ЕРЕКШЕ ЕРЛІК ИЕСІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

52

0

ЕРЕКШЕ ЕРЛІК ИЕСІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІКеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Халық Қаһар­маны,
«Fokker-100» әуе кемесінің командирі Дмит­­рий Родин мен «Bek Air» компаниясы
директор­лар кеңесінің төрағасы Нұрлан Жұмасұлтановты қабылдады.

– Бүгінде елімізде Родин Дмитрий Николаевич туралы білмейтін
адам жоқ десем қателеспеймін. Өздеріңіз білесіздер, үстіміздегі жылдың 27
наурызында бортында 116 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі бар «Bek Air» компаниясының
Қызылордадан Астанаға ұшып шыққан әуе кемесінің қонар сәтте алдыңғы шассиі
ашылмай қалды. Апатты жағдайда командир мен экипаж мүшелерінің жоғары шеберлігі
арқасында ұшақ Астана әуежайына аман-есен қонды. Қызметтік борышын атқару
үстінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Елбасы Н.Назарбаев Д.Родинді
еліміздің ең жоғары наградасы – «Халық Қаһарманы» атағымен марапаттады.
Құрметті Дмитрий Олегович, сіз тәуелсіз еліміздің тарихында осындай жоғары
атаққа ие болып отырған бірінші пилотсыз. Сіз, әрине, өзіңізді батыр
санамайтыңызды, тек қызметтік борышыңызды атқарғанызды айтқан болатынсыз. Әйтсе
де, командир мен экипаж мүшелерінің шеберлігі мен үйлесімді қызметінің
арқасында 121 адамның өмірі сақталып қалды. Сол рейсте болған қызылордалық бір
отбасы мүшелері үйінде Елбасының өзіңізді марапаттап жатқан суретін іліп
қойған. Олар бірінші Алла, одан кейін Сіздің арқаңызда аман қалдық деп
есептейді. Бұл кісілер және барлық жолаушылар сол күнді екінші туған күні
санайды және аман қалғаны үшін Сіздерге деген алғысы шексіз. Біз өздеріңізді
мақтан тұтамыз. Кезінде Ю.Гагарин ғарышқа ұшқанда көптеген балалар ғарышкер болуды
армандады. Ал енді осы оқиғадан кейін көптеген жастарымыз ұшқыш болуға
талпынуда. Осылайша, жастарға өнеге болудасыз, – деген аймақ басшысы Сыр елінің
бай тарихына шолу жасап өтіп, сонымен бірге, облыстың қарқынды экономикалық
даму жағдайынан хабардар етті. Мұнан кейін облыс әкімі мәртебелі мейманға
Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға қосқан үлесі үшін ­Елбасы, Қазақстан
Халқы Ассамблеясының төрағасы Н.НазарбаевтыңАлғыс хатын табыс етіп, Түркі әлемінің абызы, Қорқыт баба бейнеленген
суретті сыйға тартты.

Ал 27 наурыздағы рейс жолаушысы болған Қызылорда облысы
қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, генерал-майор Әлімжан
Ерниязов өз сөзінде сол күні жолаушылар да барынша ұстамдылық таныта білгенін
атап өтті. Оған командирдің жағдайды байыппен хабарлағаны да әсер етті деуге
болады. Департамент бастығы ұшақ апатты жағдайда қонып, жолаушылар түгелдей
сыртқа шыққаннан кейін барлығы да бірауыздан командирді наградаға ұсыну туралы
ұсыныс жасау керек деп шешкенін жеткізді. Және сол жерде петицияға қолдарын
қойған. Генерал-майор барлық жолаушылар атынан тағы да алғысын білдірді.

Өз кезегінде Д.Родин көрсетіліп жатқан құрмет үшін
ризашылығын жеткізді. Ол өзінің жұмысын жоғары бағалаған Елбасына рахметін
арнады. Алғашқы болып құттықтағаны үшін Қырымбек Елеуұлына да риза екенін
айтып, компания атынан ұшақ моделін кәдесый ретінде тарту етті. Ал
Н.Жұмасұлтанов компания атынан облыс басшысына алғысын жеткізді.

Кездесуді қорытындылаған аймақ басшысы марапатталу сәтінде
Родиннің Елбасына «Мен 116 адам өмірі үшін жауапты болсам, Сіз Қазақстан деген
лайнерді басқарып келесіз, артыңызда 18 миллион адам бар» деп айтқан сөзін еске
түсірді.

– Өмірде барлық уақытта бәрі тақтайдай тегіс бола бермейді.
Әртүрлі тосын оқиғалар орын алып қалады. Кешегі Ақтөбедегідей жағдайда
ұлтымызға, діни сенімізге қарамай, бәріміз де Мемлекет басшысы жанына топтасып,
қиындықтарға қарсы тұра білуіміз керек,–деді облыс әкімі.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз