ЕЛБАСЫНЫҢ ЖОҒАРЫ БАҒАСЫ – ЕРЕН ЕҢБЕКТІҢ ЖЕМІСІ

54

0

ЕЛБАСЫНЫҢ ЖОҒАРЫ БАҒАСЫ – ЕРЕН ЕҢБЕКТІҢ ЖЕМІСІ«Нұр Отан» партиясы Төрағасының
Бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов жұмыс сапарымен Қызылордада болды. Әуелі облыс
әкімдігінің ахуалдық орталығында өңір активімен кездесіп, партияның алдағы мақсат-міндеттерін
талқылады. Жиынға облыстық партия филиалының жауапты қызметкерлері, облыстық мәслихаттағы
«Нұр Отан» фракциясы мүшелері мен сарапшы топ жетекшілері, партия ардагерлері мен
жасотандықтар, бейне-байланыс жүйесі арқылы аумақтық партия белсенділері мен бастауыш
ұйымдарынан барлығы 400-ден аса нұротандықтар қатысты.

Кездесу барысында Асқар Мырзахметов
партияның алдағы уақыттағы жұмысындағы басым бағыттар жайлы айтты.

– Бұдан былай партия бюджет қаражатының
тиімді әрі сапа­лы жұмсалуына басымдық бе­ре­ді. Әсіресе, өңірлерде мемле­кет қар­жысына
жүзеге асырылып жат­қан түрлі бағдарламаларға ба­қылау кү­шей­тіліп, қатаң қадағалау
қолға алынады. Шағын және орта бизнесті дамытуды да партиялық бақылауға ал­ғалы
отырмыз. Себебі, ол халықты жұ­мыспен қамтамасыз етуге мол мүмкіндік береді.
Қазіргі дағдарыс жағ­дайында біз осыған басымдық беруі­міз керек, – деді Асқар
Исабекұлы.

Сонымен қатар, бас партия
қара­пайым халықтың мұң-мұқтажын шешуге, әлеуметтік мәселелерді реттеуге күш
салмақ. Осы орайда, өңірлік филиалдар қызметін нығайту мақсаты қойылып отыр.
Орталық аппараттың штаттық құрылымын оңтайландыру есебінен филиалдар
қызметкерлерінің саны 43 пайызға, яғни 358 адамға артты. Бұдан бөлек, Орталық
аппаратта қаражат үнемдеу есебінен партияның аумақтық филиалдарына 134 штаттан
тыс қызметкер алуға қаржы қарастырылған.

Асқар Мырзахметов кадрлық
әлеуеті артқан филиалдардың жауап­кершілік салмағы да еселенетінін жеткізді.
Сондықтан, партия мен тұрғындар арасындағы байланыс­ты одан әрі жетілдіру үшін
қо­ғам­дық қабылдау бөлмелерінің бел­сенділігін арттырып, жұмысын жаңа деңгейге
көтеру міндеттеліп отыр. Қоғамдық қабылдауларға ха­лықтан түскен арыз-шағымдар
түп­кілікті зерделеніп, онда айтылған мәселелер жан-жақты талданбақ.
Тұрғындардың талап-тілегіне атүсті қарағандардың жауапкершілігі тара­зы­ланбақ.
Осы ретте, «Нұр Отан» халықтың партиясы деген атқа әрдайым лайық болуы керек»
деген Асқар Исабекұлы 2016 жылы партия қатарын 100 мыңнан астам жаңа мүшемен
толықтыру көзделіп отырғанын атап өтті.

Бұдан бөлек, «Нұр Отан»
партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов Сыр өңірінде жасалып
жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.

– Қызылорда облысында әлеу­меттік
мәселелер оң шешіліп жатыр. Елді мекендерді газдандыру, ауыз сумен қамтамасыз
ету де екпінді жүруде. Мәселен, Сырдария өзенінің суын пайдалануды шектеп,
жерасты суына көшуде. Бұл өте ауқымды жұмыстар. Жалпы, Қызылорда облы­сының
дамуы өзге өңірлерге үлгі боларлықтай. Елбасының Сыр өңіріне сапары аясында
Қызылорда облысына берген жоғары бағасы – осының айғағы», – деді ол.

Облыс әкімі Қырымбек
Көшербаев «Нұрлы жол» бағдар­ламасының жүзеге асырылу барысын баяндап, дағдарыс
жағ­дайында экономиканы әртарап­тандыруға және жұмыс орындарын сақтап қалуға
бас­ты назар аудару керектігіне тоқталды.

– Біздің ең басты міндетіміз
– бар жұмыс орындарын сақтап қалып, жаңа жұмыс орындарын ашуға жағдай жасау.
Қазіргі экономикалық жағдай «Нұр Отанға» бұрынғыдан да жоғары күш жүктейді.
Сондықтан, үрейді – үкілі үмітке, секемді сейілге айналдыру керек, – деді
Қырымбек Елеуұлы.

Жұмыс сапары барысында
А.Мырзах­метов вагон жөндеу депосында болды. Жұмысшылармен кездесіп,
кәсіпорынның жұмысымен танысты. 80 жылдық тарихы бар темір жолдың тозған
вагондарын қалыпқа келтіретін бұл өндіріс орнында қазір 405 адам жұмыс істесе,
оның 228-і – «Нұр Отан» партиясының мүшесі. Еңбеккерлермен жүздескен
А.Мырзахметов филиалдар мен бастауыш партия ұйымдарының арасындағы жұмыс
күшейтілетінін, олардың материалдық-техникалық және әдіснамалық базасы
нығайтылатынын айтты. «5700-ге жуық бастауыш партия ұйымдары – «Нұр Отанның»
негізгі күші», – деген А.Мырзахметов мұндай әлеуетті дұрыс пайдаланып, партия
белсенділерін өңірлерде кездесетін көптеген өзекті мәселелердің дер кезінде
шешілуіне атсалысуға шақырды.

Мұнан соң қонақтар «Өндіріс»
индустриалды аймағына барды. 50
гектар аумақты алып жатқан шыны зауытының құрылысымен
танысты. Заманауи технологияға негізделген бұл өндіріс орны күніне 600 тонна
шыны табақшасын шығаруға қауқарлы. Қазір құрылыс жұмыстары қарқынды
жүргізілуде. Зауытқа қажет қойма салынып, 100-ден астам адам жұмыс істеп жатыр.
Жоспарға сәйкес өндіріс орнын 2017 жылы іске қосу көзделіп отыр. Шыны зауытының
өнімдері жаңа технология бойынша өндірілетін болады. Сондықтан, оның экспорттық
әлеуеті да жоғары болмақ.

Дәурен ОМАРОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз