ЕЛГЕ МЕРЕЙ СЫЙЛАҒАН ЖЕҢІС

40

0

ЕЛГЕ МЕРЕЙ СЫЙЛАҒАН ЖЕҢІСКеше облыс әкімі Қырымбек
Көшербаев дзюдодан жастар арасында әлем чемпионы Мағжан Шамшадинді қабылдады.
Жас спортшының жетіс­тігімен құттықтап, 800 мың теңгенің сертификатын
табыстады.

 

Естеріңізге сала кетейік, қызылордалық дзюдошы Мағжан
Шамшадин таяуда – 24-27 қазан аралығында Біріккен Араб Әмірлігінің астанасы
Әбу-Дабиде жастар арасында әлем чемпионы атанды. Ол 55 келі салмақ дәрежесінде
өзбекстандық Дос­тон Рузиевті, армениялық Ваган Ховсепянды, әзірбайжандық Натиг
Гурбанлиді, жартылай финалдық кездесуде грузиялық Ираклий Купанадзені ұтты. Ал
финалда Оңтүстік Корея елінің спортшысы Ха Рим Лимен кездесіп, таза жеңіске
жетті. Сонымен, Мағжан Шамшадин – Қазақстаннан шыққан жастар арасындағы екінші
әлем чемпионы.

М.Шамшадин 1997 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген.
Ж.Баһадүр атындағы облыстық спортта дарынды бала­ларға арналған
мектеп-интернатты бітірді. Қазір М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық
колледж студенті.

– Мемлекет басшысының қолдауының арқасында спорт саласындағы
жетістіктеріміз еселеніп өсуде. Бұл байрақты бәсекеде Мағ­жан ғана алтынға қол
жеткізді. Әлі алда даңғыл, жұлдызды жол бар. Бүкіл Сыр жұртшылығы, қазақ елі
саған тілекші, – деді облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы.

– Бұл жеңісім еліміздің мәртебесін ас­қақтатқанына
қуаныштымын. Дәл осылай маған қолдау көрсетіп, жігерлендіріп жат­қандарыңызға
рахмет. Алдағы уақытта ел намысын абыроймен қорғау үшін аянып қал­­маймын.
Басты мақсатым – 2020 жылғы Олим­пиадада топ жару, – деді Мағжан Шамшадин.

Ал Мағжанды жеңіске жетелеген бапкері, дзюдодан ҚР еңбек
сіңірген жаттықтырушысы Қален Қалиұлы Сыр спортындағы осындай жетістіктердің
облыс басшылығының айрықша қолдауының арқасында болып жат­қанын жеткізді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз