ЕЛБАСЫ МАҚАЛАСЫН ОҚЫҒАНДА ӘР СӨЗІНЕ ІШТЕЙ КЕЛІСІП ОТЫРДЫМ

72

0

ЕЛБАСЫ МАҚАЛАСЫН ОҚЫҒАНДА ӘР СӨЗІНЕ ІШТЕЙ КЕЛІСІП ОТЫРДЫМЕлбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы – қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған, еліміздің тарихына, салт дәстүріне негізделген, сонымен қатар бүгінгі күннің талабына сай, болашақты бағдарлайтын көлемді терең жоба. Бастан аяқ оқып отырып, ерекше сезімде болдым. Жобаның әрбір сөзімен іштей түгел келісіп отырдым. Бүгінгі күн – ерекше жылдамдықпен айналамыз өзгеріп жатқан уақыт. Елбасымыз айтқандай: «Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу».
Бәрімізге белгілі, біз бүгінде сол дамыған мемлекеттердің озық технологияларын барлық салаларда молынан қолданамыз, солар шығарған көлікті мінеміз, сапалы тауарды тұтынамыз. Өзім жұмыс жасайтын медицина саласында да солар шығарған құрал-жабдықтармен, дәрі-дәрмектерді қолданып, елді емдейміз, ұрпақ өрбітуге көмектесеміз. Өкініштісі, біздің елде ондай дүниежүзілік жоғары деңгейдегі құрал жабдықтар, дәрілер шығарылмайды. Елімізде егемендік алған 25 жылда зәулім заманауи ғимараттар салып, медицина саласын қарқынды дамытып келе жатқанмен, бізде маман тапшылығы да, технология, жабдық тапшылығы да әлі де бірталай байқалып келеді. Яғни, біз осындай жетістіктерге жеттік, кімнен кемміз деп мақтанып отыра бермей, осы дамыған елдердің деңгейінде бәсекелестікке сай инженерлік шешімдерге жетуіміз қажет екенін көріп отырмыз.
Біздің бір израильдік әріптесіміз, медицина саласының үлкен ғалымы «Әлемде ғылым күрт өзгеруде, сонымен бірге бізде өзгеруіміз, заманға сай тез қалыптасып тұруымыз қажет» деген еді. Елбасы айтқандай, технологиямен қатар біз өзіміздің ұлттық генетикалық кодымызға, тілімізге, мәдениетімізге, салт-дәстүрімізге мықты болуымыз қажет, алға басуға, ұлтымыздың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек. Жобада рухани жаңғыру, санамыздың заманауи өзгерістерге сай ашық болу мәселелері айрықша аталған. Жасыратыны жоқ, ақпараттық құралдарда көптеген, босқа уақытты алатын, әртүрлі жағымсыз, түкке тұрмайтын ақпараттар, өткеннің қазіргі заманға сай келмейтін тұстарын насихаттайтын жағдайлар ағылып төгіледі. Соны жазып отырған адамдардың санасына, жазған дүниелеріне жауапкершілікпен қарамайтынына шыныменен-ақ қарның ашады. Осындай ақпараттардың жетегінде кетіп жатқан қаншама жан бар.
Дүниежүзілік деңгейде бәсекелестікке сай болу үшін білімнің салтанат құруы аса қажетті екенін Елбасы ерекше атап өткен. Әлемдік білімге толыққанды қол жеткізу үшін, ана тіліңмен қатар ағылшын тілін жетік білу ауадай керек екені айтылған. Қазіргі заманда елімізде қос-қос дипломы бар, бірақ білімі жоқ жастар да жеткілікті. Айтатыны, осындай дипломдармен бізге жұмыс жоқ дегені. Негізіне келгенде, оларды жұмысқа алғанда білімін тексергенде, бәсекелестікке, жоғары деңгейге сай келмейтініне жұмыс берушілер көз жеткізеді. Болашаққа бағдарлайтын Елбасының бұл көлемді жобасын әрбір адам, әсіресе жастар, бірнеше рет оқып, жүрегімен, санасымен қабылдаса ғана біздің елімізде жарқын болашаққа жетелейтін игі өзгерістер болар еді деген сенімдеміз. Әр азамат, басқаны сынап-мінемей, өзінің рухани дүниесін байытып, ғылым, білім қуып, жоғары сапалы еңбектенген жағдайда біздің еліміздің болашағы зор болады деген ойдамыз.
Салтанат Берденқызы Байқошқарова,
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы
Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі
Ұлттық комиссияның мүшесі,
биология ғылымдарының докторы,
«Экомед» адам ұрпағын өрбіту клиникасының ғылыми директоры

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз