ЕЛУ ЖЫЛДА ЕЛ ЖАҢА

63

0

ЕЛУ ЖЫЛДА ЕЛ ЖАҢАӨткен сенбі күні Сырдың бойында қоныс тепкен Іңкәрдария ауылының 50
жылдық мерейтойы аталып өтті. Шалғайдағы ауыл
салтанатына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.

Жарты ғасыр бұрын қаракөл қой шаруашылығын дамыту
мақсатында құрылған Сырдария ауданындағы Іңкәрдария ауылы байырғы берекелі
қоныс. Тәуелсіздік жылдары бұл елді мекен төрт түлікпен қатар егін егіп, өрісін
кеңге жайған еді.

Алдымен облыс әкімі егін алқабында болып, күрішке орақ
салу рәсіміне қатысты. Жалпы, сырдариялықтар биыл 20 мың гектарға жуық жерге
күріш екті. Қазір диқандар оның 20 пайызынан астамын орып болды. Қазан айына
дейін орақ аяқталатын болады. Облыс басшысының дала қосында ауыл ар­дагерлері
және диқандармен кездесуінде Сырдария ау­да­нының құрметті аза­маты, ауыл ша­руа­шылығының
ардагері Ширек Ысқақ ақсақал ақ батасын арнады.

Биыл ғана қолға алып, егін салған «Ақжарма и К» ЖШС
төрағасы Қайрат Нұрсейітов науқан барысы мен серіктестіктің бүгінгі таңда
атқарып жатқан жұмыстарын баяндап берді. «Ақжарма и К» ЖШС ауыл тұрғындарының
иелігіндегі 460 га жерді қарамағына алып, оның 215 гектарына Сыр салысы егілді.
Естеріңізде болса, 2003 жылдан бері «Қызылорда Агросервис» серіктестігі ауыл
тұрғындарының жерін алып, күріш еккен болатын. Іңкәрдария ауылының ақсақалдары
былтыр аймақ басшысына жерге қатысты мәселені назарына салған еді. Яғни,
«Қарақасқа» участогынде орналасақан 500 гектарға жуық алқаптың өзгенің мүлкіне
айналып кеткеніне қынжылыс білдірді. Тірлігінен нәтиже болмаған егістік алқап
10 жылдан бері азып-тозып кеткен еді. Кезінде жекешеленіп кеткен жерді заңдық
тұрғыдан қарастырып, елге қайтарып берген облыс басшылығына ардагер Шәкібек
Есдәулетұлы ауыл тұрғындары атынан ризашылығын білдірді.

Шара барысында аймақ басшысы ауылшаруашылық саласын
дамытуға айрықша үлес қосып келе жатқан «Мәді қажы» шаруа қожалығының төраға­сы
Аббас Камалатдинді «ҚР Конституция­сына – 20 жыл» мерекелік төсбелгі­сі­­мен
марапаттады.

Дала қосындағы кездесуден соң облыс әкімі Іңкәрдария
ауы­лына келді. Мұнда 50 жылдық мерекеге орай 150 орындық жаңа клуб пайдалануға
берілді. Жаңа ғимаратта 17 мыңға жуық кітап қоры бар кітапхана, түрлі
үйірмелер, акт зал жұмыс жасайды. Клуб құрылысын «Аман Құрылыс» ЖШС жүргізді.

– Елбасымыз Н.Назарбаев ха­­­лыққа арнаған жыл сайынғы
дәс­түрлі Жолдауларында ауыл мәде­ниетін арттыру мен дамыту мәсе­лесін де
алдыңғы кезекке қойып келе­ді. Бұл бағытта іске асқан ірі жо­ба­лар мен
бағдарламалар елдің мәдени-рухани өмірін жақсарта түседі.

Іңкәрдария ауылындағы әлеу­меттік ғимараттардың
барлығы жаңарды. Енді орталық алаңды жөндеуге кірісеміз. Мұның барлығы ауылда
өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі.
Заманауи үлгідегі жаңа клубы бар ауылдан Сыр елінің мәртебесін асқақтатар талай
талантты ұл-қыздардың өсіп-жетілеріне сенімім мол, – деді Қырымбек Елеуұлы.

Жартығасырлық тарихы бар ауылдан еңбек озаттары көптеп
шықты. Атап айтар болсақ, «Ең­бек Даңқы» орденді Баһаркүл Қорда­баева, «Құрмет
белгісі» ор­­­де­­ні иегері Нұрылда Байманов, Қазақстанның құрметті «Алтын
кітабына» жазылған «Октябрь революциясы» орденді Мауия Нақыбаева есімді
азаматтар ел мақ­та­нышы.

Іңкәрдария аумағында тарихи маңызды қалашықтар бар.
Оның екеуі республикалық дәреже­дегі тарихи-этнографиялық ескерт­кіш­тер. Олар
«Мүлкәлән Әулие» мазары және «Сырлытам» кесенесі. 2004 жылы «Сырлытам»
кесенесіне қайта жаңғырту жұмыстары жасалып, 2007 жылы «Мүлкәлән Әулие»
мазарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Мерейтойға арналған «Құт-береке қонған ел» кітабының
тұсауы кесіліп, дала сахнасында ауылдың тарихынан сыр шертетін театрландырылған
көріністер көр­се­­тілді. Сондай-ақ, ат жарысы, көкпар, қазақ күресі секілді
шаралар тойдың көркін қыздырды. Кешкісін ауыл аспанында отшашулар шашылды.

Берекелі елге бақ қонады. Мал және егін шаруашылығын
қатар түлеткен Іңкәрдария ауылының болашағы зор.

Нұрбек
ДӘУРЕНБЕКОВ.

Сырдария ауданы.

 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз