ЕРЛІК – ЕЛГЕ МұРА, ҰРПАҚҚА ҰРАН

164

0

ЕРЛІК – ЕЛГЕ МұРА, ҰРПАҚҚА ҰРАНОтан үшін от кешкен отты жылдар естелігі мәңгі өшпек
емес. 9 мамыр күні Ұлы Жеңістің 70-ші көктемін қарсы алуға сырбойылық
тұрғындар «Тағзым» алаңына көптеп жиналды. Онда Жеңістің 70 жылдығына арналған «Ұлы
Жеңіс – ұрпаққа аманат» атты митинг өтті. Шараға ҰОС және тыл ардагерлері
бастаған Сыр жұртшылығы қатысты.

Митинг облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың облыс халқы атынан
Отан үшін қаза тапқан жауынгерлер рухына арнаған ескерткішке гүл шоқтарын
қоюымен басталды. Мұнан соң дәстүрге сай майданнан оралмаған боздақтарды бір
минут үнсіздікпен еске алу рәсімі өтті. Осыдан кейін аймақ басшысы соғыс және
тыл ардагерлері мен жиналған қауымды Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесімен
құттықтады.

– Бүгін қасиетті де қастерлі мереке – Ұлы Жеңіс күні. Аға
ұрпақтың Ұлы ерлігін мәңгілікке есте сақтауға арналған ең қастерлі де мәртебелі
мереке күн. Бұл – аға буын өкілдерінің адамзаттың бейбіт өмір сүруі жолындағы
жанқиярлық ерлігі мен еселі еңбегінің жемісі. Елбасымыз атап өткеніндей, біз
әлемді фашизмнен азат ету үшін соғысқан батыр бабаларымыздың алдында мәңгі
қарыздармыз, – деген облыс басшысы екінші дүниежүзілік соғысқа Сыр өңірінен 70
мың сарбаз аттанса, соның тең жартысы елге оралмағанын жеткізді. Бүгінде
облыста көзі тірі 89 майдангеріміз бар.

– Биыл Жеңістің жетпісінші көктеміне аяқ бастық. Сіздердің
ерліктеріңіз бен еңбектеріңіз бүгінгі бейбіт өмірдің темірқазығы. Соғыс
даласына қажетті азық-түлік жеткізу жолында тылда да қаншама адам тынымсыз
еңбек етті. Мұның барлығын келер ұрпақ ешқашан естен шығармайды. Баршаңызды Ұлы
Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! – деді Қырымбек Елеуұлы ардагерлерге
арнаған сөзінде. Облыс басшысы ешкім де, ешқашан да ұмытылмайтынын атап өтіп, олардың ерліктері алтын әріппен
жазылатынын атап өтті.

Мұнан соң алаңнан жасампаз жасақ шеруі өтті. Бұл – жоба биыл
қатарынан үшінші жыл жүзеге асып отырған мән-мағынасы мол, тағылымы толайым
шара. Жылдағы дәстүрмен биыл да жасампаз жасақ шеруі Орталық алаңнан бастау
алып, Желтоқсан, А.Тоқмағамбетов, Қазыбек би, Қонаев көшелері бойымен «Тағзым»
алаңына дейін жүріп өтті. Азаматтық еріктілерден құралған шеру сапында Ұлы Отан
соғысында шейіт болған, елге оралып қайтыс болған, Семей-Невада, Чернобыль
апаты, Ауған соғысы ардагерлеріміздің ұрпақтары, Батыр аналар, жастар бар. Бұл
бүгінгі ұрпақ зұлмат соғыста кеудесін оқ пен отқа тосқан жауынгер бабаларын
ұмытпайтындығының бір көрінісі. Айта
кету керек, «Қызылорда қоғамдық телеарнасының» бастамасымен қолға алынған жоба
қазір Қазақстанның барлық облыстарында қолға алынып, жалғасын табуда.

Салтанатты шара Ұлы Жеңіс күні мерекесіне арналған әскери
шерумен жалғасты. Сымдай тартылған саптың алғашқы қадамын ел шекарасын күзетуші
сарбаздар бастап шықты. Әскери шеруге сондай-ақ Қорғаныс істері, Төтенше
жағдайлар, Ішкі істер департаменттерінің жеке құрамы, Кеденшілер, Қорқыт ата
атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті әскери кафедрасының курсанттары
қатысты.

Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған мерекелік шарада қаладан,
аудандардан арнайы шақырылған қонақтар да «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қойды.
Әрі қарай, қонақтар мен соғыс және еңбек ардагерлеріне арнайы дайындалған
әскери шатырлардағы солдат ботқасынан дәм татты. Мерекелік шара жергілікті өнерпаздардың
концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.

Кешкілік Орталық алаңда Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған
концертте қазақстандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетті. Түн ортасына таман
Қызылорда аспанын отшашулар көмкерді.

Мерекелiк шаралар облыстың барлық аудандарында көрініс тауып,
сұрапыл жылдарда ел тыныштығы үшін күш жұмсаған қарт майдангерлерге үлкен
қошемет көрсетілді. Жеңіске арналған шерулер өткізіліп, мәңгілік алауға гүл
шоқтары қойылды.

 

Ыдырыс
ТӘЖІҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз