ЕЛІМЕН БІРТҰТАС ТУҒАН ЕР

51

0

ЕЛІМЕН БІРТҰТАС ТУҒАН ЕРЖалағаш ауданында ауыл шаруашылығының көрнекті ұйымдастырушысы Мөрәлі Шәменовті еске алуға арналған 1995-1996 жылдары туылған жастар арасында дзю-до күресінен республикалық турнир өткізілді. 

Елбасының дәстүрлі Жолдауының басым бағыттарының бірі бұқаралық спортты дамыту, жасөспірімдерді патриоттық, отансүйгіштік тұрғыда тәрбиелеу, салауатты өмір салтын  қалыптастыру. Турнирдің негізгі мақсат-мүддесі де осы құндылықтарды жастар бойына орнықтыру болып табылады.
Республикалық турнирге Алматы, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе, Тараз, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарынан 14 команда қатысты. 
Спорт салтанатын аудан әкімінің орынбасары Ерұлан Өмірсеріков және М.Шәменовтің ұлы Айтмұрат Шәменов ашып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Осы турнирдің басы-қасында жүрген облыстық спорт басқармасының басшысы С.Мұстафаев: «Кезінде туған жерді түлетуге еңбек күшін аямаған Мөрәлі әкеміздің тәрбиесін алған балалары бүгін ұрпақты түлетуге өз күш-жігерлерін жұмсап, жастардың салауатты өмір сүруіне үделі үлес қосып келеді. Бұл турнир осындай азаматтық тұрғыдан дүниеге келген игілікті іс. Сол үшін «ата көрген оқ жонған» Айтмұрат бастаған М.Шәменов балаларына ел риза» деп ойын жеткізді.
Сонымен бірге аудандық мәслихат депутаты М.Құлболдиев: «М.Шәменов тек бір әулеттің ардагері емес, елдің ерен тұлғасы. Сондықтан бүгінгі жарысқа барлық жалағаштық азаматтар – ардагерлер кеңесі, аудан, ауыл әкімдіктері өз қол жәрдемдерін беріп отыр» – деді. Айтса айтқандай, асыл азамат елім деп өмір сүріп еді, екінші өмірінде де ол сол елдің рухани қазынасына айналып отыр.
Турнир қорытындысы бойынша жалағаштық жас спортшылар Ж.Жеңісбек, Н.Болат, О.Серітханов, Д.Тәттібай, қызылордалықтар А.Есенкелді, А.Жалғасбекұлы, К.Тілеулес, С.Өмірзақ, Р.Yсенбекұлы, С.Жұрнабаев алдыңғы орындардан көрініп, боз кілемнің батырларына айналды.  
Жарыс қорытындысы бойынша командалық есепте жеңімпаз атанған Қызылорда палуандары 100  мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды. 
Жарыстың жоғары деңгейде өткізілуіне орай жарысты ұйымдастырушыларға Айтмұрат Шәменов өз атынан алғысын айтып, сый-сияпаттар табыс етті. 
Д.АЯШҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз