ЕЛ БІРЛІГІНІҢ БЕРІК НЫШАНЫ

75

0

ЕЛ БІРЛІГІНІҢ БЕРІК НЫШАНЫАптаның бейсенбісі күні облыс
әкімі Қырымбек Көшербаев Жаңақорған, Шиелі аудандарында жұмыс сапарымен болып, бірқатар
әлеуметтік нысандардың ашылу салтанатына қатысты. Жергілікті тұрғындармен жүздесіп,
пікірлесті.

Аймақ басшысы әуелі Жаңақорған
ауданының «Бесарық» бекетіне ат басын тіреп, осындағы жаңадан салынған 150 орындық
клуб үйінің ашылу рәсіміне қатысты. «Бесарық»
бекеті өткен ғасырдың басында «Орынбор-Тәшкен» теміржолының салынуына сәйкес теміржолшылар
отбасылары қоныстанып, жұмыс істейтін шағын мекен ретінде бой көтерген-ді. Біртіндеп,
теміржол қатынасының қарқыны артып, пойыздар саны көбейген сайын мұнда да жұмыс
орындары ашылып, елді мекеннің де аумағы үлкейе түсті. Осы маңдағы шаруашылықтардың
жүк түсіру, жүк арту базалары орналасып, тіптен керегесін кеңейткен кезі де бар.
Оған қоса астық қабылдау пункті, қауын қабылдау базалары да ашылып, осындағы тұрғындарды
жұмыспен қамтамасыз етіп тұрды. Бекет тұрғындары негізінен теміржолға қатысты мекемелерде
еңбек етумен қатар аулаларына көкөніс, бақша егу, азын-аулақ мал ұстауды да кәсіп
еткен бір берекелі мекенге айналды. Амал нешік, сол кездері халыққа қажетті әлеуметтік
орындар тіптен аз салынды, салынса да қарапайым тәсілдермен ғана іргесі көтеріліп,
елу жыл бойы тұрғындарға қызмет етті. Ауылдағы бұрынғы клуб осыдан елу жыл бұрын
асар әдісімен салынған ескі үйде орналасқан еді. Ел еркіндік алған соң елді мекенде
де еңселі ғимараттар салына бастады. Екі қабатты мектеп, медпункт бұрын салынса,
енді, міне, клуб үйі де пайдалануға беріліп отыр. Оның ашылу салтанатында облыс
әкімі құттықтау сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарының қуанышын бөлісті.

«Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі,
болмысы, ақыл-ойы, парасаты» деп өте орынды айтылған. Расындаұлттық дәстүрлерімізді берік ұстана отырып, жаңа заманға сай мәдениетімізді
қалыптастыра түссек, Елбасы міндет етіп отырған «Мәңгілік ел» идеясының нығая түсуіне
өзіндік үлес қосамыз. Бұл орайда бүгінгі күні пайдалануға беріліп отырған мәдениет
үйінің алар орны ерекше. Онда шаттық пен қуаныш, мерекелер көбірек тойлансын, жастарымыздың
жан-жақты қабілетті болуына, өздерінің өнерлерін жетілдіре түсуіне осында ашылатын
үйірмелер мен секциялар ықпал етеді деп сенеміз, – деді аймақ басшысы.

Облыстық бюджеттен салынған клуб
үйінде кітапхана, түрлі үйірмелер жұмыс істейтін арнайы бөлмелер, басқа да қажеттіліктерге
арналған орындар жеткілікті. Әлден-ақ, кең де жарық бөлмелерде ауыл жас­тары алдағы
қызықты концертке дайындық жасап, қарбаласып жатты.

Жиын барысында осы ауылдың
тумасы, ақын, Алматыдан арнайы келген Бақтыбай Айнабеков өз ризашылығын жеткізіп, ұсыныстарын айтса,
ардагер ұстаз Тұрар Сүлейменов өз тілегін өлең жолдарымен өрнектеді. Ал ауыл
ақсақалы Төлеген қария жерлестері атынан
батасын берді.

Облыс басшысы осы сапарында
тау бөктеріндегі Құттықожа ауылдық округіне қарасты «Тау самалы» тынығу
лагерінің жұмысымен танысып, мектеп оқушыларының алдағы Ұлттық бірыңғай
тестілеуге дайындық барысына назар аударды. Осында мектеп директорлары, оқу ісі
меңгерушілері және биылғы жылы мектеп бітіретін түлектермен кездесіп,
Жаңақорған ауданы білім бөлімі басшысы Б.Ибрагимовтің хабарламасына құлақ
түрді. Оның айтуынша, аудан көлеміндегі барлық орта мектептерде алдағы жауапты
сынақ науқанына дайындық қызу жүргізіліп жатыр. Нұсқаулықтарға сай тест
сынақтары жиі алынып отырылады. Оның нәтижелері көңілден шығуда. Өткен жылдың қыркүйек
айында алынған сынақта шәкірттер орташа 61,2 балл жинаса, сәуір айында
өткізілген тест сынағында бұл көрсеткіш 89,9-ға жетті, яғни, өсім 27,7 балға
артты. Сонымен бірге биылғы жылы 18 түлек «Алтын белгіге» үміткер болса, 10
мектеп бітіруші «Үздік аттестат» алуға қол созып отыр.

 

Қырымбек Елеуұлы өмір
мысалдарын келтіре отырып, жастарымыздың білімге ұмтылуының елдік тұрғыдағы
маңызын жете әңгімеледі.

– Сіздердің алдарыңызда сан
тарау жол жатыр. Оның қайсысына түсесіздер, таңдау өдеріңізде. Дегенде, біз,
үлкендер, алдыңғы толқын ағалар, жеткіншектеріміздің білімді де, білікті
болуына бар қажыр-қайратымызды жұмсап, еңбектеніп отырмыз. Атап айтар болсақ,
бір ғана Жаңақорған ауданында соңғы 3 жыл көлемінде 16 жаңа мектеп салынып,
пайдалануға беріліпті. Ондағы жабдықтар мен құралдар аға ұрпақтың түсіне де
кірмеген өте күрделі, керемет нәрселер. Сондықтан әрбір шәкірт білім нәрімен
мейлінше мол сусындап, ертең Отаныма пайдалы мамандық иесі боламын деген
арманмен ізденуі тиіс, – деп түлектердің бойына сенімді нығайта түсті.
Шәкірттер де өз кезектерінде түрлі сауалдар койып, тиянақты жауап алды. Жиынның
тәлімі мен тәрбиелік маңызы зор болғандығы сезілді.

Аймақ басшысының сапары
түстен кейін Шиелі ауданында жалғасты. Аудан орталығының көрікті жерлерінің
бірінен «Ардагерлер үйі» ашылып, жаңа ғимараттың лентасы қиылған сәттегі
жұртшылықтың қуанышында шек болмады. Қазақ қашанда үлкеннен ілтипат, кішіден
ізет күтіп үйренген, алдыңғы толқын ағалар мен кейінгі толқын інілердің сыйластығы жарасым тапқан, ортақ істерді
мәмілемен кеңесе отырып шешкен, келелі істердің өрісін кеңейткен халық. Міне,
осы тұрғыда ардагерлерге арналып, жаңа ғимараттың салынуы расында тарихи оқиға
еді. Қырық бір Еңбек Ері мен аузы дуалы абыз ақсақалдары шыққан Шиелі өңірінің
қазіргі тыныс-тіршілігі көпке үлгі екендігі шындық. Өткен жылы аудан әкімі
Қайратбек Сәрсенбаевтың бастамасымен инвестициялық форум өтіп, оған осы өңірден шығып, айтулы табыстарға жеткен
белгілі кәсіпкер, азаматтар келген-ді. Сонда ұсынылған 11 жобаның бірі аудан
ардагерлеріне арнап дербес үй салып беру еді. Оны белгілі құрылысшы, кәсіпкер
Темірхан Әлімқұлов міндетіне алған
болатын. Сол уәде үдесінен шыққан ол 50 күнде жалпы көлемі 180 шаршы метр
болатын мәжіліс залы мен демалыс орны, шахмат, дойбы ойнайтын бөлмелері бар
жаңа ғимаратты салып берді. Оған өз қаржысынан 25 млн теңге жұмсады. Оның ашылу
салтанатында аймақ басшысы құттықтау сөз сөйледі. Өз лебізінде осы ғимаратты
салып берген кәсіпкер Т.Әлімқұловтың атына жылы сөз арнап, алғыс білдірді.
Сондай-ақ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, қоғам қайраткері Сейілбек
Шаухаманов ризашылығын жеткізді: «Сыр өңірі қарты мен қариясын сыйлаудың ерен
үлгісін көрсетіп келеді. 2014 жылы ардагерлердің республикалық семинарын
өткіздік, сонда әр облыстан келген ардагерлер мұндағы жүйелі істер мен
жергілікті атқарушы орындардың қамқорлығына тәнті болды. Бұл облыс басшысы
бастап, аудан басшыларының қостап бірлесе атқарған ісінің нәтижесі», деді
ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Осы күні Шиелі ауданында
Ә.Тәжібаев ауылында 300 орындық жаңа мектеп ғимараты ашылды. Ашылу салтанатында
«Жұртшылықтың көптен айтып жүрген тілегін орындаудың сәті биыл түсті. Мұны да
«СМП-Қызылорда» құрылыс мекемесі бір
жылға жетер-жетпес мерзімде сапалы етіп пайдалануға тапсырып отыр. Балалар
жақсы оқып, ұстаздар қауымы оларға саналы білім мен сапалы тәрбие беретін
болсын. Ел үшін еңбек ететін білімді шәкірттер мол шықсын» деген ізгі тілегін
білдірген аймақ басшысына ауыл тұрғындары атынан ардагер Халықберген
Тұрсынбеков ақ батасын арнады. Облыс әкімі жаңа білім ордасын аралап, осында
ауданның білім саласы басшыларымен кездесті. Үздік оқушылардың да тілектеріне
назар аударды. Сауалдарға жауап берді.
Білім бөлімі басшысының міндетін атқарушыЖ.Баймұратова алдағы ҰБТ-ға дайындық барысы ойдағыдай екендігін мәлім
етті.

Аймақ басшысының оңтүстік
аудандарға сапарында ел бірлігінің берік нышаны айқын аңғарылып тұрды.

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Жаңақорған, Шиелі аудандары.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз