Елбасы бағасы кәсіпорын көкжиегін кеңейтті

67

0

Елбасы бағасы кәсіпорын көкжиегін кеңейттіӘлімсақтан аграрлы аймақ саналатын Сыр атырабында ауылшаруашылық саласында атқарылып жатқан жемісті жұмыстар қатары мол. Әсіресе, өңдеу өнеркәсібін дамытуға үлкен мән берілуде. Аймақ басшысының айрықша назар аударуының арқасында, мемлекеттік және жекеменшік әріптестік аясында қолға алынған үлкен жобаның бірі – «Жан Арай Жем» зауыты. Былтыр облысымызға жұмыс сапарымен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев зауыт жұмысымен арнайы танысып, бағасын берген болатын.
Елбасы өндіріс орнында ауыл шаруашылығын дамыту, жаңа технологияларды енгізу мәселелерін сөз етіп, «Ауыл шаруашылығы дағдарыс кезінде де экономиканың локомотиві болып қала береді», – деген еді.
Өндіріс орнымен танысуда Елбасы «Бүгінде біз дағдарыстан қалай шығу керек деген мәселені жан-жақты саралаудамыз. Біз қанша жылдан бері ауыл шаруашылығы саласына көмек беріп келеміз. Себебі, ауыл шаруашылығы дағдарыс кезінде де экономиканың локомотиві болып қала береді. Осы орайда ауыл шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін арттыруға, сапасын жақсартуға, жаңа технологияларды енгізуге күш саламыз. Сырттан инвестиция тартуға жұмыс жасау керек. Өңдеу мәселесіне көңіл бөлетін кез келді», – деп Сыр диқандарының орасан еңбегіне сәттілік тілеген болатын.
Кәсіпорын басшысы Бақдәулет Мақашев бұл жұмыстардың алдағы уақытта әрі қарай жалғасатынын, келешекте ұн шығару зауытын және макарон фабрикасын іске қосуды жоспарлап отырғанын айтып, саланы дамытуға қамқорлық танытып отырған Елбасына алғысын білдірген еді. Қазір кәсіпорын сол үдеден көрініп келеді. 
«Жан Арай жем» зауыты тәулігіне 80 тонна құрама жем өндіріп, 150 тонна күріш салысын өңдейді. 150-дей жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.  Кәсіпорында зертхана, ұн тартатын диірмен мен макарон шығаратын өндіріс бар. Зауыт қалдықсыз технологияны терең меңгерген. Қалдық өңделіп, одан жем алынады.  Ал аймақ шаруалары жылына 60 мың тонна мал азығындық жемге зəру. Демек, құрама жем шығаратын зауытына деген сұраныс жоғары.  
Зауыт ашылғалы бері өңірдегі мал шаруа¬шы¬лы¬ғының дамуына тың серпін беріп, об¬лысқа сырттан əкелінетін жем көлемін ке¬мітті.  Жем зауытының өнімі сапалы, техника¬сы заман талабына сай. Өйткені кәсіпорын құ¬рама жемді неміс технологиясы бойынша өндіреді.  Саннан бұрын сапаға салмақты қа¬рай¬тын білікті мамандар өнімді ұдайы тексеріп тұру үшін арнайы зертханаларын да ашып алған.
«Жан Арай Жем» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2002 жылы қараша айында құрылған. 2011 жылы серіктестік «Құрама жем өндіру» жобасын Өңірлік индустрияландыру картасына енгізген. Зауыт мемлекеттік және жеке әріптестік негізінде жұмыс жасап отыр. «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-ның үлесі – 49%, яғни 137 миллион теңге болса, қалғаны «Жан Арай Жем» ЖШС-ның өз үлесіне тиеді. Өндіріс ошағына «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы инфрақұрылым тегін жеткізіліп берілген.
Кәсіпорынға қажетті шикізаттарды – күріш, бидай, жүгері және күнбағысты жергілікті шаруашылықтар өсіреді. Дәлірек айтсақ, «Жан Арай Жем» зауыты қазір облыстағы бірқатар шаруа қожалықтарымен бірге тиімді жұмыс жасауда. Олардың арасында Жаңақорған ауданындағы «Түгіскен ТШ» ЖШС, Сырдария ауданындағы «Қызылдихан», «Бақ» шаруа қожалықтары, Қармақшы ауданындағы «Достық Жер МК» ЖШС бар. Зауыт тәулігіне – 80 тонна, жылына 30000 тонна құрама жем өндіруге қауқарлы. 
Бірнеше шаруашылықтар мен  серік¬тестіктерге демеушілік танытып отырған инвестор Бақдәулет Мақашов  биылғы ел табысы жайлы пікірін білдірді.
– Биылғы жылдың ерекше берекелі жыл болғандығы белгілі. Отан қамбасына бұрын-соңды болмаған мол астық құйылды. Басқа да ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігі жоғары болды. Сөйтіп, диқан қауымы Тәуелсіздік мерекесіне үлкен тарту жасай білді. Агроөнеркәсіптік саланың басқа да секторларында дамудың қарқындылығы көрініс беріп отыр. Осының барлығы тәуелсіз Қазақстанның ауыл шаруашылығы өндірісіндегі табыстарын айқын көрсетеді. Елбасының бағасы бізге үлкен міндет жүктейді.
Мемлекеттің қолдауына арқа сүйеген біздің фермерлер аграрлық саясаттың жемісті нәтижесі арқылы ерлікке пара-пар еңбек етті. Егістік алқаптарда тұқым себу, егін жинау жұмыстары жаңа техникалармен жүргізілді. Осының арқасында бірнеше шаруа қожалықтарымыз бұрын-соңды болмаған рекордтық өнім алды. Оннан астам үздік диқандарға жеңіл автокөлік берілсе, үш жүзге жуық ауылшаруашылық қызметкерлеріне бағалы сыйлықтар табысталды, – деді. 
Барша халықты ел Тәуелсіздігі және Тұңғыш Президент күнімен құттықтаған Бақдәулет Еркінбекұлы осының бәрі еркін елін өркендетуге бастаған Мемлекет басшысының еңбегі екендігін айтып отті.
Айта кетейік, агрокешенде шикізат және дайын өнімдер сақтайтын қоймалар, автотаразы мен зертхана, қалталау цехы бар. Кәсіпорын басшысы Бақдәулет Мақашевтың айтуынша, бұл жұмыстар әрі қарай жалғасын табады. Келешекте ұн шығару зауытын және макарон фабрикасын, кондитерлік өнімдерді өндіру зауытын іске қосу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда олардың барлық ғимараттары салынған. Алдағы уақытта осы зауыттарда 250-ге жуық адам жұмыс жасайтын болады. Тағы бір жағымды жаңалық зауыт жұмысшылары келер жылдан бастап жатақханамен қамтамасыз етілмек.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз