ЕЛБАСЫ МАҚАЛАСЫ – ТӘРБИЕНІҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

200

0

Адамзат өзінің даму тарихында талай қоғамдық өзгерістерді бастан өткізгені белгілі. Бұл өзгерістер қоғамда өмір сүруші түрі де, тілі де, өмірлік дәстүр-талғамы да басқа-басқа алуан түрлі халықтар мекендейтін мемлекеттердің құрылымдық ерекшеліктеріне әсер етпей қоймайды. Сондай бір өзгеріске біздің еліміз, қазақ халқы, ХХ ғасырдың басында бір, соңғы онжылдығында екінші рет тап болып отыр. Бағыты да, мақсаты да әлемдік дамудан мүлде өзгеше болған алғашқы кезең – «коммунистік қоғам» аталған дәуір – алдау-арбаумен, басқыншылықпен уысына түсірген саны жағынан аз ұлттарды 70 жылдың ішінде өз мақсат-мүддесіне қарай икемдеп үлгерді. Оған да етіміз үйреніп, рухымыз да басқаша бағыт ала бастаған еді. Енді, міне, соңғы ширек ғасыр көлемінде тосыннан келген жаңа қоғамдық өзгеріс те бізден өз дамуының ерекшеліктеріне бейімделуді талап етіп отыр. Бұл қоғамның ең басты жақсы жаңалығы – Тәуелсіздікке қол жеткізуіміз, ендігі даму жолын өзіміздің таңдай алу мүмкіндігіне ие болуымыз еді.

Жаңа қоғамның жаңалықтарын бірден түсіне алмай, абдырап қалған елді саяси және экономикалық қиындықтардан алып шығу жолындағы Елбасы Н.Назарбаевтың көшбасшылық ерен ерлігін, халқымыз қол жеткізген табыстарды баяндап жату артық болар. Оның есесіне, бүгінгі күні елдік дамуымыздың басты Бағдарламасына айналған, Президенттің өзі «Үшінші жаңғыру» атаған мақаласының бір қырын – тәрбиелік мәнін ашуға тырысып көрейік.

Елбасы мақаласында жаңа қоғамның бұрынғыға ұқсамайтын нарыққа негізделген батыстық сипаттағы ерекшеліктерін, бұған біздің де қосылмасқа амалымыз жоқ екенін, ол үшін «заман ағымына икемделіп, жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз қажет екенін», бұған қол жеткізу «сананы жаңғыртумен» тікелей байланысты екенін айтады және «сананы жаңғыртудың» негізгі бағыттарын атап, оларға түсінік береді. Осы бағыттардың орындалуының темірқазығы ретінде «ұлттық код» аталады.

Егер, қай қоғамның да дамуының басты күші – Адам екенін ескерер болсақ, ол өзі өмір сүріп, мүшесі қызметін атқарып отырған қоғамның талап-тілегін орындамай, сол қоғамның «көңілінен шықпай» тұра алмайды. Бұл –  адам дамуының негізгі факторлары болып табылатын білім мен тәрбиеге байланысты. Иә, «тәрбиесіз берілген білім – адамның жауы» екендігін талай ғұламалар айтып кеткен. Қазіргі кезде жаңа қоғамға лайықты білімнің қажеттігі жайында көп айтылады және дамыған елдерден бұл бағытта алып жатқанымыз, яки білім жағынан «жаңғырып жатқанымыз» да аз емес. Ал тәрбие мәселесіне келгенде, олай деп айта алмаймыз. Өйткені тәрбиені басқа елден түгелдей көшіріп алуға болмайды. Себебі, тәрбиенің әлем халықтарына тән кейбір ортақ қағидалары болғанымен, әр халықтың тәрбиесі мен тәрбиелеу жолында өзіне тән өзгешеліктер бар. Рухты жаңғырту жолында осы ерекшеліктер басты назарда болуға тиіс. Елбасы айтқандай: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды». Ал «елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алу» деген – ата-бабаның ғасырлар бойы қалыптастырған дәстүрі мен салтын, әдет-ғұрпын, өмір сүру қалпын, мәдениетін білу деген сөз. Бұл адамның дүниеге келген кезінен, отбасынан көріп, көңілге түйгенінен, алған тәрбиесінен, яғни білім алуынан әлдеқайда ерте басталады.

Біз, әдетте, тәрбие сөзін қолданғанда көбіне «жақсы» тәрбие тұрғысынан түсініп жатамыз. «Тәрбие екі түрлі: дене тәрбиесі, жан (рух) тәрбиесі», – дей келіп, Ж.Аймауытов «жан тәрбиесінің» өзі екіжақты, нақтырақ айтқанда, оның жақсы жағымен бірге жаман жағының да болатынын ескертеді. Сонымен бірге бұл қасиеттердің қайсысы да отбасынан, өсе келе ортасынан алатын тәрбиесіне байланысты болатынына көптеген дәлел келтіреді. Атамзаманнан келе жатқан тәрбиедегі осы екіжақтылық әлі күнге бар және бола да беретін сыңайлы. Мұндай келеңсіздіктер күнделікті ақпарат құралдары арқылы жиі беріліп жатады. Бір кезде: «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват», – деп Абай хакім айтқандай, расында, жеке адамда кей жағымсыз қылықтардың пайда болуында біздің де үлесіміз бар шығар. Сол үшін де әркім өз санасын қоғам талабына сай, ата-бабадан қалған жақсы қасиеттермен толықтыруды, үнемі жаңартып отыруды қолға алса, қоғам да  дұрыс дамитын болар.

Осыған байланысты Елбасы: «…Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодты сақтай білу… Бірақ ұлттық кодты сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін… ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық», – деп көрсетті. Осындағы «ұлттық код» деп отырғаны, халқымыздың тарихи дамуы барысында бойына қалыптастырған, ұрпақтан ұрпаққа тәрбие арқылы мұра етіп келе жатқан ең ұлы, ең жақсы қасиеттері екені даусыз. Жаңғырудың басты ерекшелігі де, осы қасиеттерді сақтай және жаңа жақсы қасиеттермен дамыта отырып, санаға сіңген ескі қасиеттерден арылу болмақ. Бұлай болу үшін, әр адам өзін-өзі осы бағытта тәрбиелеуі қажет деп түсінеміз.

Сырттай қарағанда «сананы жаңғырту» тек үлкендерге арналған сияқты көрінгенімен, әрбір ересек жан өзінің санасын Елбасы айтқандай сипатта жаңғырта алса, оның ұрпағы да осы тұрғыда тәрбие алатыны, санасын жаңа сипатта қалыптастыра алатыны айқын. Мақалада көрсетілген сананы жаңғыртудың барлық бағыттарындағы ой-пікірлердің қай-қайсысы да білім мен тәрбиенің бірлігі арқылы, әсіресе тәрбиенің басым қуаты арқылы жүзеге асатыны анық. Бұл, айналып келгенде әр отбасының, ата-аналардың, мұғалімдер мен тәрбиешілердің қоғамдағы ролін арттыру қажеттігіне алып келетіні сөзсіз.

Елбасы мақаласының екінші бөлімінде сананы жаңғыртумен тікелей байланысты және «заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті» бірнеше нақты жобаларды жүзеге асыру ұсынылған. Сол жобалардың басында қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру міндеті тұр және оның логикалық себептері мен мақсат-міндеттері айқындалып, атқарылатын жұмыстар мен олардың орындалу мерзімдері де нақты белгіленіп берілген.

Әрине, мұнда әліпбиге көшудің білімдік мәні баса айтылғанымен, оның тәрбиесіз жүзеге аспайтыны да белгілі. Бұл бағыттағы тәрбиенің мәні не десек, алдымен адамдардың санасында бір ғасыр бойында қалыптасқан орыс графикасына деген стереотипті бұзу қажет. Бұл тұрғыда адамдардың, әсіресе ересек тобында түрлі сұрақтар мен түсінбеушіліктер болатыны анық. Оларға жаңа графикаға көшудің мақсат-міндеттері мен артықшылықтарын, болашақ ұрпақ үшін маңыздылығын түсіндіре отырып, бұл іске азаматтық міндет, патриоттық парыз тұрғысынан қарау қажеттігіне иландырудың, сөзбен сендіре білудің өзі адамды, оның санасын тәрбиелеудің бір көрінісі болып табылады. Осындай тәрбиелік мәнді жұмыстар нәтижесінде өзін-өзі жаңалыққа сендіре білген әр ата-ана өз балаларын да осы рухта тәрбиелей алатын болады. Мысалы, ересек кісілер түркі халықтарының, соның ішінде, қазақ халқының да тарихында бірнеше жазу таңбаларының болғандығын, түркі халықтарына ортақ сына жазу таңбаларын есептемегенде, ортағасырлық қыпшақ, одан кейін араб, латын таңбаларына негізделген жазуымыздың болғандығын, латын графикасының қазақ тілі үшін жат еместігін, ақыр соңында кирилл таңбасына негізделген жазуға көшкеніміз, оның пайдалы жақтарымен бірге залалды жақтарының болғандығын біле отырып, осы жайларды жастарға түсіндіре білуге тиіс. Бұл жастардың ана тіліне деген сүйіспеншілігін, құрметін туғызатыны сөзсіз.  

Мақаладағы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» атты бағдарламасы да тәрбиеден тыс орындалмасы белгілі. Себебі қандай пәнді оқытуда пайдаланылатын оқулықтар болмасын өзінің тәрбиелік мәнімен құнды екенін кім де болса біледі. Осы бағдарламада аталған тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша аударылатын оқулықтарда жалпы әлемдік ғылымға тән ортақ теориялық мәселелермен бірге оларды түсіндіруде өз ұлтымызға тән құндылықтар (ұлттық код) пайдаланылады деп ойлаймыз. Бұл да, өз ретінде тәрбиемен тығыз байланысты болады.

Бұл бағытта, әсіресе, мақаладағы «Туған жер», «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақстандағы 100 жаңа есім» деп аталатын жобалардың да орны айрықша. Мәселен, «Туған жер» бағдарламасының мазмұны жас ұрпақтың туған жерді, Отанымызды, қазақ атымен аталатын мемлекетімізді сақтап қалуда ата-баба сіңірген өлшеусіз ерліктерге сүйсініп, отаншылдыққа, патриотизмге  тәрбиеленіп өсуге ықпалын тигізеді. Бұған Президентіміздің мына сөзі куә: «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәнінде ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі.

Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады…». Міне, қазақстандық патриотизм, елге деген сүйіспеншілікті тәрбиелеудің қайнар көзі де осы болса керек.

Сондай-ақ, жас ұрпақты тәрбиелеуде оларды еліміз аймағындағы халыққа белгілі қасиетті де киелі жерлермен таныстырудың, ол үшін халқымыздың рухани дәстүрінің құрамына кіретін «киелі жерлердің картасын жасаудың» да маңызы зор. Осыған байланысты: «Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі… Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де, бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы…», – деген тұжырым жасайды Елбасы. Расында да, кез келген облыс, аудан, тіпті ауыл аймағында сол жердің азаматтары кие тұтатын, бас иіп тағзым ететін, тіпті басы ауырып, балтыры сыздаса да, медет сұрап, тәу ететін бағзы заманнан келе жатқан орындардың бар екені рас. Бұлар Қазақстанның кең аймағында шашылып жатыр. Егер осы жәдігерлер туралы аңыз-әпсаналарды жинап, олардың қыр-сырын ашатын зерттеулер жасап, қорытындысын жас ұрпаққа ұсынар болса, нағыз үлгі аларлық жұмыс болар еді.

Сонымен бірге, елімізді әлемге танытуда ұлттық мәдениетіміздің айрықша орны бар, сондықтан әлемдік мәдениеттен үлгі ала отырып, дүниенің атақты да азулы мемлекеттерін таңдандыра алатын, негізінде ұлттық мәдениетіміздің озық үлгілері жатқан жаңа мәдениет жасау қажет. Мұндай мәдениеттің танымдық ғана емес, тәрбиелік те маңызы болуы бесенеден белгілі. Өйткені, ұлттық аспаптар арқылы орындалатын халық әндері мен өлең-жырлар, терме, күй, айтыс, т.б. шығармалардың заманауи жаңа үлгілерге түсуі, ұлттық ойындарымыздың халықаралық спорт түрлеріне айналуы, тағы да осы тәріздес мәдениет түрлерінің жаңа сипатқа ие болып, дүние жүзі ареналарынан орын алуы – осының айғағы. Қазіргі кезде елімізді дүние жүзіне танытып жүрген мәдениет пен спорт өкілдерінің табыстары дұрыс тәрбиенің әсері екенінде дау жоқ. Олардың келешек ұрпақтары да жақсы тәрбиеленіп, ел игілігін асқақтатуы үшін біздің елімізде барлық жағдай жасалған.

Қазақтың тұңғыш «Педагогика» оқулығының авторы, Алаш арыстарының бірі Мағжан Жұмабаев: «…адам баласын тәрбие қылу дегенде, әрине, адам баласының әсіресе жанын тәрбие қылу керек деп ұғу керек», – дей келіп, тәрбиенің мақсатын былайша түсіндіреді: «Тәрбиеден мақсұт адамды һәм сол адамды, ұлтын, асса барлық адамзат дүниесін бақытты қылу. Ұлт мүшесі – әрбір адам бақытты болса, ұлт бақытты, адамзат дүниесінің мүшесі – әрбір ұлт бақытты болса, адамзат дүниесі бақытты. Қысқасын айтқанда, тәрбиеден мақсұт адам деген атты құр жала қылып жапсырмай, шын мағынасымен адам қылып шығару», – деп тұжырымдайды.

Қорыта келгенде, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының мазмұны Қазақстанның әр азаматын жаңа қоғам талабына сай жаңғыруға жай үндеу ғана емес, соны іске асыру жолындағы нақты іс-әрекеттерді айқындап берген басты Бағдарлама деп түсінер болсақ, осы іс-әрекеттердің қай-қайсысы да қоғамның кез келген мүшесінің, әсіресе жастардың дұрыс тәрбие алуымен  тығыз байланыста жүзеге асатынын естен шығармағанымыз абзал.

Жеңіс СӘДУАҚАСҰЛЫ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда 

мемлекеттік университетінің профессоры,

филология ғылымдарының докторы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз