ЕРДІ ҰЛЫҚТАҒАН ЕЛ АЗБАЙДЫ

95

0

ЕРДІ ҰЛЫҚТАҒАН ЕЛ АЗБАЙДЫКеше Қызылорда қаласындағы №6 мектепте көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мұхамедғали Сужиковтың ескерткіш бюсті ашылды. Сал-танатты рәсімге облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, сөз сөйледі.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Өткеннің өнегесі – бүгінгінің баға жетпес байлығы» деген ұлағатты сөзі бар. Бүгін осы сөзді еске салудың реті келіп тұр. Қазақ елінің тағылымды тарихынан ұлт аманатын, заман жүгін арқалаған талай тұлғалар өтті. ХХ ғасырдың басы қазақ тарихында елеулі кезең болғандығы белгілі. Ол қазақ халқының ойы озық, көкірегі зерделі көрнекті өкілдері ел тағдырына, өткені мен болашағына ой тербеген кезең болды. Ел ертеңі үшін аянбаған, парасат-пайымымен ортасына сыйлы болған, сөзі өтімді, шешуші кезеңде шегіншектемей, алға ұмтылатын батыл мінезді талай нарқасқа азаматтарға Сыр бойы да кенде болмады. Біз сол азаматтарымызды ардақтап, елге жасаған адал қызметтерін жас ұрпақ бойына сіңіру мақсатында көптеген іс-шараларға ұйытқы болып келеміз, – деген аймақ басшысы қайраткердің өмір жолына тоқталды.
Мұхамедғали Әленұлы 1910 жылы қазіргі Астрахань облысы Володар (Марфа) ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын мұғалімдіктен бастап, қазақ жұмысшылар факультетінің директоры қызметіне дейін көтеріледі. Қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласып, 28 жасында аудандық партия конференциясында аудандық комитеттің және оның бюросының мүшесі болып сайланған. Сонан соң, Сталинград облысы Володар аудандық атқару комитетінің төрағасы болып тағайындалады. 1948 жылы Қазақстанға жолдама алып, Ақтөбе облыстық партия комитетінің кадр жөніндегі хатшысы болып сайланады. Арада көп уақыт өтпей, облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына бекіп, 1951 жылдың соңына қарай Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы қызметін атқарды. Сол жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесі 1954 жылғы 27 желтоқсанда облыстың барлық мәселесін түгел қамтитын  «Қызылорда облысына көмек шаралары, ауыл шаруашылығын, өндірісті және еңбекшілерге мәдени-тұрмыстық қызмет көрсетуді жақсарту туралы» қаулы қабылдайды. Сондай-ақ, ол денсаулық сақтау  мәселесіне баса көңіл бөліп, халықтың жаппай медициналық тексеруден өтуіне жағдай жасады. Тіпті, денсаулық саласының қызметкерлеріне 1000 шаршы метр тұрғын үй және 24 жеңіл автомашина беріліп, қызметкерлердің айлығына арнаулы коэффициент қосылады. Ауруханалар мен мектептер салынып, мәдени ошақтар  бой көтереді. Оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайтады. Жоғары білімді азаматтар саны артады. Елді мекендер жарықпен қамтылады.
Оның осынау еңселі еңбектері жоғары бағаланып, «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Еңбек Қызыл Ту», екі рет «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталған. 
– «Ұлылардың ұлағатын ұмытпау – ел боламыз деген халықтың тарих алдындағы парызы» деген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұлағатты сөзін еске ала отырып, бүгінгі  шара иесі – Мұхамедғали Әленұлы Сужиковке арналған жақсы сөз  халқының берген бағасы деп білеміз. «Есімі ел жүрегінде сақталған ер ғана бақытты» –  дейді. Саналы ғұмырын халықтың әл-ауқатын жақсартуға арнап, Сыр өңірінің өркендеуіне, дамуына қайталанбас қолтаңбасын қалдырған Мұхамедғали Әленұлы Сужиковтің нар тұлғасы заман өткен сайын биіктей бермек, – деді аймақ басшысы қорытынды сөзінде.
Ерін ұлықтаған ел азбайды. Халқына қорған болған атпал азаматтарды бүгінгі ұрпақ жүрегінде мәңгі сақтап, кейінгіге өнеге етері сөзсіз. Бюст ашу рәсімінде еңбек ардагері Абдулла Дәулет сөз алып, өз батасын берді. Сонымен қатар, қайраткердің немересі Алмира Үмбетқызы жұртшылыққа, облыс басшылығына өз ризашылығын жеткізді. Айта кетейік, №6 мектепке Мұхамедғали Сужиковтің есімі өткен жылы берілген болатын. 
Нағымжан САУЯЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз