ЕЛІМІЗДЕГІ ИНДУСТРИЯЛЫҚ ІРІ ЖОБА

52

0

Орталық
Азия мен ТМД елдеріндегі бірегей зауыт

ЕЛІМІЗДЕГІ ИНДУСТРИЯЛЫҚ ІРІ ЖОБАҚызылорда облысындағы шыны зауытының құрылысы қарқынды түрде жүргізілуде. Былтыр индустриялық аймақта іргетасы құйылған нысан толық іске қосылған уақытта жылына 197 мың тонна табақша шыны шығаруға, өңдеуге қабілетті. Сондайақ, зауыттың өз жұмысына кірісуі 400-дей жаңа жұмыс орнының ашылуына негіз болады деп күтілуде.

Сейсенбі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен аймағымызға сапармен келген «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев өңір өндірісіне серпін берер жобаның құрылыс жұмыстарымен танысып, жұмысшылармен кездесті. Құрылыс барысын мердігер мекеме «Orda Glass Ltd» серіктестігі төрағасының бірінші орынбасары Төлеубек Ілиясов баяндап берді.

Индустриалдық аймақтың 50 гектарына орын тепкен нысанның бүгінде металл құрылымдау жұмыстары аяқталып, сыртқы қабырғалары қалануда. Өнім қоймасының ұзындығы 300
метр, ені 150 метрді құрайды. Қойма құрылысы сәуір айында аяқталуы тиіс. Зауытқа қажетті құрал-жабдықтар әкелу мамыр айына жоспарланған. Мамандар пікірінше, зауыт Орталық Азияда теңдесі жоқ жаңа технологиямен жабдықталмақ.

– Негізгі мақсатымыз – зауытты 2017 жылы іске қосу. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Дайын өнімдер қоймасының құрылысы аяқталды деуге болады. Мамыр-маусым айларында құрал-жабдықтарын алдырамыз. Сонымен қатар, шетелдік инвесторлардың көмегі арқылы 370 адамды шыны зауытында жұмыс істеу үшін оқытуды көздеп отырмыз, – деді Қуандық Бишімбаев.

Өз кезегінде облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы:

– Шыны зауыты индустриалды-инновациялық ірі жобаларымыздың алғашқы қарлығашы болғалы тұр. Елбасының тікелей бақылауында тұрған ауқымды жоба жүздеген жұмыс орнының ашылуына сеп болмақ. Қазіргі таңда Ресейдің маңдайалды жоғары оқу орындарында сырбойылық 300-ден астам жастарды техникалық мамандықтар бойынша оқытып жатырмыз. Олар оқуын тәмамдаған соң осы зауыттың жұмысына атсалысатын білікті кадр болады деп сенемін, – деп құрылыс жұмысының барысына көңілі толатындығын жеткізді.

Экспорттық әлеуеті жоғары, сапалы өнім шығаратын зауыттың бас­ты ерекшелігі – энергия үнемдейтін өнім өндіретіндігінде. Оған қажетті шикізат қорының басым бөлігі өңірімізде жеткілікті. Яғни, кварц
құмы, доламит пен әк тасы пайдаланылады. Демек, Сыр бойының шынысы сау­­да
нарығында жергілікті сапасымен ерекшеленетін болады.

Нағымжан САУЯЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз