ЕРТЕҢІ ӨРІСТІ ӨНДІРІС

52

0

ЕРТЕҢІ ӨРІСТІ ӨНДІРІСӨткен аптаның сенбісінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен «Самұрық-Қазына»
ҰӘҚ АҚ Басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев іссапармен Жаңақорған ауданындағы «Шалқия»
кенішінде болды.

Еліміздегі ірі өндіріс орны саналатын «Шалқия» кенішінде жерасты
байлығы – қорғасын мен мырыштың мол қоры бар. Бірақ кеніш өз жұмысын уақытша тоқтатып,
консервацияға қойылғалы да біршама жылдар өтті. Осыған орай аймақ басшысының өндіріс
орнын қайта қатарға қосу мақсатында «Самұрық-Қазына»
ҰӘҚ-мен келіссөз жасап, оны заманауи технологиямен жабдықтау бағытында біраз іске
бастамашы болғандығы белгілі.

Нақты кезеңде «Шалқия» кенішінде 426 адам еңбек етеді. Олардың
біршамасы жер астындағы құрал-жабдықтарды қалыпты сақтау мен жұмыс орнында ауа мен
судың ластануына жол бермеу, күзет жұмыстарын қамтамасыз етеді. Сонымен бірге өнім өндіретін құрал-жабдықтарды жаңа технологияға
біртіндеп алмастыру шараларын жүзеге асыру көзделуде. Бұрын жерас­ты жолдарын салу,
өнімді қазу мен тасымалдау жұмыстары негізінен дизельді техникалармен атқарылып
келген-ді. Бұл жерасты ауасының ластануына көбірек соқтырады. Осыған сай оны тазалап
тұру әрекеті де шығынды жұмыс. Сондықтан жерасты техникалары мен құрал-жабдықтарды
электр қуаты арқылы атқарылатын техникаларға аудару мәселесі қазіргі күн тәртібінде
тұр. Нақты кезеңде руда мен тасымал көліктерін
біртіндеп осы тиімді тәсілге ыңғайлау әрекеттері жүргізілуде. Мәртебелі меймандар
осы техникалардың алғашқы әкелінген легімен танысты.

«Шалқия-Цинк» АҚ-ның басқарма төрағасы Болат Рамазанов кеніштегі
қазіргі жағдай және алдағы атқарылатын шаруалар жөнінде хабарлама жасады. Мұнда
қорғасын мен мырыштың мол қоры бар. Оны тиімді игеріп, мемлекет мүддесіне жұмсау
басты парыз. Алдын ала есептеулерге қарағанда мұндағы жалпы қор 127 млн тонна шамасында.
Оның басымы мырыш болса, қорғасын көлемі де аз емес. Қазылып алынған руда бұрындары
Кентау қаласына тасымалданып, өңделіп келген-ді. Бұл өз кезегінде көп шығынды қажет
ететіндігі дәлелденді. Сондықтан шикізатты өңдеуді кеніш маңында жаңадан соғылатын
фабрикада атқару қолайлы болмақ. Басқарма төрағасының айтуынша, «Шалқия» кенішінде
күрделі жөндеу жұмыстары жүзеге асырылуда. Нақты уақытта 300 орындық әкімшілік-тұрмыстық
ғимарат, 100 және 160 орындық жұмысшылар жатақханасының күрделі жөндеу жұмыстары
толықтай аяқталды.

2017 жылы кен-байыту фабрикасы мен газтурбиналық электр станциясының
құрылысы басталатын болады. Мұның соңғысы осында өндірілген өнімнің өзіндік құнын
мейлінше төмендетуге игі әсерін тигізеді дейді мамандар. Кенішті қайта жаңғырту
мақсатында осы кезге дейін 5,8 млрд теңге инвестициялық қаржы игерілсе, биылғы жылы
12,8 млрд теңгені игеру көзделіп отыр.

Өндіріс орны басындағы кеңесте «Таукен-Самұрық» АҚ басқарма төрағасы
Мәжит Тұрмағамбетов жалпы жобаны жүзеге асыруға қажетті 500 млн АҚШ долларының
350 миллионын Евроазиялық банк арқылы қаржыландыруға жұмыс жүргізіліп жат­қандығын
мәлімдеді. Ал қалған қаржы акционерлік қоғамның
өз есебінен болады. Қажетті мамандарды даярлау жұмыстары да негізгі мәселенің бірі.
Оларды іріктеу мен қайта даярлау, оқыту жүйелі жүргізілетін болады. Бұл ретте жергілікті
тұрғындарға басымдық берілетіндігі де айтылды.

Облыс әкімі алдын ала талқыланып, көтерілген мәселелер жөнінде
де ескертіп өтті. Мәселен, «Жаңақорған-Шалқия» автожолын жөндеуге республикалық
бюджеттен қаржы тарту мәселесі күн тәртібінде
тұр. Сондай-ақ, аудан орталығынан «Шалқия» кен орнына дейін талшықты байланыс желісін
тарту жобасына сай ізденістер жасалуда. Бұл жобаның құны 30,0 млн теңгені құрайды.
Қараусыз қалған көпқабатты үйлердің иелерін анықтау, апатты үйлерге қатысты шаралар
тұрғысында Жаңқорған ауданының әкімі Р.Рүстемов жан-жақты баяндады. Шалқияға берілетін
газ туралы және «Шалқия-цинк» АҚ-ның жер теліміне қатысты мәселелер сөз етілді.

«Шалқия» полиметалдық кен орнын өнеркәсіптік байыту арқылы алғашқы
кезекте жылына 2 млн тонна өнім өндіру көзделсе, оның екінші кезегінде 2020 жылға
қарай өнім көлемін 4 млн тоннаға жеткізу
жобасының жүзеге асырылатындығы тиянақталды.
Сол кезде мұнда 1540 адам еңбек ететін болады.

 

Нұрмахан
ЕЛТАЙ.

Жаңақорған ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз