Елбасы Жолдауы: ҚАЙ САЛАҒА ДА ҚОЛДАУ КӨП

285

0

Мұғалімдер неге қуанды?
Биылғы Жолдаумен танысқалы қалаға іргелес Тасбөгеттегі №11 мектеп-лицейдің мұғалімі Зухра Мәди «жалақым көбейетін болды» деп қуанып жүр. Бұл жаңалық облыстағы ол сияқты 20 мыңнан астам ұстаздың үмітін үкіледі.
– Болашақ ұстаз да, дәрігер де, инженер де ұстаздың алдынан өтеді. Сондықтан Елбасының еңбекақымызды көбейту туралы тапсырмасы қастерлі де қадірлі мамандықтың қоғамдағы мәртебесін көтеріп, мерейімізді асырды, – дейді З.Мәди.
30-50 проценттік үстемеақы маманның біліктілігі мен жұмыс өтіліне қарай қосылады. Ал біліктілік деңгейі Ұлттық бірыңғай біліктілік тестілеуінің нәтижесі арқылы анықталады. Білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен 1, 2, 5, 7 сынып педагогтарының айлығы осы қаңтардан бастап көбейеді. Алдағы оқу жылында кезек – 3, 6, 8 сынып, 2019 жылдың 1 қыркүйегінде – 4, 9, 10 сынып, одан кейінгі оқу жылында 11 сынып ұстаздарының әмияны толыға түседі. Жаңартылған мазмұн деп отырғанымыз – халықаралық стандарттарға сәйкес келетін және Назарбаев зияткерлік мектептерінде бейімделуден өткен заманауи оқу бағдарламалары. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, аталған бағдарлама аясында аймақта 2016 жылы – 3,5 мыңдай, былтыр 4,5 мыңға жуық мұғалім біліктілігін арттырды. Биыл тағы 4 мыңнан астам адам арнайы курстарда оқиды.
Еңбекақының қалай өзгеретіні жайында Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова жуырда Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында тарқатып айтып берді. Белгілі болғандай, 15 жылдық еңбек өтілі бар І санаттағы қала педагогының жалақысына – 24 мың, ауыл мұғалімінікіне 25860 теңге қосылады. Қазіргі күні үшжылдық өтілі бар, еш санаты жоқ мамандардың лауазымдық жалақысы – 56 мың теңге. Одан бөлек, дәптер тексергені, кабинетке жетекшілік еткені үшін 22 мың алады. Жаңартылған мазмұн жағдайында қала деңгейінде – 16 мың, ауыл деңгейінде 21 мың теңге қосылады.
– Осылайша үшжылдық өтілі бар, санаты жоқ қала мұғалімдері – 96 мың теңге, ауыл ұстаздары 115 мың теңге алатын болады. 25 жыл еңбек еткен жоғары санатты мұғалімдер қазір 83 мың алып жүрсе, оған 25 мың теңге көлемінде үстемеақы, жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша тағы 24 мың теңге қосылады. Сөйтіп, жалпы жалақы 133 мың теңге шамасында болады, – деді Б.Асылова.
Ұлттық біліктілік сынағын сәтті аяқтаған мұғалімдердің айлығы 20-50 процентке дейін көтеріледі. Мысалы, бір саты жоғарылаған 15 жылдық еңбек өтілі бар І санаттағы қала мұғалімінің еңбекақысына – 28 мың, ауыл мұғалімінің жалақысына 36 мың теңге қосылады. Осы күні елімізде 300 мыңнан астам педагог бар болса, соның 70 проценті биылдан бастап бұрынғыдан артығырақ жалақы алуы тиіс.
«Зейнеткерлікке қашан шығамын?»
Бұл сұрақ зейнет жасына жақындап қалған көп әйелдің көкейінде жүр. Өйткені, биылдан бастап жүйеде, заңда өзгеріс бар. Соған сәйкес 2018-2027 жылдар аралығында әр жыл сайын алты айдан қосылып, әйелдердің зейнеткерлік жасы он жылда 63-ке жетеді.
Осы жылдың алғашқы жартысында 58-ге толатын адамдар жұмыста тағы жарты жыл кідіруге мәжбүр. Егер ол 1960 жылы 5 қаңтарда туған болса, зейнеткерлікке 5 шілдеде шығады. Зейнет жасына 2017 жылы 10 қарашада толып, бірақ 31 желтоқсанға дейін зейнетақы төлемін тағайындау жөнінде өтініш беріп үлгермесе де солай. Зейнеткерлік жасты кезең-кезеңімен өткізу тәртібі мынадай:

Жыл

Зейнеткерлік жасы

Туған күні

2018 жылғы 1 қаңтар

58 жас 6 ай

1960 жылғы 1 қаңтар мен 1960 жылғы 30 маусым аралығы

2019 жылғы 1 қаңтар

59 жас

1960 жылғы 1 шілде мен 1960 жылғы 31 желтоқсан аралығы

2020 жылғы 1 қаңтар

59 жас 6 ай

1961 қаңтар мен 1961 жылғы 30 маусым аралығы

2021 жылғы 1 қаңтар

60 жас

1961 жылғы 1шілде мен 1961 жылғы 31 желтоқсан аралығы

2022 жылғы 1 қаңтар

60 жас 6 ай

1962 жылғы 1 қаңтар мен 1962 жылғы 30 маусым аралығы

2023 жылғы 1 қаңтар

61 жас

1962 жылғы 1 шілдемен 1962 жылғы 31 желтоқсан аралығы

2024 жылғы 1 қаңтар

61 жас 6 ай

1963 жылғы 1 қаңтар мен 1963 жылғы 30 маусым аралығы

2025 жылғы 1 қаңтар

62 жас

1963 жылғы 1 шілде мен 1963 жылғы 31 желтоқсан аралығы

2026 жылғы 1 қаңтар

62 жас 6 ай

1964 жылғы 1 қаңтар мен 1964 жылғы 30 маусым аралығы

2027 жылғы 1 қаңтар

63 жас

1964 жылғы 1 шілде мен 1964 жылғы 31 желтоқсан аралығы

Алты ай қосылмайтын санаттар бар. Ол жөнінде «Азаматтарға арналған үкімет» МК коммерциялық емес АҚ филиалы «Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы» департаментінің директоры Салхадин Мырзабеков әңгімелеп берді.
– Аталған өзгерістің зейнеткерлікке ерте шығуға жеңілдігі бар әйелдерге қатысы жоқ. Мысалы, бес және одан көп бала туған немесе асырап алған және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер 53 жасқа толғанда жасы бойынша зейнетақы алуға құқылы. 1949 жылғы 29 тамыз бен 1963 жылғы 5 шілде аралығында радиациялық қауіпті аймақтарда кем дегенде 5 жыл тұрған азаматшаларға 45 жасқа толғанда жасы бойынша зейнетақы тағайындалады, – дейді С.Мырзабеков.
Зейнеткерлерге майдай жаққан жаңалық ынтымақты зейнетақының – 8, базалық зейнетақының 6 процентке өсетіні болды. Осылайша орташа зейнетақы 71 мыңның үстіне шықты. Ал жоғары зейнетақы 98 мыңнан асады.
Қамқоршыларға қолдау
Жолдауда Президент биылғы шілдеден бастап кәмелетке толған, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерді бағып отырған ата-аналар үшін қосымша мемлекеттік жәрдемақы енгізуді де тапсырды.
«Бір ең төменгі күнкөріс деңгейінен кем емес мұндай жәрдемақыны шамамен 14 мың отбасы ай сайын алады. 2018 жылы осы мақсатқа 3 миллиард теңгеге дейін қаржы қажет болады», – делінген Жолдауда. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдерінің айтуынша, жәрдемақы өткен жылмен салыстырғанда 16 процентке артық төленбек.
– Қазіргі күні Қазақстанда бұл жәрдемақы төленіп отыр. 77 мың отбасында мүмкіндігі шектеулі сәбилер болса, сол кісілер 29 мың көлемінде алады. Біз айтып отырған жәрдемақы мүгедек бала 18 жасқа толғанша төленетін. Ал Елбасының тапсырмасына сәйкес өзі І топтағы мүгедек болса, жүре алмаса, ата-анасының қамқорлығында болса, сол балалар 18 жастан асса да ата-аналарына берілетін жәрдемақыны жалғастыра береміз. Көмек көлемі 29 мың теңге көлемінде қалады. Әрі қарай өмір бойы төленеді, – деді орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аталған ведомствоның вице-министрі Светлана Жақыпова.
Бұл жаңалық туғаннан церебралды сал ауруына шалдыққан қызылордалық Зәуре Өксімбаеваға сәл де болса қуаныш сыйлағандай. Жасы қырыққа жақындап қалса да, Зәуре анасының қамқорлығынан қағажу көрген емес. Аталған жәрдемақының жалғасуы – осындай отбасыларға көмек.
– Өздігімнен жүріп-тұра алмағандықтан, қолым да, аяғым да – анам. Мемлекет тарапынан әлеуметтік қызметкер бөлінгенімен, ол үнемі қасымда бола алмайтыны белгілі. Сондайда анам бүкіл жағдайымды жасап жүреді. Мен сияқты мүмкіндігі шектеулі жандарды бағып-қағып отырған кісілер Елбасы Жолдауындағы жаңалықты жылы қабылдады, – дейді З.Өксімбаева.
Жалпы, Мемлекет басшысы 2018 жылы республикалық бюджеттен әлеуметтік салаға бөлінген шығын 12 процентке өсіп, 4,1 триллион теңгеден асқанын атап өтті. Әлеуметтік төлемдерді, соның ішінде зейнетақыны өсіру 3 миллионнан астам қазақстандықтың табысын көбейтеді.

Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз