облысының мәдениет күндері өтеді. Көрме қонақтары мен қала тұрғындары 11-15 шілде аралығында Жетісудан келген өнерпаздардың өнерін тамашалай алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шараның салтанатты ашылу рәсімі 11 шілдеде Қазақстан орталық концерттік залында шымылдығын түреді. Бұл күні Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы мен «Құлансаз» фальклорлық-этнографиялық ансамблінің қатысуымен ауқымды концерт болады. Аталған ұжым 12 шілдеде Жастар сарайында «Жетісу – ән-жырдың ордасы» атты дәстүрлі әндер концертін, 13 шілде кешкі сағат 18:00-де Жастар сарайында «Талды арулар» – Алтынай мемлекеттік халық би ансамблінің концертін, 14 шілде кешкі сағат 18:00-де этноауылда «Ауылың сенің іргелі» атты театрландырылған көрінісі мен дәстүрлі концертін халық назарына ұсынады.
Ал 15-шілдеде ЭКСПО алаңындағы Амфитеатрда «Жерұйық – жасыл бауларым» атты концерт ұйымдастырылып, Астанадағы Алматы облысының мәдениет күндері өз мәресіне жетеді. «ЭКСПО-2017» көрмесінің келушілеріне Б.Римова атындағы драма театрының да базарлығы бар. Мәдениет күндері аясында ұжым өз репертуарын тамашалауға шақырады. 11 шілде сағат 12:00-де «Қуыршақ» театры сахнасында «Құстар фестивалі» ертегісі сахналанады. Астаналықтар мен қала қонақтары 11-13 шілде күндері сағат 18:30-да «Жастар» театрының сахнасында облыстық театрдың тырнақалды қойылымдарының бір парасы «Ромео мен Джульетта» трагедиясын, «Ең жақсы еркек» комедиясын, «Ілияс» деректі драмасын тамашалай алады.
Ал, 2017 жылдың 7 шілде мен 7 тамыз аралығында, Астана қаласы Ұлттық-әскери музейінде М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Тарих беттерінен» көрмесі өтеді! Көрмеге Алматы облысынынан арнайы әкелінген тарихи ерекше экспонаттар қойылады. Келушілер ғалым-саяхатшы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың қолданған заттарымен осы көрме арқылы таныса алады. Дәл осы ҚР Қарулы күштерінің ұлттық әскери-тарихи музейінде «Ата-баба аңсаған мәңгілік ел» атты көркемсурет көрмесі де өтеді. Ұйымдастырушы – Алматы облыстық «Көркемөнер» галереясы» Көрмеге галереяның негізгі қорындағы бұған дейін көркемөнертанушылардың жоғары бағасын алған жергілікті суретшілердің туындылары қойылады. Көрмені 7-15 шілде аралығында тамашалауға болады.
Сондай-ақ, Алматы облыстық «Ұста Дәркембай» атындағы қолөнер музейінің тартуы ерекше. 11-20 шілде аралығында «Шығыс базары» Этноауылында көрме өткізеді. Қолөнер шеберлерінің металдан, теріден, ағаштан жасалған бұйымдары қонақтардың назарына ұсынылады. Қолөнер музейі қызметкерлері зергерлік пен қыш өнерінің қыр-сырына қанық болып, киіз басу, тоқыма өнерлерінен шеберлік кластарын көруге шақырады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз