ЕЛ СЕНІМІ ЖАСҚА ЖІГЕР БЕРЕДІ

83

0

ЕЛ СЕНІМІ ЖАСҚА ЖІГЕР БЕРЕДІӨткен аптаның
сенбісінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев кезекті жұмыс сапарымен Жаңақорған
ауда­нында болып, бірқатар нысан­дардың ашылуына қатысты. Сапар барысында аймақ
басшысы Бесарық ауылдық округіндегі мә­дениет үйінде өткен Жастар саясаты
жөніндегі об­лыстық кеңесі көшпелі оты­ры­сы­ның жұмысына төрағалық жасады.

Аймақ басшысының төрағалығымен өткен Жастар саясаты жөніндегі облыстық кеңестің көшпелі отырысына аудан әкімдері, басқарма басшылары, аудандардағы бірнеше бөлім басшылары мен Жастар ресурстық орталықтарының жетекшілері, облыстағы белсенді жас­тар өкілдері қатысты.

Көшпелі отырыстың ашылу рәсімінде облыс әкімі биыл елімізде Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы кең көлемде аталып өтілетіндігін, оған әрбір қоғам мүшесінің өзіндік әзірлікпен баруы керектігін еске салып, ең басты тарту – елдің ынтымағы, ауызбірлік екендігін айтты. Әр адам өз орнында еңбек етіп, жұмысын сапалы атқаратын болса, келісілген мәмілеге сай жұмыс жасай алса, елдің даңқы да арта береді, онда тұратын халықтың да жағдайы жақсара түсері анық.

– Мемлекеттің қалыптасуы жолында 25 жыл – ширек ғасыр аса көп уақыт емес, алайда Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді басшылығымен талай қиын соқпақтарды, белестерді артқа тастадық. Қаржы тапшылығы, әлемдік дағдарыстар кезеңінде де сыр бермедік. Нақты кезеңде әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына кірігуді міндет етіп қойдық. Бұл халықтың нарықтық қатынас талаптарын меңгеріп, елдік тұрғыда ойланатындығы, соған сай жұмыс жасайтындығының көрінісі, – деген аймақ басшысы жұрт көкейіндегі көптеген мәселелерді атап-атап көрсетті. Тәуелсіз еліміздің жаңа кезеңінде жетілген жастарға бағыт беруде, оларды дұрыс жолға салуда олқы тұстарымыз бар екендігін жасыруға болмайды. Кешегі жерге қатысты реформа кезіндегі түсінбеушіліктер көптеген шешілмеген әлеуметтік мәселелерді алға шығарды. Олардың арасында тұрғын үйге қатысты мәселелер, жер алуға байланысты кедергі, несие бойынша жинақталған мәселелер бар.

Жұмысқа орналасудағы қиындықтар жастардың көңілін алаң етіп тұр. Үйлесімді жұмыстар жүргізілмеуі салдарынан жасалатын қылмыстың 52,4 пайызы жастарға тән. Сондай-ақ, базар маңындағы заңсыз, көлеңкелі бизнестің өріс алуына жастардың үйірлігі белгілі болды. Осындай қылмыстың 60 пайызы жастардың еншісінде.

– Жастарымыздың жауапсыз қадамдарына дұрыс бағыт бере алмаған білім беру ошақтары мен ата-ана, алдыңғы толқын үлкендер, жалпы қоғам кінәлі. Сондықтан бүгінгі орын алып отырған жағдайларды ашық талқылап, мүлде жаңа іс-қимыл жасауымыз қажет,– деді әкім өз сөзінің беташарында.

Аймақ басшысы маргинал жастардың, яғни, не оқуда, не жұмыста жоқ жастардың адасуға бейім екендігін де қадап тұрып айтты. Кімнің болса да, өз жұмысын жақсы жағынан көрсетіп, сыйлы болғысы келеді. Осы арада мектеп директорларының қызметтік көрсеткіші ретінде мектеп оқушыларының ҰБТ сынағы кезіндегі алған балы есептеледі. Сондықтан да олар көбінесе ортадан төмен оқитын оқушыларды кейінге ысырып, ҰБТ сынағына тек жақсы оқитындарды апаруға күш салатындығы жасырын емес. Одан жақсы баға алғандардың көпшілігі жоғары оқу орындарына түссе, әлгі топқа ілінбей қалғандардың көбі түрлі ықпалдыларға еріп, өз тағдырын тәлкекке айналдырып алады. Тәртіп бұзады, қылмысқа барады, түрлі діни ағымдарға ереді. Бұл – қоғамнан кеткен олқылықтың басы. Әрине, жеткіншектің өз қарым-қабілетіне де көп нәрсе байланысты. Дегенде, кінәні қоғам мүшелеріне итере бермей, кеткен кемшіліктерді бірлесе түзеуіміз қажет. Сондықтан да жастар тәрбиесінде шұғыл бетбұрыс жасауға тиіспіз. Жас­тар ресурс орталықтары бір сәттік шараларды қызықтап, сол арқылы есеп беруге емес, қоғамдық орындармен бірлесе отырып, нақты тәрбие беруге, жеткіншектерімізге дұрыс бағыт ұстауға ықпал жасауы қажет.

Аймақ басшысы сөзінде облысымызда не оқуда, не жұмыста жоқ 24800 жастың есепке алынғандығын тілге тиек етті.

– Қиын балалар мектептен шыға салысымен көше кезген соң не жорық, түрлі жаман жолдарға түсуі әбден мүмкін. Яғни, мыңдаған жастарымыз ортақ істерден, қоғамның назарынан тыс қалды деген сөз. Сондықтан біз алдағы уақытта тек белсенді жастарды көтермелеумен ғана емес, өз жолын таппай жүрген жеткіншектеріміздің тәрбиесімен де жете шұғылдануымыз қажет. Олардың өз орнын табуына, белгілі бір кәсіпке мамандануына жол ашуымыз керек. Бұл орайда әулеттік кәсіп ашудың да маңызы зор. Қорыта айтқанда, сасқанға – сая, асқанға тосқан бола білуіміз керек, – деп облыс әкімі баса ескертті.

 

Көшпелі отырыста облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айдын Қайруллаев мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы және алда тұрған міндеттер туралы баяндама жасаса, Қазақстан Республикасындағы БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) өкілдігінің «Жастар мен жасөспірімдердің дамуы» бағдарламасының үйлестірушісі Айгүл Қадірова «Жастар ресурстық орталықтары» қызметтерінің жаңа моделі туралы мәлімдеді. Сол секілді облыстық денсаулық басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова жастар денсаулығын сақтау мен нығайту бойынша атқарылған жұмыстарға шолу жасады.

Қармақшы ауданының әкімі Сұлтан Мақашев аудандағы мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы туралы хабарламасында 12 ауылдық округтің бәрінде жастар жетекшілерінің жұмыс істейтіндігін алға тартумен қатар аудан бойынша 3 қоғамдық бірлестіктің тәрбиелі насихат жұмысымен шұғылданатындығын айтты. Яғни, жалпы тұрғындардың 27,7 пайызын құрайтын отызға дейінгі 14945 жастың мәселесі қадағалаусыз қалмақ емес. Жұмыс іздеуші болып тіркелген 677 адамның басымына жаңа жұмыс орны табылса, 14 жас мемлекеттен несие алып, өз кәсіптерін бастаған көрінеді. Рас, жастар тарапынан қылмыс көп. Дегенде, оларды ортаға қосуға жұмыстар жасалынып жатқандығы айтылды.

Ал Жаңақорған ауданының әкімі Руслан Рүстемов өз хабарламасында жастарды жұмысқа тарту негізгі міндет екендігін айта келіп, осы орайда «Шалқия-Цинк» компаниясына тұрақты орналастыру бойынша келісім жасалғандығын алға тартты. Ауданда 23 332жас бар, бұл аудан тұрғындарының 28,1 пайызы. Ал экономикалық белсенді халықтың саны 28,3 пайыз болса, жастардың жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайызды құрайды. Сондай-ақ, Руслан Рүстемұлы өз хабарламасында аудандағы 25 ауылдық округтің бәрінде жастар ісі жөнінде маман штаты бар екендігін мәлім етті. Кейде жастардың бойында еңбекке деген ынта жетіспейтіні жасырын емес. Мәселен, қазірдің өзінде Жаңақорған ауданында жақын шетелдерден келген 600 гастарбайтердің бар екендігі еңбек нарығындағы әлсіздігімізді көрсетеді деді. Яғни, жастармен жұмыс жүргізу, түсіндіру, еңбекке ынталандыру барысында да кемшіліктер бар деген сөз.

Жиын соңында
облыстың қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы, генерал-майор Әлімжан
Ерниязов жастардың әскери колледж­дерге барып, бағын сынау жолдарын түсіндірді.
Денсаулығы мықты, физикалық дайындығы сай келсе, ауыл жастарына деген көптеген жеңілдіктер
бар. Оқу орнында киіммен, тамақпен, жатақханамен қамтамасыз етіледі. Бір
кереметі, оқу бітірген соң бірден жұмысқа кірісіп кете береді. Демек,
талапкерлердің бұл мүмкіншіліктерді де құр жібермегені орынды секілді.

Жастар саясаты
жөніндегі облыстық кеңесі көшпелі отырысын облыс әкімі Қырым­бек Көшербаев
қорытындылап, тиіс­ті басшыларға нақты тапсырмалар берді.

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Жаңақорған ауданы.

Қатысушылар пікірі

 

– Біздің Нағи Ілиясов ауылында отызға дейінгі 530 жас бар, бәрі де есепке алынып, кімнің қандай жұмыспен шұғылданатындығы, олардың бейім істері, көзқарастары, қызығушылықтары ескерілген. Олардың әрқайсысымен дербес жұмыс жүргіземіз. Сондай-ақ, осындағы «Абзал и К» ЖШС-на қарасты ірі шаруашылық та жастарымыздың жұмыссыз жүрмеуіне игі әсерін тигізеді. Ал бүгінгі шара жастардың талабын ұштап, қанатын қомдауға дем береді деп ойлаймын.

Фариза КӨКПЕНОВА.

Сырдария ауданы.

 

 

– Күн тәртібіндегі мәселе өте орынды қойылып отыр. Рас, нарықтық қатынастардың алғашқы кезеңдерінде жастармен жұмыс жүргізу ұмыт қалды. Соның зардаптарын елімізде көрініс берген кейбір келеңсіз оқиғалар көрсетіп отыр. Сондықтан жұмылған жұдырықтай болып, ел тәуелсіздігін сақтауымыз, еліміздің болашағы үшін тынбай еңбек етуіміз қажет. Мен өз замандастарымның бойынан отаншылдық сезімінің өрлеп тұруын көргім келеді.

 

Біржан Өтебаев,

Шиелі аудандық ішкі
саясат бөлімінің маманы.

 

 

– Қазалы ауданында
4 колледж бар. Оларда мыңнан астам жас ауыл шаруашылығы мен өндіріске қажетті
түрлі мамандықтарды үйренуде. «Ертең бітіріп шыққан соң, қандай жұмысқа
орналасар екенбіз, жұмыс таба аламыз ба?» деген ойдың мазалайтындығы рас.
Бүгінгі әңгімеден түйгенім, біздің қоғамда ешкім қараусыз, қорғансыз қалмайды
екен, осының сөз жүзінде емес, іс барысындада жүзеге асырылуын қалаймын.

Еркін Аманкелдіұлы,

Қазалы
кәсіптік-техникалық колледжі

жастар ісі
жөніндегі маманы.

 

 

– Тек біреуден
жәрдем, біреудің жетектеп жүруін күтіп жүрмей, адам болған соң қабілетіне қарай еңбек етуге де
талаптану қажет қой. Мәселен, менің өз кәсібімді ашқаныма көп бола қойған жоқ,
істеген затыма деген қызығушылар қатары күннен күнге көбейіп келеді. Інім
екеуміздің жасаған құрылыс заттарымыз өтіп жатыр. Әрине, шикізат алу үшін қаржы
керек, оны басында қарызданып бастап едік, біртіндеп пайдаға шыға бастады. Бұл –
ерінбей еткен еңбектің арқасы. Қатарларымды өз бейім істеріңмен шұғылданыңдар
деп шақырамын.

Өркен Құрбанов,

Жаңақорған
ауданының тұрғыны.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз