ЕР ЖОЛЫ – ЕЛ ЖОЛЫ

85

0

ЕР ЖОЛЫ – ЕЛ ЖОЛЫ«Жазушы есебінде маған, әрине, мыңдаған жылдық ұзақ тарихы бар әдебиеттің артықшылығы, жақындығы сөзсіз. Сан ғасырлар, талай таланттар адамның әлемді көркем сөз арқылы бейнелеу қабілетін ғажап мүмкіндіктерге жеткізді. Ал өнер атаулының ең жасы – кино әдебиетпен салыстырғанда соншама балаңдығына қарамай, осы аз ғұмырында-ақ өмірдің өзгермелі құбылыстарын қалтқысыз көрсетуде таңғаларлық икемділік танытып үлгерді. Бір кезде заттардың қимылын ғана көрсетіп, ермектік қызмет атқарумен шектелген жартылай фотографиялық аңғырт сурет бүгінде адам жанының жықпыл ормандарына, сезім тұңғиығына еркін тереңдейтін, тарихи оқиғаларға, әлеуметтік құбылыстарға өзіндік баға беріп, қоғамдық ой-пікірге елеулі әсер ете алатын үлкен тәрбиелік күші бар қуатты құралға айналып отыр.Бұл жағынан ол әдетте баяу өзгеретін өнерді емес, күн сайын бір жаңалық ашылып, сағат санап дамып отырған атомдық физика, электроника, космонавтика секілді ғылымның соңғы салаларын еске салады. Әдебиеттің, театрдың, музыканың, көркемсуреттің бай тәжірибесін өз бойына сіңіріп, олардың ең асыл қасиеттерін дұрыс іріктей білу арқылы кинематограф адамның жан дүниесіне айрықша эмоциямен әсер ете алатын көркемдік қуатқа ие болды. Өмірдің сан қырлы көріністерін бар қимыл-қозғалысымен жанды күйде жеткізуде өнердің өзге түрлерінен киноның артықшылығы бұл күнде талас тудырмаса керек. Биік кино өнері жоқ кез келген ұлттық мәдениет, өзге саладағы табыстарына қарамай-ақ олқы соғып, кем қалып жатады дер едім».
Дәл отыз сегіз жыл бұрын, 1975 жылдың 26 қарашасында сол кездегі «Лениншіл жаста» «Қайткенде адам қалады адам болып» деген тақырыппен жарияланған сұхбатта заманымыздың заңғары Шыңғыс Айтматов бізге осылай айтқан еді. Атақты қаламгердің: «Биік кино өнері жоқ кез келген ұлттық мәдениет, өзге саладағы табыстарына қарамай-ақ олқы соғып, кем соғып жатады» дегені университетті жаңа бітірген, сол кездегі Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің Кинематография жөніндегі мемлекеттік комитеті сценарий алқасының деректі фильмдер бойынша редакторы деген салақұлаш қызмет лауазымы бар жас журналистің жадында жатталып, санасында сақталып қалған болатын.
1 желтоқсанда – Тұңғыш Президент күнінде Астанадағы «Қазақстан» кино-концерт залында Нұрсұлтан Назарбаев өмірінің бел-белестеріне арналған «Елбасы жолы» киноэпопеясының «Отты өзен» және «Темір тау» атты екінші және үшінші тараулары көрсетілді. Фильмнен кейін Шыңғыс ағаның сол сұхбатын тағы бір қайталап оқыдық. Сөйтсек, жазушының кинематографтың таза өнер тұрғысындағы қасиеттерімен қатар, оның «тарихи оқиғаларға, әлеуметтік құбылыстарға өзіндік баға беріп, қоғамдық ой-пікірге елеулі әсер ете алатын» мүмкіндігін де қамти айтқаны дәл осы шығарманың табиғатын тануға дәп септеседі екен. Айтматов сұхбатында айтылған «үлкен тәрбиелік күші бар қуатты құралға айналып отыр» деген сөздердің мағынасы жайында да ойға қалдық. Неге?
ӨНЕР ШЫНДЫҒЫ ӨМІР ШЫНДЫҒЫНАН ДА ӨМІРШЕҢ
Әуелі мына жайдың басын ашып алайық. Мемлекет басшысының өмірінен көркем фильм түсірілгені қалай болады өзі? Басқа елдерде осындай ғұмырбаяндық ленталар бар ма? Әрине, әлем киносынан хабардар адам мұндай сұрақ қоя қоймайды. Әйтсе де жұрттың бәрі бірдей ондағы үрдістерді қадағалап отырған жоқ. Мұндай сұрақты біз қоймасақ та, басқалар қоятыны сөзсіз. Ал жалпы қойылмай қалмайтын сұраққа жауаптың қалайда қайтарылғаны жөн.
ЕР ЖОЛЫ – ЕЛ ЖОЛЫБұл үшін тақырыптан сәл ауытқуға тура келіп тұр. Бүкіл өркениетті әлемнің салған жолымен жүрудің өзіне күдік-күмән келтіріп, сезік-секеммен сөйлейтін салтымыздан арылмай-ақ тұрмыз қазірше. Өткен жылы елімізде Тұңғыш Президент күні белгіленгенде тіпті зиялы қауым өкілдерінің арасында да «Бүкіл әлемде мұндай мереке жоқ» деушілер де табылды. Сөйтіп, демократияның даңқты дәстүрлерінің діңгегі делінетін Америка Құрама Штаттарының өзінде Президент күні баяғыда-ақ белгіленгенін, мемлекеттік мереке ретінде белгіленгенін, ал ол күнге елдің тұңғыш президенті Джордж Вашингтонның туған күні алынғанын білмейміз немесе біле тұра білмеген боламыз. Бұл үшін АҚШ-тың арғы-бергі тарихын жілікше шағу шарт емес, Юрий Носовтың «Президент. Замечательные страницы американского президентства от Джорджа Вашингтона до Барака Обамы» атты кітабын оқып шығу да, Вашингтон туралы тараудағы «Он родился 22 февраля 1732 года, ныне этот день является в США государственным праздником» (49-бет) деген жолдарға зер салып жату да шарт емес, Интернетті шұқып қалу, тиісті ақпаратты анықтай салу жетіп жатыр. Тұңғыш президентіне өзі салдырған астанасының атын берген Американы алға тартып, баршаға таныс жайды таратпай-ақ қояйық. Қала тұрмақ, астана тұрмақ, тұтас мемлекетке адам атын қойған елдер де баршылық. Боливия сол елдің азаттығы жолында жанын қиған Симон Боливардың құрметіне, Колумбия сол құрлықты ашқан Христофор Колумбтың құрметіне қойылған деген сияқты. Қала, мемлекетті былай қойғанда, тұтас материк – Америкаңыздың өзі атақты теңізші Америго Веспуччидің атымен аталған ғой.
Қай заманда да, қай қоғамда да тарихи тұлғалардың уақыт бедеріндегі ізі көп ретте көркем туындының кейіпкері күйінде кестеленіп қалатыны анық. Арғы-бергідегі даңқты ата-бабаларымызды бәрінен бұрын тарихи дастандардың арқауына айналуы арқылы танитын, қадір-қасиетін соған қарап та бағалайтын біздер, қазақтар, мұны тіпті жақсы білеміз. Өзгелер де солай. Француз драматургиясының атасы Пьер Корнельдің, неміс қаламгері Вернер Цахариастың трагедияларына, Герберттің дастанына бас кейіпкер етіп алынбағанда, исланд халқының «Эдда» атты батырлық жырына, VІ ғасырдағы «Хильдебрант туралы жырға», он мың шумақтан тұратын «Нибелунгтар туралы жырға» арқау етілмегенде, Джузеппе Вердидей ұлы композитор опера арнамағанда заманында кәрі құрлыққа кәрін төккен ғұндар көсемі Аттиланың атақ-даңқы дәл бүгінгідей бола қоймас еді десек, мұнымызға ешкім дау айта қоймас. Тағы бір мысал келтірейік. Василий Чапаев деген адам, тарихи шындық тұрғысынан, әскери өнер биігінен қарасақ, азамат соғысындағы көп командирдің бірі ғана болған. Стратегиялық жағынан да, тактикалық жағынан да ол басқарған отряд та, бригада да, тіпті №25 атқыштар дивизиясы да бүкіл соғыс тұрмақ, бір майдандағы жеңістің тағдырын да шешіп берген емес. Сол соғыстың шын қолбасшылары Фрунзе, Котовский, Блюхер, Пархоменко, Дыбенко, Федько, Егоровтар дәл Чапаевтай даңққа бөленіп, аты аңызға айналған жоқ. Әйтсе де, бәріміздің көңілімізде азамат соғысының бас батырындай, хас батырындай болып дәп Чапаев сақталып қалған сияқты. Неге? Негесі сол, киноклассикаға айналған атақты фильмде Чапаев бейнесі ұмытылмастай етіп жасалды. Юрий Тыняновтың «Уәзір Мұхтардың өлімі» романын оқып шыққан соң Максим Горькийдің Грибоедов туралы: «Тегінде, ол осындай болған шығар. Осындай болмаса – енді болады» дегені есте жүрер есті сөз.
Өнер шындығы өмір шындығынан да өміршең.
БАЙОПИК БАҒДАРЫ
Дүниеге келгеніне ғасырдан жаңа асқан кино өнерінде ғұмырбаяндық фильмдер дәстүрі қалыптасқалы да талай уақыт. Оның ішінде жалпы атақты адамдардың ғана емес, мемлекет басқарушы тұлғаның кинодағы бейнесін жасау да экранда бұрыннан бар, бар ғана емес, барған сайын көбейіп, кеңейіп келе жатқан үрдіс. Бұл жанрға бүгінде байопик (Bіopіc – ағылшынның – bіography – өмірбаян және pіcture – сурет сөздерінен құралған) деген жеке ат қойылып та қалды. Ресейлік айтқыш журналистер оған «экрандық ЖЗЛ» деген айдар тағып та үлгерді. Өзіміз көре алған ленталардың арасынан кешегі кеңестік кезең кинематографының көкжиегін кеңейткен М.Ромм, С.Юткевичтің киноклассикаға айналған ленинианасын сол кездегі идеологияның тапсырысы бойынша түсірілген деп бет бақтырмағанның өзінде (ал оларды бүкіл әлемнің кино сыншылары таза өнер өлшемдері тұрғысынан қарағанда да биік бағалайды), ұлы режиссерлер Роберто Росселинидің «Сократ», «Блез Паскаль», Ренато Кастелланидің «Леонардо да Винчидің өмірі», Бернардо Бертолуччидің бір өзі «Оскардың» тоғыз номинациясын жеңіп алған атақты «Соңғы император» фильмдерін ауызға алмағанда, Америка киносында ел президенттерінің өмірін арқау еткен «Жас мистер Линкольн», «Вильсон» сияқты фильмдерді еске түсірмегенде, күні кеше өзіміз бірінен кейін бірін қызыға көрген, «Оскарды» бірінен соң бірі алған «Король сөйлейді!» (Том Хупердің Ұлыбритания королі Георг VІ туралы фильмі), «Темір леди» (Филлида Ллойдтың ағылшынның атақты премьері Маргарет Тэтчер туралы фильмі) секілді танымал туындыларды айтпай тұра алмаймыз. Ал ең кейінгі кездегі мысалдар керек болса, кіші Джордж Буш туралы «W» («Буш»), Нельсон Мандела туралы «Мандела. Бостандыққа бастаған ұзақ жол», Ельцин туралы «Ельцин. Тамыздағы үш күн» сияқты көркем фильмдерді көлденең тартамыз. Путин өмірінен де көркем фильм түсіріліп үлгерді деуге болады. Прокатқа 2008 жылы шыққан «Сүйісу сәті баспасөзде көрсетілмесін» («Поцелуй не для прессы») фильмі туралы Википедия: «Фильмнің бас кейіпкері – бұрынғы стюардесса Татьяна (бұл рөлді Дарья Михайлова ойнайды), оның күйеуі (рөлде – Андрей Панин) ірі мемлекеттік шенеунік, кейіннен Ресей президенті болады» деп жазды. Фильм кейіпкерінің петербургтік екендігі, стюардессаға үйленгені (Путиннің әйелі әуелде стюардесса болған), Ресей-Германия достық қоғамында жұмыс істегені (Путин Германияда барлау қызметінде болған), губернатордың кеңесшісі қызметін атқарғаны (Путин Санкт-Петербург мэрі Анатолий Собчактың кеңесшісі болған) сияқты көптеген жайлар елдің басшысына ашықтан ашық мегзеп тұр. Ал өзгелер жасағанды бізге неге жасамасқа?
ЕР ЖОЛЫ – ЕЛ ЖОЛЫҚысқасы, мемлекет басқарушы тұлға туралы көркем фильм түсірілуі әлемдік кинематографтың ғұмырбаяндық ленталар дәстүріне сай екенін айтып жатудың өзі артық. Ал ол дәстүрдің негізгі белгілері қандай? Тарихи шынайылық. Кейіпкер өмірінің ең түйінді тұстарын тауып, түпкі мәнін аша алуы. Заманның, қоғамның, уақыттың әлеуметтік болмыс-бітімін дәл бейнелеуі. Ғұмырбаяндық фильмде кейіпкер дәуірмен, халықпен етене бірлікте бой көрсетуге тиіс. Мұндай шығарма әдетте кейіпкер өмірінің ауқымды мерзімін қамтиды, содан да ондағы уақыт кеңістігі кеңдеу келіп, шығарма композициясында үзіктілік кездеседі, бас кейіпкер мінезінің қалыптасуы, дамуы аясында драмалық қақтығыстар шоғыры орын алады. Мұның бәрі, былайша айтқанда, жанр заңы. Оны сақтамаған жағдайда фильм белгілі адамның белгілі өмірбаянының белгілі деректерін экран бетінде қайта баяндауға, кейіпкерге сол кезеңнің көзімен емес, бүгінгі күннің биігінен қарап, бағалауға, тұлға табиғатын уақыт өте келе орныққан пайымдама тұрғысынан танытуға ұрынбай қоймайды. Осы айтылған жайлардың өзі Елбасы туралы фильмге тапсырыс берген Мәдениет және ақпарат министрлігінің, оны қолға алған Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамының қандайлық тәуекелге барғанын айқын көрсетеді.
ТӘУЕКЕЛ ТАБЫСЫ
Бір жағынан, тәуекел дегеніміздің өзі де шарттылау. Өйткені, режиссер Рүстем Әбдірашев бұған дейін қазір «Елбасы жолы» деп аталып отырған шығарманың алғашқы тарауын – «Балалық шағымның аспаны» фильмін түсіріп, көп тәжірибе жинақтаған. Онда бала Сұлтанның қиялына қанат бітірген тамаша табиғат, қазақы тәрбиеге қанық суарылған өскен ортасы, аяулы ата-анасы, кішкентай күнгі достары, мына дүниені танып-білуге түрткі болған түрлі-түрлі оқиғалар поэтикалық бояумен бейнеленіп, Сұлтанмахмұт сөзімен айтқанда, «Алдымда толған мақсат, толған таңдау, Алайын анасын ба, мынасын ба» дегізетін бозбала күннің сырлы суреттері сәтімен салынған болатын. Екінші жағынан, тәуекелге барып отыр деуіміздің реті де келеді. Өйткені, Президенттің балалық шағын бейнелейтін шығармада өмірбаяндық деректер авторлық қиялды дәл мұндағыдай құрыстырып тұра алмаған еді. Жер жаннаты Жетісудың Үшқоңырдай көркем мекенінде өткен балалық шақтың керемет келбетін кестелеуде режиссерге де, операторға да, суретшіге де, актерлерге де кеңшілік көптеу екені күмәнсіз. Ал мұнда ше? Мұнда сол Үшқоңырдың жасыл түкті жайлауынан Теміртаудың жаңа салынып жатқан комбинатының қоймалжың балшығына бір-ақ түскен жас жігіттің алғашқы адымдары, Арқаның азынаған боранында брезент барак жанында жақ-жақ боп жағаласып, жаға жыртысып жатқан жастар, жер түбіндегі Украинаға жетісімен Днепродзержинскідегі металлургия алыбының арандай аузына топ ете қалған, бұрын ауылынан алыс шығып көрмеген бозбалалар, қайда барсаң да еститінің темірдің шыңылы мен пештің шуылы, қайда қарасаң да көретінің көкке сорайған мұржалар мен ыстан қарайған қабырғалар… Одан қалды – училище бөлмелері, жатақхана, комбинат цехтары, парткомдағы, қалкомдағы, обкомдағы кабинеттер… Мұның бәрі қоюшылар алдына бейнелік қатар байлығын арттыра қоймасы анық. Бір жақсысы, авторлар бұл қиындықты әдемі еңсере білген. Фильмде өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының ауаны қаз-қалпында бейнеленген, заман, қоғам, уақыт суреті дәлме-дәл берілген, лентаның алғашқы кадрларынан-ақ сол кезеңге көзіңізбен де, көңіліңізбен де көшіп алғаныңызды аңғармай да қаласыз. Бұл орайда фильм суретшілері Сәбит Құрманбеков пен Өмірзақ Шмановтың еңбегі ерекше атап өтуге лайықты.
ЕР ЖОЛЫ – ЕЛ ЖОЛЫО баста «Елбасы жолын» тұсаукесері өткізілгелі жатқан фильмнің аты деп ойлап, секем алып қалғанымыз рас. «Елбасы жолы» кітапқа, монографияға, мақалаға жақсы-ақ тақырып болғанымен, көркем туындыға, әсіресе, атының өзі көрерменді тартып тұруға тиісті фильмге онша үйлеспейтіндей көрінген. Сөйтсек, авторлар ол жағын да ескеріпті. Шығарманың бір тарауының аты – «Отты өзен», екінші тарауының аты «Темір тау» деп қойылыпты. Мұның жөні басқа. Ал «Елбасы жолы» атауы Президент өмірін кестелейтін кең тынысты, кезең-кезеңдік күрделі картинаға ортақ тақырып ретінде жарасады.
Мына жайдың басын ашып айту жөн: Елбасының өзін фильмнің басты кейіпкері ғана емес, оның сценарийлік негізін қалап беруші десе де, артығы жоқ. Олай дейтініміздің себебі бар. Шығарма сценарийі Президенттің «Әділеттің ақ жолы» кітабының негізінде, «Бейбітшілік кіндігі», «Еуразия жүрегінде» кітаптарын пайдалана отырып жазылған, онда Мемлекет басшысының әріптестерінің, достары мен серіктестерінің естеліктері қолданылған. Бұған өз тарапымыздан фильмде Елбасының өзге естеліктері де орын тапқанын қосып айта алар едік. Мысалы, бізге ауық-ауық беріп жүрген сұхбаттарының бірінде («Құрыштың құйылуы», «Егемен Қазақстан», 2012 жыл, 5 қараша) Президент Днепродзержинскідегі оқу кезінен мынандай қызықты жағдайды айтып еді: «Олардың арасында менің бірден көзге түскенімнің басты себебі, орысша еркін сөйлейтінім болған шығар. Біздегі жігіттердің көбі әуелде ойын орысша айқын айта да алмайтын. Көбі таза қазақ ауылдарынан шыққандар. Араларында соны өз мақсатына пайдалана қоятындары да болушы еді. «Мен пәнді білемін, бірақ жақсылап айтуға тілім жетпейді», дейді. Содан оқытушы мені шақырады. «Өз тілінде айта берсін, сен аударып отыр» дейді маған. Мен жаңағы жігітке айтамын: «Тоқтамай сөйлей бер, нені айтсаң соны айт, тек тоқтама, ара-арасында домнаның, пештің сөздерін араластырып қой, қалғанын өзім қатырамын», деймін. Анау қазақша әңгімені бастайды. Ауылдағы көрген-білгендерін бе, ата-анасын қалай сағынғанын ба айтып, әйтеуір ойына келгенін сөйлей жөнеледі. Басқа балалар күлкісін әрең тежеп отырады. Қойылған сұраққа дәл жауап беріп жатқандай, соны мен аударып ғана тұрғандай етіп сөйлеп кеп беремін. Мұғалім: «Дұрыс, біледі екенсің, жақсы біледі екенсің, бірақ орысшаны үйрен, үйренбесең болмайды, қашанғы жаныңда аудармашың жүреді» деген сияқты сөздерін айтып, жоғары бағасын қояды. Сөйтіп жүргенде, бір күні әшкереге түстік. Тоқтамай сөйлей бер не айтсаң да дегеннен кейін біздің балалардың біреуі: «Ой, кеше әбден қыдырдық қой. Кешке паркке де бардық, киноға да кірдік» деген сияқты беталды әңгімені оңды-солды жосылтпай ма? Мен болсам, «чугун мартеновский», «форсунка высокого давления», «нормализационный отжиг» деген сияқты сөздермен «аударып» жатырмын. Бір кезде мұғалім: «Подожди, подожди-ка» деді. «Слушай, что за парк, что за кино?..» дейді анаған. Ол не айтсын?… Осындай да қызықтар болып жататын. Балалықтан толық кете қоймаған, жігіттікке толық жете қоймаған бұла шағымыз еді ғой. Жастық шаққа жететін не бар дейсің бұл өмірде? Жастық шақ осындай әрпіл-тәрпілдігімен де қызық».
Фильмнен дәл осы эпизодты көріп қуанып қалдық. Сол сәтте осыдан екі жылдай бұрын Мұхтар Құл-Мұхаммедтің сөздің бір ретінде болашақ фильм туралы әңгіме болғанда Президенттің: «Егемен Қазақстандағы» сұхбаттарымыздан да сценарийге қосатын тұстар бар, ол жағын да қарарсыңдар» дегенін айтқаны еске түсті.
БӘРІ ДЕ РАС
«Отты өзен» Нұрсұлтан Назарбаевтың комсомолдық жолдамамен Теміртауға аттануымен басталып, жігіт Сұлтанның үлкен өмірдің буырқанған айдынына ескегімен қайық салған жалынды жастық шағын бейнелейді. Сценарий авторлары Шаһимардан Құсайынов пен Рүстем Әбдірашев тарихи шындықтан да, кейіпкер ақиқатынан да бір елі ауытқымайды. Екі серияның екеуінде де авторлар қиялынан қосылған, оқиғалық желіні ширата түсу үшін қолдан қиыстырылған бірде-бір эпизод жоқ. Днепродзержинскіге барар жолда Теміртаудан аттанған түлектердің арасынан бұрынғы ұры, дүлей күштің иесі біреудің чемоданын жымқырып кеткені де, ұрлығын бетіне басқан Сұлтанмен көпке дейін өштесумен өткені де рас; алғашқы өндірістік практика кезінде балаң жігіттердің біреуі жүйкесі жұқарып, тәжірибесіздіктен зиянды газды көп жұтып қойып құлап түскені де, сол-ақ екен зауытта қазақтардың әлжуаздығы туралы жел сөз гулей жөнелгені де рас; оған намыстанған қазақ жігіттерінің училищедегі еркін күрес секциясына жазылып, ауылда талай күресіп шыңдалған Сұлтанның салған беттен қарсыласын алып ұрғаны да рас; шаршы кілемде белдескен сол жарқын жігітпен достасып алғаны, кейіннен тіпті оның қарындасын жақсы көріп қалғаны да рас; сол тұста Днепродзержинскіге ол кездегі жас әнші Бибігүл Төлегенованың гастрольмен бара қалғаны да, концертке қала тұрғындарына билеттерді училищедегі қазақ жігіттерінің таратқаны да рас; қала қыдырып, кешіккен Нұрсұлтанды достары жатақхананың екінші қабатына ақжайма жалғап көтеріп алғаны да рас; училищедегі қазақ жастарының жаппай төбелеске қатысып, оқудан шығып кету қаупінен зорға құтылғандары да рас; комбинаттағы алғашқы айлықты «жуу» үшін ортаға ақша жиналғаны да, ол оқиғаның «лайықты атап өтілгені» де рас; Теміртаудағы ең мақтаулы металлургтардың бірі атанып жүрген Нұрсұлтанды қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына жоғарылатпақ болғанда өзі қалаған, жүрек жалынын арнаған мамандығынан айырылмайтынын айтып, талайдың қолы жетпейтін қызметтен бас тартқаны, сол үшін қалалық партия комитетінің тарапынан жазалануға шақ қалғаны да рас; Нұрсұлтанның Хельсинкиде өткен Жастар мен студенттердің бүкіл дүниежүзілік фестиваліне Қазақстан атынан қатысқаны да, Америка студенттерімен кездесуде бір қыздың оның келісті келбетіне, құйып қойғандай киім киісіне қарап, «Әлдебір лауазымды коммунистің ұлы шығарсың?» деп, металлург екеніне күмән келтіріп, сұрақтың астына алғаны да, құрыш құюшының қолындағы мүйіздей қатып қалған сарғыш бедерлерді көргеннен кейін барып қана райынан қайтып, сол саусақтарды таңдана сипағаны да рас; Нұрсұлтан Әбішұлы мен Сара Алпысқызының металлургия зауытындағы бір авариядан кейінгі қиын сәтте табысқаны да, Нұрсұлтанның Сараның жүрегін жаулау үшін комбинаттағы хорға жазылғаны да рас… Бәрі де рас. Олардың бәрі Назарбаевтың кітаптарында, ғұмырбаяндық сұхбаттарында, Елбасының достарының естеліктерінде фильм сценарийі жазылардан анағұрлым бұрын жарияланған. Мысалы, қазақ жігіттерінің оқудан шығып кете жаздаған жағдайы Мақсұт Нәрікбаевтың ағылшын зерттеушісі Джонатан Айткенге әңгімелеп беруі бойынша «Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстанның қарышты дамуы» кітабында, ал хорға жазылу хикаясы Президенттің Днепродзержинскіде бірге оқыған, Теміртауда бірге жұмыс істеген жақын досы Қабидолла Сәрекеновтің біздің газетте 2011 жылғы 12 ақпанда шыққан «Ерге қызмет – елге қызмет» атты мақаласында баяндалған.
ШЕБЕРЛІКТІҢ ШЫҢЫ – ШЫНДЫҚ
Асанәлі Әшімовпен әңгімелескенімізде (2013 жыл, 30 қазан) атақты актер осылай айтып еді. «Отты өзен», «Темір тау» фильмдерінің тамаша табысының басты сыры – шыншылдығында. Онда бейнеленген жайлардың шынайылығында. Президентпен бір сұхбатта: «Нұр Отан» партиясының съезінде сіз «Балалық шағымның аспаны» фильмінде жас күніңізді бейнелеген актерге қарап: «Сендер біздің өмірімізде бәрі тақтайдай тегіс, дұп-дұрыс болғандай көресіңдер ғой. Бізде де адамға тән нәрсенің бәрі болған…», деп едіңіз. Сонда нені мегзедіңіз?» деген сұрақ қойғанымызда Елбасы: «Адам, әсіресе жас шақта, еркін болуы керек. Бәрін көруі керек. Жақсыны да, жаманды да, озықты да, тозықты да қарап, өзі ой қорытуы керек. Ойыңдағыны орындау үшін кейде тәртіп бұзуға тура келуі де мүмкін. Мен өзімді, әсіресе жас күнімде, сондай бір ешқандай тентектігі жоқ, сонша әдепті, үлгілі болдым демеймін. Әрине, басбұзарлығым болған жоқ. Ата-ананың адал бол, темекі, арақтан аулақ жүр дегендей ақыл-өсиеті де бар. Мектепте де, кейін де үздік оқығанмын. Соған қарап мені барлық жағынан түп-түгел, теп-тегіс дейтін болар. Мен талайды көрген адаммын. Өмір мені әртүрлі жағдайда сынға салып байқаған. Оның қилы сәттерін кейін саған тағы айта да жатармын. Қазірге сол жастық күндерімнен ғана әңгімелейін. Мысалы, Днепродзержинскіде оқып жүргенімізде жатақханадан кешкі сағат тоғыздан кейін шығармайтын. Солай екен деп қыдырмай қоймайсың ғой? Қабидолла досым да қыдырып кететін. Түннің бір уағында келеді де, терезенің түбінен ысқырады. Жатақханадағы жаймаларды бір-біріне жалғап жіберіп, екінші қабатқа тартып шығарамын. Кейде ол мені тартып шығарады… Өмірде бәрі болады. Бар мәселе солардың бәрін там-тұмдап болса да көріп, тағылым алып, дұрыс қорытынды жасай білуде», деп жауап қайтарған еді («Теміртау – алтын бесік», «Егемен Қазақстан», 2012 жыл, 12 наурыз).
Тағы бір атап айтар жай: Назарбаев кітаптарында кестеленген өмір суреттерінің қолмен қойғандай нақтылығы фильмнің бейнелілігіне де көп көмектескендігі. «Кең сахара төсінде өскен баланың металлургия зауытына туа бітті бірінші рет келуін көз алдыңызға елестетіңізші. Айнала төңірек тарсылдап-гүрсілдеп жатқан бір нәрсе, жарқ-жұрқ еткен ұшқындар жаңбырдай шашырайды және осының бәрі де сенің үстіңе қарай ұшып, құлап келе жатқандай. Балқыған шойын арықтағы суша ағады – жақындап баруға шошисың» – әрине, мұндай жолдарды осының бәрін көзімен көріп, өзегінен өткерген адам ғана жаза алады. Рүстем Әбдірашевтің фильмінде қазақ жігіттерінің Днепродзержинск зауытына алғаш кіріп барған сәті дәл осылайша түсірілген. Жалпы, нені түсіретініңнің, нендей сөз айтқызатыныңның аясы алдын ала айқындалып, шабытың шеңберленіп тұрған осындай қиын фильмде, қия бассаң-ақ Елбасы өмірін бұрмалағандай болып шығатын фильмде, мақаланың бас жағында айтқанымыздай, оқиғаларының дені қалада, училищеде, зауытта, комбинатта, кабинеттерде өтетін фильмде Рүстемнің экранда мұншалықты поэтикалық суреттер сала алғаны соншалықты сүйсінтеді. Шіркін, қанша дегенмен ақынның ұлының жөні бөлек қой деп те ойлайсың осындайда. Рүстем – тұлпар таланттарымыздың бірі Жарасқан Әбдірашевтің баласы. Үшқоңыр жайлауындағы атқылаған бұлақ бала жігіттің қиялымен тау шатқалын қуалаған өзенге айналатын, кейін ол өзеннің отты лава арнасына ұласып кете баратын сәті қандай ғажап, Нұрсұлтанның трамвайдан көріп қалған сұлу қыздың соңынан жанталаса жүгіріп, көліктің артқы жағына жабыса кететін жері қандай әсерлі десеңізші! Шамалғандағы алма бағы, Нұрсұлтан мен Сараның атпен жарыса шабатын тау бөктері де сәтті суреттер.
Фильмдегі Сұлтан бозбала күнінен-ақ бәрін біліп, бәрін сезіп, бәрін шешіп тұрған кейіпкер емес. Нұрлан Әлімжанов негізгі назарын Сұлтанның әуелден тұтас құйылған мінез бітімін сомдауға салып, өте дұрыс жасаған. Лентадағы Сұлтан бейнесі бір эпизодтан бір эпизодқа көшкен сайын көзге көрінер-көрінбестей болып, эволюциялық сипатта өсіп отырады. Тау баурайындағы таза табиғат аясынан, адамдарының көңілі фильм басталарда әкесі Әбіш (Нұржұман Ықтымбаев) екеуі қолдасып жүріп көзін ашқан бұлақтай тұп-тұнық тұрған ауылдан жаңа аттанған жас жігіттің Теміртаудағы тосын тіршілікке тосырқай қарауы, ә дегенге мә дей кетпей, ананы да, мынаны да салқын сабырға салуы сүйсінтеді.
Елбасы туралы бұл фильмдер болмысты боямаламайтындығымен, кейіпкерді қолдан жылтыратып, жақсартып, жетілдіріп жатпайтынымен, өзі өмір сүрген ортаның аясында, сол қоғамның ауанында, барынша табиғи түрде көрсететіндігімен қымбат. Нұрсұлтан рөлі – Нұрлан Әлімжановтың актер ретіндегі тамаша табысы. Нұрлан «Балалық шағымның аспанында» дәл бұлайша ашыла алған жоқ еді. Екі сериялы фильмнің бірде-бір жерінде жасандылыққа, жаттандылыққа жанамай, жоламай өту Нұрландай жас актер тұрмақ, кәнігі өнер тарландарының да қолынан келе беруі қиын. Ол бейнелеген Нұрсұлтанның әр сөзіне, әр ісіне сенесің. Намыстылығына айызың қанады. Табандылығына тәнті боласың. Сезімінің сұлулығына сүйсінесің. Досқа адалдығына көңілің толады. Қазақы қалпына қуанасың.
БҮГІНГІ БИЛІКТІҢ БАСТАУЫ
«Әділеттің ақ жолы» кітабында, басқа да еңбектерде баяндалған талай жайлардың лентада дәл сол күйінде бейнеленгенінің өзі Нұрсұлтан Назарбаев өмірінің жас күнінен-ақ ұдайы өсуге, өрлеуге, шынығуға, шыңдалуға, таласқа, тартысқа, тіреске, күреске, кернеуі күшті драмаға толы болғанын көрсетіп тұр. Қасым-Жомарт Тоқаев Назарбаев феномені Азия мен Еуропа мәдениеттерінің тоғысқан тұсында, Шығыс даналығы мен Батыс прагматизмінің қиылысында, тоталитаризм мен демократияның от пен судай шарпысуында, жоспар мен нарықтың беттескен жерінде дүниеге келген құбылыс деп тамыршыдай тап басып айтқан еді.
«Елбасы жолы» киноэпопеясы – Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемге әйгілі тұлғаға айналған бүгінгі биігі бала күннен, жастық, жігіттік дәуренінен басталған өнегелі өмір жолының заңды жемісі, жарасымды жалғасы екенін, елін сүйген ердің жолы елдің жолына ұласатынын көркемдікпен кестелейтін талантты туынды.
Бүкіл фильмнің өн бойында көрермен көкірегін мақтаныш сезімі кернейді де тұрады. Осындайлық кең-байтақ жер үшін мақтанасың. Дарқан көңілді, намысшыл, мейірбан ел үшін мақтанасың. Сол қара жерден қуат алып, сол дара елден тәрбие алып, сара саясаткер болып шыққан ер үшін мақтанасың. Өмірінің бастапқы белестерінде-ақ сан сынаққа салынған, жалынға жанын қақтай жүріп, өзі де құрыштай құйылған азамат үшін, өзіңнің қандасың, өзіңнің отандасың, өзіңнің Елбасың үшін мақтанасың. Ұлттық мақтаныш сезімін оята алған шығарма – шабыттан туған шоқтықты шығарма.
Мақала соңында бұрын бір айтқан «Басшысына тақ тұратын ел – басына бақ тұратын ел» деген сөзімізді қайталағымыз келеді. Ел бағына туған Елбасымыз туралы осындай фильм жасау арқылы біз өнеріміздің өскенін, жалпы мемлекет мәдениетінің мығымданғанын ғана емес, бәрінен бұрын өзіміздің жұрт, ел, халық, ұлт ретінде кемелдік кезеңіне аяқ басқанымызды да келісті көрсетіп отырмыз. Мына дүниеде елдің елдігін білдіретін белгілердің бірі – ардақты азаматын аялай алуы, қастерлі тұлғасын қасиет тұтуы.
Таяу қалған Тәуелсіздік тойының қарсаңында тынған тағы бірі ірі де игі ісіміз – елдігімізді еңселендірер ерен еңбек құтты болсын, ардақты ағайын.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ.
«Егемен Қазақстан», 4 желтоқсан, 2013 жыл.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз