\»ЭКСПО кубогы\»: Аламанда \»Желқанатқа\» жел жетпеді

203

0

"ЭКСПО кубогы": Аламанда "Желқанатқа" жел жетпедіБүгін Астанада Халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жүлдесіне ат спорты түрлерінен «ЭКСПО КУБОГЫ» өтті, деп хабарлайды BAQ.kz.
Астана қаласындағы «Қазанат» ипподромында өткен бәйгені тамашалауға жиналған халықта есеп жоқ. Елдің, әсіресе астаналықтардың ат бәйгесін сағынып қалғаны көрініп тұр.
Шараның ұйымдастырушылары ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР «Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы», Астана Әкімдігі, Алматы облысының әкімдігі және «Қазақстанның бәйге түрлері қоғамы». Әлеуметтік серіктес – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры.
Жарысқа еліміздің 14 облысы мен Астана және Алматы қалаларынан құнаны бар, жорғасы бар, ұшқыры бар – 150-ден астам ат қатысты. Мұнан бөлек РФ, Қырғызстан, Өзбекстан мен Польшадан қатысушылар келді.
Жарыс бағдарламасы бойынша аламан бәйге – 25 шақырым, топ бәйге – 15 шақырым, жорға жарысы – 7 шақырым, құнан бәйге – 7 шақырымға созылды. Ал дыз етпе, ұшқырлар екі топқа бөлініп, 2400 және 1800 метрге шапты. Ұлттық ойын түрлері аламан бәйге, топ бәйге, жорға аттар жарысы, құнан бәйге бойынша жүлде қоры – 36 млн теңгені құрады. Ал, ұшқыр аттар жарысында берілген сыйақы қоры – 63,6 млн теңге. Сома жүлдегерлер арасында 5-ші орынға дейін берілді.
Сонымен Құнан бәйгеден бастасақ:
7 шақырымға созылған құнан шаптырымда Алматы облысынан келген Асхат Әлімжанның тақымындағы «Доран» атты торы құнан топ жарды. Иесі А.Жұмабеков, бапкері – Н.Ноқатай. Бірінші орын жүлдесі 3 млн теңге және «ЭКСПО кубогы».
ІІ орын: Жамбыл облысынан келген «Спортик» атты құнан. Шабандозы – Ахат Бақкелді, жүйріктің иесі де, бапкері де Е.Жаппасов. Жүлдесі – 1,5 млн теңге.
ІІІ орын: Астана қаласының «Мажор» атты құнаны. Диас Серғазиев тақымдаған «Мажордың» қанжығасына 1 млн теңге байланды. Құнанның иесі – Н.Оразбаев, ал бапкері – С.Юрский.
Бәйгеге шапқан 35 құнанның бесеуіне жүлде берілді. Сонымен төртінші орынға тұрақтаған Алматы облысынан келген Ибрагим Бөбекбай мінген «Азия» атты жирен құнан болды. Қанжығасында 500 мың теңге жүлдесі бар құнанның иесі – Ә.Назарбаев, ал бапкері – М.Доспергенов.
Бесінші келген Ербұлан Тілеуғалиұлының тақымында тулаған «Нектар» атты торы құнан. Жұмағазы әулетіне тиесілі бұл құнанды баптаған Т.Асылханов. «Нектардың» қанжығасына 300 мың теңге байланды.
Құнан бәйгесінің жүлделі орнынан кейін «Жорға жарысына» тоқталсақ:
Сауырынан су төгілмес 25 желжетпестің ішінен 5 жорғаға жүлде берілді.
І орын: Ақмола облысынан келген «Элвуд вэб» топ жарып, қанжығасына 1,2 млн теңге байланып, «ЭКСПО кубогін» өңгеріп қайтты. Д.Волков жаратқан күрең жорғаның иесі М.Мұстафаев, ал шабандозы – М.Ахматов.
ІІ орын: Астана қаласының «Эдельвейс» атты торы жорғасы. В.Патрикеев тақымдаған тарланның қанжығасында 600 мың теңге кетті. Ат иесі – С.Түсіпбеков. Ал бапкері – Г.Матюх.
ІІІ орын: Алматы қаласынан келген «Цеппелина» атты торы бие алғашқы үштікті қорытындылады. Р.Қошқарбаевтың тақымында тулаған 11 жасар бедеудің қанжығасында 350 мың теңге бар. Те Эленаның «Цеппелинасын» баптайтын К.Петров.
Жүлделі төртінші орынға табан тіреген ОҚО-дан келген «Гейгон» атты тоқпақ жалды торы айғыр. Бес жасар торыны тақымдаған – А.Чибасов. Қ.Әділханға тиесілі «Гейгонның» бапкері – Н.Нұриев. Соңғы айналымда ғана өзгелерге жол беріп қойған «Гейгонның» қанжығасында 250 мың теңге бар.
Ал жүлдегерлердің соңы саналған бесінші орын Алматы облысының «Ұшар» атты жорғасына бұйырды. Әрі бапкері, әрі шабандозы К.Семчик тақымдаған «Ұшардың» ұтысы 150 мың теңге болды. «Ұшардың» иесі К.Оспанов.
"ЭКСПО кубогы": Аламанда "Желқанатқа" жел жетпедіЖарыстың үзіліс кезінде Nomad каскадерлер тобы «Сайыс» өнерінен көріністер көрсетті. Ал «Теңге ілу», «Жамбы ату», «Қыз қуу» және «Тазы жүгірту» «Аударыспақ» сияқты ұлттық спорт түрлері әр аламанның арасында көрермен халықтың көңілін серпілтті.
Бәйге түрлерінен өткен «ЭКСПО кубогінің» келесі бір жарысы «Топ бәйгеден» өтті.
Топ бәйгеде топ жарған 5 атқа жүлде берілді. 35 ат жарыс жолына шығып, 15 шақырымға созылған жарыста мәре сызығын 9 ат кесті. Соның бесеуіне жүлде берілді.
І орын: Алматы облысынан келген Ә.Назарбаевтың «Сүлікқара» атты сәйгүлігі топ жарды. Ақжол Жұматайдың тақымында тулаған «Сүлікқараның» қанжығасында 5 млн теңге және «ЭКСПО кубогі» бар. М.Доспергенов баптаған.
ІІ орын: БҚО-нан келген «Ақкөз» жүйрік топ бәйгенің екінші орнын иеленді. 5 жасар торы айғырды тақымдаған шабандоз – Әли Иманқұл. Ат иесі А.Олжабаев, бапкері – А.Мурсалимов. Жүлдесі – 2 млн теңге.
ІІІ орын: Алматы облысынан келген Ұ.Омаровтың «Шырай» атты шын жүйрігі үшінші орынды иеленді. Асхат Әлімжан мінген «Шырайдың» бапкері Н.Ноқатай. Алматылық жүйріктің қанжығасында – 1 млн теңге.
Алғашқы бестікке бәйге берілгенін білесіздер, олай болса төртінші орынға табан тіреген ШҚО-ның «Ғашығы». Есімі де ерекше сәйгүлік Е.Сүлейменовке тиесілі. Ерасыл Сабырханның тақымында тулаған торы жүйріктің қанжығасында 500 мың теңге бар. «Ғашықтың» бапкері – Қ.Абсалямов.
Жамбыл облысынан келген «Айгүл» атты торы бедеу топ бәйгенің жүлдегерлерін аяқтады. Әрі иесі, әрі бапкері Т.Даушовтың торы бедеуі 300 мың теңгені қанағат етті. «Айгүлдің» шабандозы Тілек Болатұлы.
Ат жарысының қызығы Аламан бәйге. 25 шақырымға созылған аламанға 32 ат қатысты. «Қазанат» атшабарының айналым көлемі 1,8 шақырым ғана. Сондықтан да жүйріктер 14 айналым жасады. Осы орайда Астанадай алып шаһарға тым құрығанда айналымы 3 шақырым болар бір ипподромның керек екені көрініп тұрды.
"ЭКСПО кубогы": Аламанда "Желқанатқа" жел жетпедіСонымен бәйгемізді таратайық, мұнда да 5 атқа бәйге берілді:
І орын: Атырау облысынан келген «Желқанат» жүйрік 25 шақырымда топ жарды. 10 млн теңге мен «ЭКСПО кубогын» қанжығасына байлаған «Желқанаттың» шабандозы – Олжас Қойшыбай, иесі – Д.Мырзаханов, бапкері Б.Шымырбаев.
ІІ орын: Алматы облысынан келген «Тасқын» атты күрең айғыр. Е.Байбатыровқа тиесілі «Тасқынның» шабандозы – Диас Жұмаш, бапкері – С.Арынов. Қанжығасына 5 млн байлаған «Тасқын» жақында ғана Алматыда өткен «Ұлы дала ойындарының» аламанында топ жарған болатын.
ІІІ орын: Ибрагим Бөбекбайдың тақымында тулаған «Бұйражал» аламанның үздік үштігінен көрінді. Алматылық Ә.Назарбаевқа тиесілі 4 жасар жирен айғырдың бапкері Б.Бөбекбай. Жүлдесі – 2 млн теңге.
Аламанның жүлде берілер бес жүйрігінің алғашқы төрттігін Ә.Назарбаевтың тағы бір сәйгүлігі түйіндеді. Ақжол Жұматайдың тақымында тулаған «Қозыкүрең» қанжығасына 1 млн теңге бар. Бапкері – М.Доспергенов.
Аламанның тізгін ұстатқан алғашқы бестігін ақтөбелік «Алтынқазық» атты сәйгүлік аяқтады. 32 екі жүйріктен 25 шақырымдық жолды толық басып өткен осы 5 сәйгүлік қана. «Алтынқазық» мәре сызығын итбүлкекпен жүріп кесті. Н.Досымовқа тиесілі торы жүйріктің бапкері – Н.Табылдиев, шабандозы – Жанат Бигелді. «Алтынқазықтың» қанжығасында 500 мың теңге бар.
Айта кетейік, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында 18 ауқымды спорттық шара ұйымдастырады. Еліміздің өңірлері де спорттық жарыстардан қалыс қалмайды. Халықаралық көрме аясында Қазақстанның 14 облысында 20-дан астам спорттық сайыс өткізіледі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз