ЕЛ ТІЛЕГІ ЕРЕКШЕ НАЗАРДА БОЛАДЫ

171

0

ЕЛ ТІЛЕГІ ЕРЕКШЕ НАЗАРДА БОЛАДЫСұрақ-жауап

Есепті кездесуде мұнан кейін тұрғындар сауалына кезек берілді.
Сайлаубай Жұбатырұлы, жазушы:
– Құрметті Қырымбек Елеуұлы, осыдан біршама уақыт бұрын әлем көз тіккен Арал экологиялық мәселесінің Қазақстан аумағында ауқымды жобасы жүзеге асты. Елбасы қолдауымен «Көкарал» бөгеті көтеріліп, тартылған теңіз қалыпқа келе бас-тады. Нәтижесінде балық шаруашылығы жанданып, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарады. Енді осы басталған игілікті үрдістің екінші кезеңін, яғни «САРАТС-2» жобасын жүзеге асыруда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
Жауап: – «САРАТС-2» жобасын осыған дейін жүзеге асыра алмағанымыздың себебі, көршілес Өзбекстан мемлекетінің ұстанымына байланысты болатын. Жобаның жалпы құны 23,2 млрд теңгені құрайды. Оның 85 пайызын Дүниежүзілік Банк қаржыландырса, 15 пайызы ҚР Үкіметінің үлесінде. Жобаны жүзеге асыруға Өзбекстан елінің келісімі керек. Олар өздерінің әртүрлі ұсыныстарын айтып, жобаны жүзеге асыру жұмыстары кейінге қалған болатын. Бүгінде көрші Өзбекстанның жаңа Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа екі ел арасындағы шешілмей келген барлық мәселені жүзеге асыруға ниетті екенін білдірді. Шымкент қаласында бүгін жұмыс тобы өзінің кездесуін жүргізуде. 22-23 наурыз аралығында Өзбекстан Президентінің Астанаға сапары аясында осы мәсе¬ле өз шешімін табады деп ойлаймын. Ташкентте болғанымызда көрші елдің ауыл шаруашылығы және су ресурстары министрінің орынбасары біз¬дің «САРАТС-2» жобамызды қолдайтындарын жеткізді. Сондықтан биыл аталған жобаның екінші кезеңі жүзеге аса бастайды. Осының арқасында Аралдағы балық аулаудың көлемі 30 мың тоннаға жетеді деп күтілуде.
Бектас Әлназаров, «Қызылорда жылу-электр орталығының» еңбек ардагері:
– Өзіңіз білетіндей, «Қызылорда жылу-электр орталығы» 1964 жылдан бастап жұмыс жасап келеді. Қондырғыларының тозығы жеткен. Аталған мекеменің толық жөндеу жұмыстары алдағы жос¬парларда бар ма?
Жауап: – Расымен, ОҚО мен Қызылорда об¬лысының біреуіне үлкен станцияның қажет екені белгілі. Қазіргі таңда біз осы мәселеге байланыс¬ты 37 млн АҚШ долларын құрайтын арнайы жоба дайындадық. 50 мегаватты газтурбиналық станцияға байланысты «Еуропалық қайта құру және Даму банкімен» де келісімшарт жасалуда. ҚР Энергетика министрлігі де аталған жобаны қолдайтындары жайлы өздерінің пікірін білдірді. Жоспарға сай алдағы уақытта жобаның «Еуропалық қайта құру және Даму банкі» 50 пайызын, ҚР Үкіметі 40 пайызын және облыс әкімдігі 10 пайызын қаржыландыруы қажет. ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминнің облысымызға жұмыс сапары аясында да осы мәселені жан-жақты пысықтадық. Алдағы уақытта өз шешімін табады деп ойлаймын.
Дилара Асқарқызы, қала тұрғыны:
– Мен Марат Оспанов атындағы медицина университетінің түлегімін. Аталған оқу орнын аяқтағаныммен, резидентураға түсе алмадым. Естуімше, өткен жылы резидентураға грант бөлінген. Ағымдағы жылы осы жұмыстар жалғасын табады ма?
Жауап: – Дилара Асқарқызы, 2014 жылдан бастап, медициналық жоғары оқу орнын бітіргендер резидентурада оқуға  міндетті. Бүгінде облыста 160 дәрігер жетіспейді. Оның 121-і резидентурада оқуы керек. Сондықтан, қанша жерден жоғары оқу орнын бітіргенмен, жас маманның жоғары білікті маман ретінде жұмыс жасауы мүмкін емес. Біз облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұсынысы бойынша 11 маманға грант бөлдік. Сондықтан, аталған басқарма басшысына Дилара Асқарқызының резидентурада грантпен оқуына қолдау жасайық деген ұсыныс айтамын. Жаңағы дәрігерлердің жетіспеу мәселесін облыстың арнайы комиссиясында қарайтын боламыз. Сондықтан, денсаулық сақтау саласының қажеттігіне сәйкес, облыс әкімінің грантын аталған сала мамандарын дайындайтын резидентураға да бөлетін боламыз деп ойлаймын.
Ерік Теңізбаев, қала тұрғыны:
– Сізге «Қайсар» футбол клубының жағдайын жақсартуда атқарылған жұмыстарға алғыс білдіремін. Алдағы уақытта осы бағытта тағы қандай жұмыстар жалғасын табады?
Жауап: – Сұрағыңыз өте орынды. Соңғы жылдары облыста спорт саласына да көптеп қолдау көрсетілуде. Ал енді жаңа құраммен толыққан  «Қайсар» футбол клубына келер болсақ, өткен жылы айтарлықтай қолдау көрсетілді. Нәтиже де жаман емес. Үздік ойын көрсетіп, биыл премьер-лигаға жолдама алды. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табады.
Есепті кездесуде мұнан кейін облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Сәпен Аңсат жанар-жағармайдың қымбаттауына байланысты сауалын жолдады. Аймақ басшысы жанар-жағармай нарығындағы жағдайды тарқата келе, осы бағытта бірлесе қолға алынған шаралардың тиімділігі болатынын жеткізді.
Қазыбай Құдайбергенұлы, ҚМУ-дың профессоры:
– Жалпы, экономика бойынша барлық саладағы өсім жайлы сіздің дәйекті сөздеріңізден хабардар болдық. Енді рухани салаға байланысты бір сауалым бар. Сыр елінде талай тұлғалар дүниеге келген. Былтыр сол тұлғаларды ұлықтау мақсатында бірқатар шара ұйымдастырылды. Алдағы уақытта осы бағыттағы игілікті шаралар жалғасын табады ма?
Жауап: – Қазыбай Құдайбергенұлы, сауа¬лы¬ңызға рахмет! Менің айтайын дегенім, бізде Қара¬ғанды мен Павлодар облысына өндіріс жағынан ақыл айту артықтау болар. Себебі, оларда аталған сала бойынша көшбасшылық басым. Ал балалардың тәрбиесіне және рухани мәселесіне біз аса мән беріп келеміз. Сыр – Алаштың анасы болғандықтан руханият мәселесіне қатты көңіл бөлуіміз қажет. Мына мәселеде: «Сыр жұртының пікірі қалай екен? Сыр елі не айтады?» деген алты Алашта сондай ұғым болуы керек. Сондықтан руханият мәселесіне бірге атсалысайық. Сауалыңызға тағы да рахмет.
Есепті кездесуді тікелей эфирден тама¬шалаған барлық аудан және Байқоңыр қаласының тұрғындары облыс әкіміне өз сауалдарын жолдады. Эфирге алдымен Арал ауданы шығып, ол Жаңақорған ауданына дейін жалғасты.
Гүлжан Дошниязова, Арал ауданының тұрғыны:
– Қырымбек Елеуұлы, ауданымызда шешімін таппай келе жатқан мәселелердің бірі аудандық аурухананың құрылысы болатын. Елбасы мен облыс әкімінің қолдауы арқасында аталған мәселе өз шешімін тапты. Барша аудан тұрғындарының атынан алғыс білдіремін. Тағы бір сауалым, Арал қаласында орналасқан №14 мектеп-лицейінің жағдайына байланысты. Жыл сайын білім ошағында оқуға ниет білдірген оқушылар саны артып отыр. Оның үстіне ғимараттың да тозығы жеткен. Осы білім ошағына жаңа ғимарат салу жұмыстары қашан жүзеге асырылады?
Жауап: – «САРАТС-2» жобасы жайында өз баяндамамда айтып кеттім. Сондықтан аралдықтар болашаққа үлкен үмітпен қарау керек деп ойлаймын. Апатты жағдайдағы аудандық ауруханаға байланысты тиісті шешімдер қабылданған болатын. Үкіметке осы сауалды жолдаған едік, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевқа алғысымды білдіремін. Биылғы бюджеттен 200 млн теңге қаржы бөлді. 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында аурухана құрылысы бітеді деп ойлаймын. Ал енді №14 мектеп-лицейінен хабарым бар. Биыл республикалық бюджет есебінен 7 мектеп бой көтереді. Соның ішінде аталған оқу орны да бар. Сондықтан бұл мәселе де өз шешімін табады деп ойлаймын.
Алтынбек Жұбаниязов, Қазалы ауданының тұрғыны:
– Менің сізге қояр сауалым, Қуаңдария өзеніндегі көпірдің тұрғындарға қиындық тудырып отырғанына байланысты. Осы мәселе қай уақытта өз шешімін табады?
Жауап: –  Қуаңдария өзені бойынан темір-бетон көпір салу мәселесі бюджетте шешілген. Көпір құрылысына 100 млн теңге қаражат бөлінді. Сондықтан жыл аяғына дейін жаңа көпір пайдалануға беріледі деп ойлаймын.
Ғалымжан Ұзақбаев, Байқоңыр қаласының тұрғыны:
– Бәрімізге белгілі, бүгінде Ресей өздерінің Шығыс ғарыш айлағын салып, ғарыш кемесін ұшырып та үлгерді. Бұның бізге, яғни, Байқоңыр ғарыш айлағына әсері бола ма?
Жауап: – Әрине, әсер етеді. Ресей белсенді түрде ғарыш айлақтарын салуды қолға алды. Мәселен, Шығыс ғарыш айлағын салды, Циалковский қаласының құрылысы қарқынды жүруде. Сондықтан бізге Байқоңыр қаласының ахуалына барынша көңіл  бөлу керек. Дәлірек айтсақ, Байқоңырдың екінші тынысын ашуға жұмыс жасайтын боламыз.
Балапан, Байқоңыр қаласының тұрғыны:
– Құрметті Қырымбек Елеуұлы, Сіздің Байқоңыр қаласының тұрғындары үшін жасап жатқан игі істеріңізге қала тұрғындарының атынан шексіз алғысымды білдіремін. Байқоңырдағы қазақ мектептері өзіңіздің бастамаңызбен 2015 жылдың қыркүйек айынан бастап қазақстандық оқу стандартына көшті. Осы арқылы балалардың туған жерге, Отанға деген сүйіспеншілігі мен патриоттық сезімдерінің өсіп-өркендеуіне жол аштыңыз. Сонымен бірге, біраз жылдан бері жұмыс істемей келген перзентхана ғимараты базасында былтыр тамыз айынан бастап облыстық медицина орталығының филиалы ашылып, жұмыс жасауда. Бұл игі іске барша байқоңырлықтар риза. Жалпы, соңғы уақытта Байқоңыр қаласы халқының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда облыс тарапынан үлкен мән беріліп келеді. Осы бағыттағы проблемалық мәселелерімізге қолдау көрсететініңізге сеніміміз мол.
Жауап: – Рахмет. Мен бір сөзімде «Біз Байқоңыр ғарыш айлағын жалға бергенмен, ондағы халқымызды жалға берген жоқпыз» деп айтқан болатынмын. Мұның ар жағында үлкен мән бар. Қазақстан азаматтарының жағдайына біз жауаптымыз. Сондықтан олардың барлық мәселесін шешуіміз керек. Осы орайда Байқоңырдың әлеуметтік ахуалын жақсартуға көңіл бөлудеміз. Бұл бағытта Байқоңырдағы қазақ мектептерін өзімізге қайтардық, перзентхананың базасында облыстық медицина орталығының филиалын аштық. Олардың материалдық базасын жақсартуға жұмыс жасаудамыз.
Руслан Жанұзақов, Қармақшы ауданы, Жосалы кентінің тұрғыны:
– Мен шағын кәсіпкерлікпен айналысамын. Кәсібімді үлкейту үшін несие алайын десем, банк¬тер кепілдік сұрайды. Оған мүмкіндігім жоқ, қандай кеңес бересіз?
Жауап: – Руслан, кепілі жоқ кәсіпкерлерді қолдау туралы Елбасының арнайы тапсырмасы бар. Елбасы тапсырмасына сәйкес арнайы бағдарлама қабылданды.  Сол бағдарлама бойын¬ша 6 пайызбен бес жылға 16 млн теңгеге дейін несие алуға болады. Соның 85 пайызына мемлекет кепілдік береді. «Көз – қорқақ, қол – батыр» дейді ғой. Руслан, іске сәт, болашақ үлкен кәсіпкер болуыңа тілектеспін.
Әлтай Пірманов, Жалағаш ауданы, Ақарық ауылының тұрғыны:    
– Құрметті Қырымбек Елеуұлы, облыс әкімдігінің шаруашылық иелеріне көрсетіп жатқан қамқорлығына алғысым шексіз. Дегенмен, егін са¬ласы бойынша гектарына берілетін субсидия қысқартылады деп күтілуде. Бұл біз секілді шағын шаруашылықтар жұмысының жандануына кері әсерін тигізетін сияқты. Алайда, біз облыста күріш дақылы үшін берілетін гектарлық субсидия бұрынғыдай жүргізіле береді деп естідік. Осы сөз қаншалықты рас?
Жауап: – Әлеке, ОҚО мен Қызылорда облысына байланысты арнайы осы мәселе Ауыл шаруашылығы министрлігінде қаралып, оң нәтижеге қол жеткіздік. ОҚО – мақтаға және біз күрішке байланысты біраз жұмыстарды қолға алдық. Күріштің 90 пайызы біздің аймақта өндіріледі. Инженерлік жүйедегі жерлерді қалыпты жағдайда ұстау үшін және аталған саладағы жұмыстардың ауқымдылығын айтып түсіндірдік. Сондықтан жергілікті бюджет есебінен гектарына берілетін субсидияны қалдыру біздің құзырымызда. Көктемгі науқанда әр гектарға 100 мың теңге қаржы бөлінеді. Сонымен қатар арнайы тұқымдарға байланысты да қосымша субсидия қаралады. Сондықтан бұл саладағы жұмыстар жылдағыдай оң нәтижесін береді деп ойлаймын.
Ержанов Балтабай, Жалағаш кентінің тұрғыны:
– Өңіріміздегі аудандық ішкі істер бөлімі 20 жылдан бері бұрынғы қонақ үйдің ғимаратында жұмыс жасап келеді. Аудандағы қызметкерлеріміз жаңа ғимаратқа қашан қол жеткізеді?
Жауап: – Бұған байланысты тиісті жұмыстар атқарылып, қаржы мәселесі де өз шешімін тауып отыр. Бүгінгі таңда 900 млн теңгені құрайтын ғимараттың 600 млн теңгесі бөлінді. Ал қалған 300 млн теңгені жылдың аяғына дейін қарастыратын боламыз. Бұйыртса, жылдың аяғында, болмаса, келер жылдың басында аудандық ішкі істер бөлімі жаңа ғимаратқа көшеді. Тек өздерінің алда тұрған міндетін абыроймен атқара берсін. Сауалыңызға рахмет!
Өтепберген Әбілов, Сырдария ауданы, Қалжан ахун ауылының тұрғыны:
– Қырымбек Елеуұлы, Қалжан ахун ауылының ауыз су жүйелерінің қазіргі уақытта тозығы жеткен.  Осы мәселе қалай шешіледі екен?
Жауап: – Қалжан ахун ауылының жағдайын жақсы білемін. Республикалық бюджеттен биыл бөлінген қаржының ішінде Қалжан ахун ауылы¬ның ауыз су жүйелерін жақсартуға арналған қаржы бар. Жалпы Сырдария ауданында ауыз су мәселесі толығымен шешімін тапқан.
Жолдасбек Әбжаппаров, Шиелі ауданы, Еңбекші ауылының тұрғыны:
– Ауылдық жерлерде спорт залдары жетіспейді, алдағы уақытта спорт залдарын салу жоспарда бар ма?
Жауап: – Біз тек Қызылорда қаласында ғана емес, ауылдық жерлерде типтік жобадағы спорттық сауықтыру залдарын салудамыз. Соңғы кезде 9 елді мекенде салынды, биыл 7 спорт нысанының құрылысы қолға алынбақшы. Соның ішінде Еңбекші ауылы да бар.  
Бақытжан Төлегенов, Жаңақорған ауданы, Өзгент ауылының тұрғыны:
– Мен шағын шаруа қожалығымен айналысамын. Мал, егін шаруашылығы. Майда болғандықтан кейбір мемлекеттік қолдауларды ала алмай келеміз. Қазір кооперативке біріксе, мемлекеттік субсидия алуға болады дейді, осы туралы не айтасыз?
Жауап: – Бақытжан, ешқандай алаңдама. Қазақстанда, біздің облысымызда да өндірістің 80 пайызы үй шаруашылықтарында өндіріледі. Бірақ сіздердің қауқарларыңыз аз. Сондықтан сіздерге мемлекеттік қолдауларды алу үшін бірігу керек. Кооперативке біріксе, бірқатар жеңілдіктер болар еді. Мемлекеттің қаржылай көмегіне жету үшін бірігіп жұмыс жасауларыңыз керек.
Ерғали Оразбеков, Жаңақорған ауданының тұрғыны:
– 2018 жылдан бастап ауылдық округтер әкімдерінің өз бюджеті болады дегені рас па?
Жауап: – Рас. Елбасының шешімі бойынша 2018 жылдан бастап ауылдық округ әкімдерінің өз дербес бюджеті болады. Ауылындағы мәселені шешу үшін  әкімге ауданға, облысқа жүгіру қажет емес. Бірақ мен бір нәрседен қорқамын. Ауылдық округ әкімдері бухгалтерлерінің сауаттылығы өте маңызды. Сол есепшілер әкімдердің түбіне жет¬песін деңіз. Әр қаржының есебі, оны жұмсаудың заңдылығы бар, сұрауы болады. Сондықтан әкімдер осы жағына мән беруге тиіс. Оларды оқытып, үйретуіміз керек.
Облыс әкімінің халық алдындағы есепті кездесуіне орай, Қызылорда қаласы мен аудандардан және барлық елді мекендерден халықтың пікірлері мен ұсыныстарын жинақтайтын арнайы жәшіктер орналастырылды. Мұнан бөлек, 10 ақпаннан бастап 400 100 телефон номері бойынша немесе, WWW400-100.kz сайты арқылы да сауалдар жолдауға мүмкіндік жасалды. Аталған онлайн режимдегі байланыс орталықтары арқылы аймақ тұрғындарынан бүгінге дейін толассыз ұсыныстар пен пікірлер түсті. Келіп түскен сауалдарды сараптап айтар болсақ, тұрғын үй беру мәселелері бойынша 25 сауал түссе, жұмыспен қамту  және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша 58 адам хабарласса, коммуналдық шаруашылық бойынша – 52, білім беру мәселелері бойынша – 42, мәдениет саласы бойынша – 24, денсаулық саласы бойынша – 32, кәсіпкерлік мәселесі бойынша – 17, ауыл шаруашылығы бойынша – 30, жер мәселесі бойынша – 22 және басқа да мәселелер бойынша 40 адам өз сауалдарын жолдады. Жолданған сауалдардың бірқатарын онлайн режимде «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының тілшісі Алтынай Молжанова жеткізді. Қойылған сұрақтарға аймақ басшысы жауап берді.  
Зибагүл Асанбаева, Қызылорда қаласының тұрғыны:
– Қызылорда қаласында көптеген тұрғын үйлер қайта жаңғыртудан өтіп, коммуналдық желілері жаңарды, қаламыздың архитектуралық келбеті де артты. Алайда жөндеу көрмеген үйлер әлі де бар. Тұрғын үйлерді жаңғырту жұмыстары жалғасын табады ма?
Жауап: – Тұрғын үйлерді қайта жаңғырту бағдарламасы жақсы бағдарлама еді, бірақ Үкімет тарапынан бұл бағдарлама тоқтатылды. Қызылорда қаласында 600-дей үйді осы бағдарламаға енгіземіз деп едік, соның 121-і жөнделді. Өткен жылы үш үйді жөндеуден өткіздік. Биыл қайтарылған қаражат есебінен төрт үйді жөндеу жоспарланып отыр. Үйлерді жаңғырту бағдарламасын қайта қаржыландыру туралы өзіміздің ұсынысымызды бердік.
Қуандық Құрманаев, Қызылорда қаласының тұрғыны:
– Мен «Сабалақ» саяжайының тұрғынымын. Қала келбеті адам танымастай көркейіп жатыр. «Сабалақ» саяжайының инфрақұрылымын жақсарту туралы не айтасыз?
Жауап: – «Сабалақ» саяжайына байланыс¬ты қала әкімі маған баяндаған болатын. Бұл саяжай қаланың бас жоспарында жоқ. Сондықтан алдымен оның құжаттарын жасап, қаланың шегіне кіргізуіміз керек. Сосын барып инфрақұрылымын қарай аламыз. Олай болмаса, қаржы бөле алмаймыз. Нұрлыбек Машбекұлы, саяжайға барып, бұл мәселені сол жердегі тұрғындармен кездесіп, түсін¬діріңіз.
Сәбира Смағұлова, Қызылорда қаласының тұрғыны:
– Құрметті Қырымбек Елеуұлы, облыс орталығындағы апатты үйлердің мәселесі қалай болады?
Жауап: – Сұрағыңызға рахмет. Мен жаңа баяндамамда айтып өттім, төрт үй салынды, екі үйдің жобасы дайын тұр. Реті келсе, осы жылдың аяғына дейін апатты үйлердің мәселесі шешілетін болады.
 

Нағымжан САУЯЕВ,
Айнұр БАТТАЛОВА,
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз