ЕЛ ЖАҒДАЙЫН ОЙЛАҒАННЫҢ ЕҢБЕГІ ЖАНАДЫ

88

0

ЕЛ ЖАҒДАЙЫН ОЙЛАҒАННЫҢ ЕҢБЕГІ ЖАНАДЫ

Аймақ басшысының есепті баяндамасын тыңдап, зерделеп, жыл көлемінде атқарылған жұмыстарды көз алдымыздан тағы бір тізбелеп өткіздік. Халық алдында есеп беру – арбаның дөңгелегіндей айналған жыл ішінде атқарылған жұмыстар жайлы жарқыратып жайып салу ғана емес, толымды істерді түйіндеп, ертеңнің еншісіндегі ерен бағыттарды айқындау. Бұл ретте аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың атқарылған жұмыстар, жоспарланған шаруалар туралы халық алдындағы есеп беруі үдеден шықты ғой деймін.
Шынын айтуымыз керек, соңғы үш-төрт жылдың беделінде Сыр өңірі тастүлектей түлеп, қанатын қомдап, шырқауға ұмтылды. Әкімнің дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспары жүзеге асып жатыр. Есепті баяндамаға қатысушылар  сарабдал цифрлар мен парасатты пайыздарды, кемел көрсеткіштерді естіп-біліп, ілкімді істерді санадан сүзіп өткізіп қана қоймай, бұл көрсеткіштердің астарында атойлап тұрған өлшеусіз еңбектің қадірін де түсінді деп ойлаймын. Бұл жәй ғана статистикалық сандар емес, сан алуан ізденістің, қажымас қайрат пен мақсатқа жету жолындағы маңдай тердің жемістері.
Әкімнің есебінен кейін келген ой – бәріміздің көз алдымызда жасалып жатқан жұмыстарды жаңғыртып қайталау емес. Облыс әкімінің жыл көлемінде ғана емес, келгелі бері келімін келтіріп, тігісін жатқызып, қиыннан қиыстырып, ынтымақпен ұйыстырып, Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуына сіңірген еңбегін айтайын деген ой. Үш жыл қатарынан күріштен рекордтық өнім алуға қол жеткізілді. Орталықта он бір шағынаудан бой көтерді. Ауыл шаруашылығын субсидиялау 10 миллиард теңгеге жетті. Бұл жоспардан екі есе көп. Жеке тұрғын үйлер салуға бөлінген аумақтың инженерлік-коммуналдық жүйесін ретке келтіруге, жолдар салуға Ұлттық қордан 9 миллиард теңге бөлінуіне қол жеткізіп, қаншама тұрғын баспана бақытына ие болды. Өздеріңіздің сенімдеріңізбен он екі жыл Сенат депутаты болғасын білем, аймақтардың тұрғын үйлердің инфрақұрылымын түгендеуге республикадан қаржы алуы өте қиын. Жоғарыдағылар мұндай шаруаны жергілікті биліктің өзі шешуге тиіс деп санайды. Сондықтан бұл ретте қаржы алуға Қырымбек Елеуұлының ұзақ жылдарғы бұлжымас беделінің көмектескені айқын. Әйтпесе, кез-келген әкімге шүлен тарататындай Ұлттық қор соншалықты Атымтай жомарт емес. Осы үшін де Қырымбек Елеуұлына рахмет айтуға тиіспіз. Сол қаржының бір бөлігі қала халқына және туған жерім – Қармақшы ауданына бұйырып, кезекте тұрған 1400 адам бір күнде жер алып, жырғап қалды.
Біз шикізаттық, мұнайға тәуелді облыс болып келдік. Мұнайдың бағасы түссе, біздің қабағымыз түседі. Осы жағдайды ескеріп, облыс әкімі дер кезінде экономиканы әртараптандыруды қолға алды. Енді шикізаттық емес сектордың үлесі арта бастады. Өңдеу өнеркәсібіне инвестициялар тартылуда. Өзге аймақтармен салыстырғанда, нақты көлем индексі 122 пайызға жетіп, өсім 15 пайызды құрады.  Ал, республикалық орташа көрсеткіш – 0,7 пайыз ғана.
Мен қаланың бұрынғы әкімі, экономист-ғалым болғандықтан өңірдің әлеуметтік әлеуетіне көбірек назар аударамын. Әкімнің баяндамасынан білгеніміз, 48 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілді, 543,7мың шаршы метр тұрғын үй пайдаланылуға берілді. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда, 16,8 пайызға артық. 2015 жылы да тұрғын үй салудан республикада Астанадан кейінгі орынды иеленгенімізді естеріңізге сала кетейін. Біз әкім болған тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бұл цифрлар бізге қиял сияқты болатын. Бүгін – бұл қуанатын шындық.
Жоспарланған 151 миллиардтың орнына іскерліктің үлгісі іспетті 238 миллиард теңге болып орындалған облыс бюджетінің басым бөлігі әлеуметтік саланы дамытуға және тұрақтандыруға жұмсалды. Бұл да халықтың қамын қалтқысыз ойлағандықтың айғағы. Өзім жақсы білетін білім бағытына жаратылған қаржының есебі жоқ, еңсеңді биіктеткендей.
Еліміздің келешек тұтқасы – жас ұрпаққа жасалып жатқан қамқорлық толассыз. Басқаны былай қойғанда, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы жылғы Жолдауында мектепке дейінгі тәлім-тәрбие беру саласы бойынша Қызылорда облысы үлгі ретінде атап айтқанын айтсақ та жеткілікті шығар. Қазіргі таңда Сыр өңірінде жастарға, олардың білім алуы мен еңбек етуіне жасалып жатқан қамқорлық аз емес.
Қырымбек Елеуұлы облысқа әкім болып келген кезден бастап тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларынан шыққан дарынды да талантты, білімді де арманшыл балаларға қолдау көрсетіліп, олардың жоғары оқу орындарында қажетті мамандықтар бойынша білім алуына жыл сайын оқу гранттары бөлінуде. Сонымен бірге 2014 жылдан бері Ресей Федерациясының ең танымал 3 оқу орнында Сыр өңірінің түлектері қалаған мамандықтары бойынша білім алуда.
Менің өзім де Мәскеу қаласында білім алғанмын. Ол кезеңдерде кез келген жастың Мәскеудегі оқу орындарында білім алуына мүмкіндік бола бермейтін. Есімде республика бойынша жылына 700-800 адам ғана Москва, Ленинград, Новосибирске түсетін, оның ішінде 30-40 бала ғана қызылордалықтар болатынбыз. Бүгінгі күні Облыс әкімінің қолдауымен аймағымыздың 300 ден астам мектеп түлектерінің Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларындағы жоғары оқу орындарында білім алуы – жастарға берілген зор мүмкіндік деуге болады. Жастар тек сол мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, Сыр өңірінің абыройын одан әрі арттыра түседі деп үміттенеміз.
Сондай-ақ, жас отбасылар тұрғын үйлермен қамтамасыз етіліп, көптеген жастар мемлекеттік қызметке тартылуда. Соның ішінде жастығына қарамастан үлкен сенім артып, басшылық қызмет атқарып, жұмысты жаңашылдықпен атқарып, дөңгелентіп жүрген жастардың да болуы қуантады.
Тәуелсіздік тойы қарсаңында Қызылорда қаласының екі жағалауын бір-бірімен байланыстырып, болашаққа жол ашқан көпір пайдаланылуға беріліп, халықты бір серпілтіп тастады.  Болашақ сол жағалауда жаңадан салынатын шағын ауданға «Нұр Орда» атауын беру туралы өзім облыстық Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында көтерген болатынмын. Бұл Кеңес тарапынан да, облыстық мәслихат депутаттары тарапынан да қолдау тапқаны белгілі. Осы ауданнан біз де «Болашақ» университетіне қажетті жер учаскесін алып, оқу орнының жаңа ғимаратын, студенттік қалашық салуды жобалау жұмыстарына кірісіп те кеттік. Студенттер заманауи ғимаратпен қамтамасыз етіліп, жаңа қаланың жақсылығына араласып тұрса дейміз. Біз «Барлығы – балаларымыз үшін» деп өмір сүретін халықпыз. Балаға жасаған жақсылығымыз бұл ертеңгі күннің кемелдігін қалыптастыруға жасалған қадам деп түсінуге болады. Сондықтан, жастардың алдағы күндерге жарқын сеніммен қарауына көп жағдай жасалғаны айқын. Мәдени-рухани құндылықтарымызды дамыту және әспеттеу шаралары шырайын тапты.
Мен дифирамба айту немесе әкімді мадақтау үшін қолыма қалам ұстағаным жоқ. Әкімі бастаған, әлеуметі қоштаған елдің ерендігі мен берендігін, ынтымағы мен ықыласын, келер күнге деген сенімі мен үмітін айтқым келіп отыр. Ұлы Отан соғысы кезінде Краснодоннан қашып бара жатқан неміс генералы «мына совет адамдары логика дегеннің не екенін тіпті де түсінбейді екен. Біз Мәскеуге 14 шақырымға дейін жақындап қалдық. Логика бойынша олар жеңілгенін мойындауға тиіс қой. Енді, міне, бізді Краснодоннан қуып шықты. Берлинге дейін қуып бара ма деп қорқамын» деген екен. Сол айтпақшы, қазіргі дағдарыс кезеңінде Лондондағы 200 жылдық тарихы бар банктің өзі тоқырауға ұшырап жатқанда, біздің елімізде, оның ішінде Қызылорда облысында барлық сала бойынша жарқын жетістіктерге қол жеткізіп жатырмыз. Ол – Рух логикасының жеңісі! Ол – теориялық философиядан да күшті, қуатты. Сол рухымызды шыңдап, ортақ іске жұмылдырған Қырымбек Елеуұлына ризашылығым шексіз.
Мына бір жайт есіме түсіп отыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын аймақ басшысы металлургия саласын дамытуға күш салуымыз керек дегенде, көбіміздің таң қалғанымыз рас. Ауыл шаруашылығы мен мұнай кәсіпшілігіне негізделген өңірде темірді қалай игереміз? Дайын тұрған металлургия кеніші қайда? Облыс әкімінің гранттарымен Мәскеу мен Санкт-Петербургте осы сала бойынша оқып жатқан жеткіншектеріміз мамандығына сай жұмыс таба алмай, тентіреп кетпей ме деген күдікшіл сауалдардың мазалағаны бар. Сөйтсек, «ханда қырық кісінің ақылы бар» дегендей, әкім әріден ойлаған екен. Сыр бойының қойын-қолтығы толған Менделеев кестесінің өзі. Металдың мың сан түрі бар. Игеретін күннің де алыс еместігін Қырымбек бауырымыз алдын-ала сезген екен. Елбасының биылғы жылғы Жолдауында металлургия саласын игеру, оның кластерін дамыту және жаңа кен орындарын ашу міндеті қадап көрсетілді. Демек, Қазақстан дамуының бір парасы – металлургияда жатыр. Оның үстіне Облыс әкімі өз баяндамасында алдағы міндеттер ауқымында кен орындарын зерттеу және ашу мәселесін алдыңғы кезекке қоятынын мәлім етті.
Облыс әкімінің биылғы жылы атқарылатын жұмыстар төңірегіндегі іс-жоспарлары да шынайы, нақты. Елбасымыздың тарихи Үндеуімен және «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: әлемдік бәсекелестікке қабілеттілік» Жолдауымен үндесіп, үйлесіп тұр. Өздеріңіз білесіздер, биылғы Жолдау алдағы ширек ғасырдың Директивалық бастауы іспетті. Ұзақ та жемісті жылдарға жол сілтейді. Ендеше аймағымызда жоспарланған шаруалардың да баянды жалғасы біздерді ортақ іске жұмылдырса керек-ті. Лайым солай болсын!
Мен жарты ғасыр ұстаздық қызмет еттім. Жоғарғы оқу орнында оқыған талай шәкірттің «зачеткасында» қолтаңбам қалды. Сол ұстаздық ұстанымым бойынша облыс әкімінің атқарған жұмыстарының «зачеткасына» «бес» деген баға қояр едім. Сіздер бұған келіседі деп ойлаймын.

Бақберген ДОСМАНБЕТОВ,
ҚР Ұлттық Ғылым академиясының
корреспондент-мүшесі,
Қызылорда облысының құрметті азаматы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз