Ел дамуы айшықталған декларация

115

0

Ел дамуы айшықталған декларацияҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында қабылданған, Тәуелсіз елімізде санаулы уақытта атқарылған ұшан-теңіз жұмыстарды айшықтайтын тарихи құжат баршаның көкейіндегі ризашылық сезімді туындатқаны анық.
Міне, ғасырлар аңсаған Тәуелсіздігімізге ширек ғасыр толды. Кеңес Одағынан бөлініп шыққан жас мемлекетіміз осы аралықта ғасырдың аса ірі қоғам қайраткері, Ұлт көшбасшысы  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен аса зор жетістіктерге жетті. Қашанда татулықты, бейбіт заманды мұрат еткен Елбасы маңына топтасты. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген қағиданы тұтынды. Дарабоз ұлы да көпшіліктің алғаусыз пейіліне селкеу түсірген жоқ.
Сол жылдары шаңырағын енді көтерген Қазақстанның адамзатты жаппай қырғынға ұшырататын атом қаруынан өз еркімен бас тартуы дүние жүзін селт еткізген соны жаңалық болды. Елбасымыздың пәрменімен жабылған Семей ядролық полигоны миллиондаған жанның кеудесіне үміт отын жақты.
Біздің елімізде «Қоғамның басты байлығы – адам» деген бұлжымас қағида қалыптасқан. Соның негізінде қабылданған түрлі мемлекеттік бағдарламалар жемісін беруде. Жан жадырататын көріністерді республикамыздың түкпір-түкпірінен, соның ішінде Сыр өңірінен де көптеп кездестіресіз. Сүйсінерлігі сол, мұндай  игілікті қадамдар тек ірі қала, облыс орталықтарында ғана емес алыс аудандар, шалғай ауылдарда да жүзеге асуда. Бұл тұрғыда ел-жұртының жоғын жоқтап, барын пайымдаған Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегі өлшеусіз екені даусыз.
Оразғали БЕКПАНОВ,
Қазалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Кемел келешегіміз үшін құнды
ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында қабылданған «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы декларациясы» – елдігіміз бен егемендігіміздің өміршеңдігін айғақтайтын тарихи құжат.  Егемен елдің елжанды азаматы ретінде маңызды құжатты мұқият оқып шықтым. Декларацияда ширек ғасырда қол жеткізген толағай табыстарымыз түгел көрсетіліпті. Тарихи құжатта атап көрсетілгендей, Тәуелсіз Қазақстанды құруда, қалыптастыруда Тұңғыш Президентіміз орасан зор еңбек сіңірді. 25 жылда қоғамның қай саласын алсақ та, жеткен жетістігіміз көп. Қазақстан тәуелсіздігін алған сәттен бастап Президентіміз халық алдына әлеуметтік бағдарлы нарықтық экономикасы бар қуатты егемен мемлекет құру міндетін қойды. Қазақстан аналар үшін қолайлы елдер рейтингінде жыл сайын жоғары көтеріліп келеді. Елде өмір сүру жасын ұзартуға қол жеткізілді. Дәрігер ретінде айтарым, елімізде ұлт саулығы, денсаулық сақтау саласын дамыту және саламатты өмір салтын қалыптастыру экономикалық және әлеуметтік дамудың маңызды факторларына айналды. Отандық денсаулық сақтау саласы әлемдік стандарттар деңгейіне көтерілді. Атап айтқанда, заманауи медициналық орталықтары, ауруханалар мен емханалар салынды, еліміздің барлық өңірлерінде зерттеулер мен жоғары технологиялы операциялардың барлық спектрі жүзеге асырылуда. Еліміз еуразиялық кеңістікте медициналық туризмнің орталығына айналып келеді, сонымен бірге, халық денсаулығы көрсеткіштерінде БҰҰ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мойындаған айтарлықтай оң нәтижелерге қол жеткізілгенін мақтанышпен айта аламыз. Осының бәрі декларацияда нақты көрсетілген. Осы орайда аталған құжатты кемел келешек, баянды болашағымыз жолында барша қазақстандықтарды біріктіре түсетін бірегей құжат деп қабылдаймын.
Сәбит ПАЗЫЛОВ, 
облыстық медицина орталығының бас дәрігері.
Тәуелсіздігіміздің тарихи құжаты
Ел тәуелсіздігінің мерейлі мерекесі қарсаңында қабылданған «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы декларациясы» әрбір Қазақстан азаматы үшін құнды құжат деп білемін. Егемен еліміздің елдігін көрсететін маңызды құжатта жас мемлекетіміздің қалыптасу және қол жеткізген жетістіктері толық қамтылған. Әрине, бұл кезеңдерде Елбасының сындарлы саясаты арқасында Қазақстан экономикасы қарқынды дамыған, табысқа жетудің бірегей тәжірибесі бар саяси тұрақты мемлекет  ретінде қалыптасты. Мемлекет басшысы Қазақстан халқы бірлігін нығайтудың конституциялық мәртебесі бар айрықша институт – Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды. Елімізде бейбітшілік пен келісім барша жұртшылықтың адамгершілік және әдеп нормасына айналды десем болады. Жүздеген ұлт өкілдері өмір сүріп жатқан мемлекетіміздегі ауызбіршілік, ынтымақ пен татулық бүгінгі күннің ең басты құндылықтарының бірі деп білемін.
Сонымен қатар, «Мәңгілік Ел»  құнды¬лық¬тары қазақстандықтардың Тәуелсіздікті нығайтуға ортақ мақсатын, ортақ мүдделері мен болашағын біріктірді. Бұл құжат біздің жар¬қын болашақ жолында  бірлігіміз бен ынты¬мағымызды көрсеткен тағы бір маңызды оқиға болды.
Әлімжан ШАЙЫМҚҰЛОВ, 
өзбек ұлттық-мәдени 
бірлесітігі төрағасының орынбасары.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз