Елбасының қатысуымен дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы басталды

67

0

Елбасының қатысуымен дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы басталдыТәуелсіздік сарайында дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы өз жұмысын бастады. Оған әлемнің 39 елінен келген 350 қазақ диаспорасы қатысуда. Жалпы жиынға 800 делегат пен қонақтар келген, деп хабарлайды Baq.kz.
5 жылда бір рет өтетін маңызды жиынға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысуда.
Бір ескере кететін жайт, құрылтай делегаттары мен қонақтарының 80%-ы мұндай іс-шараға алғаш рет қатысып отыр. Қатысушылардың басым бөлігі ғылыми-шығармашылық және педагогикалық зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың қызметкерлері, әрі бизнес, спорт, БАҚ саласында жұмыс істейтін мамандар.
Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы жайлы 150 отандық және шетелдің БАҚ өкілдері ақпарат таратып жатыр.
1992 жылдан бері өткізіліп келе жатқан дүниежүзі қазақтарының құрылтайы әлемнің түкпір-түкпірінде тұратын этникалық қазақтардың бас қосатын орны, әрі пікір алмасатын бірегей сұқбат алаңы. Сонымен қатар құрылтай аясында өтетін «дөңгелек үстелде» шетелден келген делегаттар 5 секцияға бөлініп басқосу өткізеді. Басқосуда шетел қазақтарының Қазақстанмен байланыс жасауының ең өзекті мәселелері талқыланады. Оған нақтырақ тоқталсақ:
 
1-секцияның тақырыбы – «Шетелдегі қазақ диаспорасы: мәдениет, спорт, ақпарат құралдары жөнінен қолдау және дін істері мәселесі».
Талқыланатын мәселе шетелдердегі қазақ диаспорасының мәдени-рухани және ақпарат құралдары жөніндегі мұқтаж мәселелері сөз болады, әрі оларды шешу жөнінде ұсыныстар айтылады. Басқосуды ҚР Мәдениет және спорт, ҚР Ақпарат және коммуникациялар, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрліктері бірлесіп өткізеді.
 
2-секция «Шетелдегі қазақ диаспорасы: этникалық көші-қонның әлеуметтік сипаты және бейімделудің өзекті мәселелері» деген тақырыпта өтеді.
«Қазақстан Респубикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру туралы» ҚР Президентінің 2016 жылғы 30 желтоқсандағы №401 Жарлығы жарық көрді. Бұл Жарлықта шетел қазақтарының бұрынғы тұрған елдерінен шығуынан бастап, атажұртқа келіп орналасуына дейінгі бүкіл жұмыстарына ҚР Сыртқы істер, ҚР Ішкі істер, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, ҚР Білім және ғылым, ҚР Денсаулық сақтау сияқты бес министрлік пен жергілікті атқарушы органдар, яғни, облыстық, аудандық әкімдіктер жауапты екендігі атап көрсетілген. Оралмандар болашақта түрлі қиындықтарға кездеспеуі тиіс. Бұл үшін бірінші кезекте қандай мәселелер шешілуі қажет? Көші-қонға қатысты дөңгелек үстелде осы мәселелер талқыланады. Басқосуға жауапты ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау, ҚР Ішкі істер және ҚР Сыртқы істер министрліктері.
 
3-секция «Қазақстанға білім алу мақсатында көшіп келу: ҚР Білім және ғылым министрлігінің кезекті міндеттері» деп аталады.
Мұнда соңғы уақытта алыс-жақындағы елдерде тұратын қазақ жастарының Қазақстанға келіп, оқып, білім алуында біраз қиындықтар байқала бастаған. Яғни оқуға келген ағайындар виза жөнінен кейбір түсініксіз жағдайларға ұшырасады. Секцияда осы мәселелерге қатысты тақырыптар қозғалады. Талқылауды ұйымдастыру ҚР Білім және ғылым министрлігі мен ҚР Сыртқы істер министрлігіне жүктелген.
 
4-секцияның тақырыбы «Шетелдегі қазақ диаспорасы: Қазақстанмен бизнес, кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы саласындағы серіктестік» деп аталады.
Бұл басқосуда шетелдерден Қазақстанға келіп, түрлі кәсіпкерлікпен айналысуға, жер алып, егін егіп, мал өсіруге ынталы қандастарымызға қолдау жасау мәселесі талқыланады. Бұл дөңгелек үстелге жауаптылар – ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мен ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі.
 
5-секция «Қазақстандағы денсаулық сақтау мәселелері және шетел қазақтары» деп аталады. Бұл талқылауда атажұртқа жаңадан қоныс аударған оралмандарға денсаулық сақтау жөнінен нақты қандай көмек жасалатыны сөз болады. Сондай-ақ, алыс-жақын шетелдердегі қандастарымыздың Қазақстанға келіп емделіп қайтуы, яғни медициналық туризм мәселесі де айтылады. Талқылауды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі өткізеді.
Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы 25-маусымда өз жұмысын аяқтайды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз