\»ЭКСПО кубогы\»: Ұшқыр бәйгеде \»Шаңтимеске\» шаң тимеді

67

0

"ЭКСПО кубогы": Ұшқыр бәйгеде "Шаңтимеске" шаң тимедіБүгін Астанада Халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жүлдесіне ат спорты түрлерінен «ЭКСПО КУБОГЫ» өтті, деп хабарлайды BAQ.kz.
Астана қаласындағы «Қазанат» ипподромында өткен бәйгені тамашалауға жиналған халықта есеп жоқ. Елдің, әсіресе астаналықтардың ат бәйгесін сағынып қалғаны көрініп тұр.
Жарысқа еліміздің 14 облысы мен Астана және Алматы қалаларынан құнаны бар, жорғасы бар, ұшқыры бар 150-ден астам ат қатысты. Мұнан бөлек РФ, Қырғызстан, Өзбекстан мен Польшадан қатысушылар келді.
Жарыс бағдарламасы бойынша аламан бәйге – 25 шақырым, топ бәйге – 15 шақырым, жорға жарысы – 7 шақырым, құнан бәйге – 7 шақырымға созылды. Ал дыз етпе, ұшқырлар екі топқа бөлініп, 2400 және 1800 метрге шапты. Ұлттық ойын түрлері аламан бәйге, топ бәйге, жорға аттар жарысы, құнан бәйге бойынша жүлде қоры – 36 млн теңгені құрады. Ал, ұшқыр аттар жарысында берілген сыйақы қоры – 63,6 млн теңге. Сома жүлдегерлер арасында 5-ші орынға дейін берілді.
Бұған дейін «ЭКСПО кубогын» сарапқа салған дәстүрлі бәйгелерде топ жарған жүйріктер жайлы жазғанбыз. Енді назарларыңызға «Ұшқыр бәйгенің» жеңімпаздарын ұсынбақпыз.
Сонымен 2400 және 1800 метр қашықтыққа шапқан жүйріктердің суырылып алға шыққан жүлдегерлеріне келер болсақ: Өзбекстан, Қырғызстан, Солтүстік Осетия, Башқұртстан, Дағыстан қатарлы оншақты елден келген 16 сәйгүлік бақ сынаған 2400 метр бойынша:
"ЭКСПО кубогы": Ұшқыр бәйгеде "Шаңтимеске" шаң тимедіІ орын: Солтүстік Осетиядан келген «Гри д Асье» атты боз жүйрік бірінші орын болды. Ат иесі – Т.Тигиев, бапкер әрі шабандозы Т.Сатаров. «Гри д Асьенің» қанжығасында бүгінгі күннің бас бәйгесі – «ЭКСПО кубогы» және 50 мың доллар.
ІІ орын: Қырғызстаннан келген «Коммандер холл» атты 6 жастағаы жирен айғыр екінші орынмен 20 мың долларды қанжығасына байлады. Ат иесі – М. Рахымбаев, бапкері – Б.Долотбеков, шабандозы – Д.Болотбеков.
ІІІ орын: Қазақстандық «Кумания» атты күрең айғыр үшінші орынға тұрақтады. Қ.Ақсақовқа тиесілі 4 жасар сәйгүліктің шабандозы – М.Швачов, бапкері – П.Карабельников. «Куманияның» қанжығасында 15 мың доллар бар.
Алғашқы төрттікке башқұртстаннан келген «Палуан» атты сәйгүлік ілінді. 10 мың долларды қанжығалаған күрең айғырдың иесі – Х.Идиятуллин, бапкері әрі шабандозы – Э.Сулайманов.
«Палуаннан» кейін Польшадан келген «Даурия» атты бедеу бесінші орынға тұрақтады. «Дамис» жылқы зауытына тиесілі сәйгүліктің бапкері – Н.Табылдиев, ал шабандозы – Р.Усманова. «Даурияның» қанжығасында 5 мың доллар.
Мұнан соң бүгінгі бәйгенің нүктесін қойған 1800 метрлік дыз етпе ұшқырлардың сайысы болды. 16 сәйгүлік бақ сынаған дызетпеде «Балтабек» шаруа қожалығына тиесілі «Шаңтимес» атты сәйгүлік топ жарды. Әрі шабандозы, әрі бапкері болған Н.Шаршенбаев кәнігі шабандоз екенін көрсетіп, мәреден шыққан бойы бірінші келді. «ЭКСПО кубогы» және 50 мың доллар «Шаңтиместің» еншісіне тиді.
ІІ орын: «Империал Регалия» атты торы сәйгүлік екінші орынды еншілеп, 20 мың долларды қанжығасына байланды. Е.Жаппасовқа тиесілі сәйгүліктің бапкері де, шабандозы да О.Құрманәлиев.
ІІІ орын: 15 мың долларды қанжығаға байланған «Эни куэсчнс» атты сәйгүліктің иесі – А.Шынайдаров. Әрі бапкері, әрі шабандозы – Б.Таалайбекуулу.
Жүлделі төртінші орынды «Басси» атты жирен бедеу иеленді. Р.Усманованың тақымында тулаған бедеудің бапкері У.Усманова. Сәйгүліктің иесі – Е.Нығметов 10 мың долларды қанжығасына байланды.
1800 метрдің алғашқы бестігін түйіндеген «Геркулеске» 5 мың доллар бұйырды. Д.Волков тізгіндеген сәйгүліктің иесі М.Мұстафаев.
2400 метрге алыс-жақын шет келдерден саңылақтар келген болса, 1800 метрде қазақтандық сәйгүліктер бақ сынады.
Шараның ұйымдастырушылары ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР «Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы», Астана Әкімдігі, Алматы облысының әкімдігі және «Қазақстанның бәйге түрлері қоғамы». Әлеуметтік серіктес – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз